ОҚО-да кәсіпкер әйелдерге қолдау бар

/uploads/thumbnail/20170708192201238_small.jpg

Саясатта да, бизнесте де нәзік жандар ерлердің өкшесін басып, жыл санап көбейіп келеді. Әйелдер экономиканы жаңғыртудың қозғаушы күшіне айналды. Мысалы еліміздің аумағындағы кәсіп бастап, өз ісін ұршықтай иіріп отырған нәзік жандыларға мемлекетіміз де көмек көрсетіп келеді. Мәселен,  Оңтүстік Қазақстан облысы іскер әйелдерге қолдау көрсетіп, түрлі біліктілікті арттыруға бағытталған семинар-тренингтер ұйымдастыруда. Осындай бір  жиын киелі Түркістан қаласында өткені туралы Қамшы порталы жазған болатын. Түркістандағы «Даму» Қорының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында «ҚР кәсіпкерлік саласындағы әйелдердің ролі» атты тақырыптық сессия өтті.

Аталған шараны маркетинг және бизнесті-жоспарлау бойынша кеңесші Гүлсая Сүлейменова мен құзыреттілікті жоғарылату бағдарламасы бойынша штаттан тыс менеджер Мәлік Атанбаев жүргізді. Сессия барысында қатысушылар кәсіпкерліктің формасы мен түрлерімен танысты, кәсіпкерлік қызметтегі әйелдердің рөлін талқылады, оған қоса тауарлар мен қызмет түрлерін әлеуметтік желі арқылы жүргізудің әдістерін, мақсатты аудитория мен жаңа клиенттерді іздеудің мән-жайын сөз  етті.

Сонымен қатар, сессияға қатысушылар өз тауарының, қызмет түрлері мен брендтерін әлеуметтік желі арқылы танымалдылыған арттыру жолдарын және сатылым мөлшерін арттыру жөнінде мағлұматтар алды. Гүлсая Сүлейменова мен Мәлік Атанбаев кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік шаралары бойынша презентациялар жасады.

Жалпы Қазақстанда 15 мыңнан астам шағын және орта бизнес жобалары болса, солардың 40 пайызын қыз-келіншектер басқарады екен. Соңғы 3 жылда қыз-келіншектер қатысқан шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 26 пайызға артса, әйелдер ашқан компаниялар 28 пайызға дейін өскен. Бұл нені білдіреді, кәсіпкер әйелдің табысы көлдей деген сөз.

Мойындауымыз керек, қазір біздің әйелдер бизнеске араласу арқылы бәсекелес нарықтық ортаны қалыптастырды. Еңбекке қабілетті халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін көтерді. Статистикаға көз жіберсек, еліміздегі еңбекке қабілетті әйелдер арасындағы жұмыссыздық 5,5 пайызды құрайтынын көреміз. Демек, қол қусырып қарап отырған әйел аз, қазақ әйелдерінің еңбектегі белсенділігі жоғары. Тағы бір қызық мәлімет, әйелдер ер-азаматтарға қарағанда қайырымдылық шараларында белсенді келеді екен. Оңтүстік Қазақстан облысында әйелдердің бизнеске көзқарасы, жалпы, қоғамға тигізер пайдасы жайлы әлеуметтік зерттеу жүргізілген кезде осыған көз жеткізілген. Зерттеу барысында қайырымдылық үлгісін көбірек көрсететіндер де әйелдер болып шықты. Қалай дейсіз бе, өйткені мейірімділік және аяушылық әйелдің табиғатында әлімсақтан бар қасиет. Міне, осындай көптеген себептер қыз-келіншектерді кәсіпкерлікке тартудың пайдасы зор екенін көрсетіп отыр.

Иә, «Даму» кәсіпкерлерді қолдау қоры, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі  тарапынан әйелдер бизнесіне айтарлықтай қолдау бар. Сондықтан нәзік жандардың кез келген кәсіпті ұршықша иіріп әкетуіне жол ашық.

Нұрзат Тоғжан

Қатысты Мақалалар