Тамыздың соңына дейін ОҚО-дағы барлық мектеп оқулықпен 100% қамтылуы тиіс

/uploads/thumbnail/20170708192200873_small.jpg

Кешегі оқу жылында еліміздің бірқатар аймағында оқулық мәселесі үлкен проблемаға айналған болатын. Білім және ғылым министрлігі барлық облыстағы мектептерде кітап мәселесі шешілген, оқушылар түгел онымен қамтылған деп мәлімдегенімен, іске келгенде олай болмай шыққаны есімізде. Оқулық жетіспеушілігі әсіресе Оңтүстік Қазақстан облысында қатты сезілді. Бұл проблеманы шешіп, мектеп шәкірттерін тиісті кітаптармен қамтамасыз ету үшін ОҚО әкімдігі биыл қосымша қаражат бөлгендігін мәлімдеп отыр. 

Кеше ҚР БҒМ білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Саят Нүсіпов Шымкентте болып, өңірдің жаңа оқу жылына дайындығымен танысып қайтты. Жергілікті билік өкілдерімен болған жиында тығырықтан шығу жолдары талқыланды.

Аталған жиында баяндама жасаған облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Альбина Елшиева ОҚО-да оқушылар санының жыл сайын артып келе жатқанын тоқталып, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға жергілікті бюджеттен 1 млрд 326 млн теңге бөлінгенін айтты.

Қосымша 1 млрд 410 млн теңгенің қажет екені анықталып, оның 925 млн теңгесі облыстық қазынадан бөлінсе, қалған 484 млн 898 мың теңге аудан, қалалардың бюджеті есебінен шешіледі. Сондай-ақ, оқулық әзірлейтін 12 баспамен 104 келісімшарттың түзілгені хабарланып, дайын өнімді тасымалдауда кездесетін мәселелерге назар аударылды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Е.Айтаханов оқулықтар мәселесінің 20 тамызға дейін шешіліп, барлық білім мекемелеріне тасымалдап беру жөнінде жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді. Мәжілістен кейін аудандар мен қалалардағы білім бөлімдері оқулық дайындайтын баспалармен екі жақты келісім-шарт жасасты. 

Қатысты Мақалалар