Жақында Алматы қалалық сотында баспасөз-конференциясын өткізген алматылық сот төрағалары бүгінгі күндегі сот төрағаларының жіберетін қателіктері мен өзекті мәселелерін талқыға салған. Әсіресе, алматылық соттар өз кемшіліктерін ашық айтқан. Бұл туралы «Қамшы» порталы 7news.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген халық даналығы бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ-ты. Сот жүйесі әділ болса, қоғамның көңіл-күйіне қаяу түспесі анық. Тіпті, ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының өзі сот реформасы төңірегіндегі «былық-шылықтар» туралы айтқан сөзінде кеңестік жүйеден жұққан тоғышарлық, жайбасарлық, жалқаулық, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерден арылатын кез жеткенін шенеуніктердің есіне тағы бір салған болатын. Егер бұлай жалғаса берсе, артының жақсылыққа апарып соқпайтынын жіті көздердің сезінгені анық-ты.
Алғашқылардың бірі болып кемшілікті мойындауды немесе ақталуды алматылық соттар бастап кетіпті. Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі аппеляция комиссиясының төрағасы Бақытжан Қарамановтың айтуынша, облыс бойынша бір сот төрағасына жүктелетін міндеттер белгіленген мөлшерден асып жатады екен. Мысалы, бір ғана аудандық сот төрағасы бір айда 47-істі қараған. Бұл белгіленген шектен 19 іске артық. Ал арнайы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты орташа есеппен 59 іс қараса бұлбекітілген нормативтен 39 іске асып кеткен. Наурызбай аудандық соты төрағасы 150 іс қараған. Бұл да нормативтен 122 іске асып түскен. Медеу аудандық соты – 60, Бостандық аудандық соты – 58 істі жүргізсе бұлар ҚР заңнамалық актілеріндегі нормативтерді екі есеге асырады. Ал жоғарғы сот мұның бәрін біліп-көріп отыр. Осындай қым-қауырттардың арасында кейде қате шешімдер де кетіп қалады. Бұған түсіністікпен қарауымыз керек. Біздің халық болса, тегі білімді мамандар қалай ғана қателіктерге бой алдыруы мүмкін, деп жұлып-талап әлек. Ал орташа жалақы – 250 мың теңге екен.
Елбасы өзі айтқандай, халықтың да, биліктің де психологиясын өзгерту керек деген ойын анық аңғартты. «Бәрін де сатып алуға болады» деп жүрген пысықайлар мен қит етсе ақшаға «мөлиетін» жемқорларды қатаң жазалауды қайта пысықтауды Президент бастап, халық қостағаны әрине игіге. Тіпті, «Шыдамның да шегі бар», — деген Елбасы мұндай бассыздыққа жол бергендерді қатаң қадағалауды көмекшісі Ербол Орынбаевқа тап сол жерде тапсырғаны да белгілі. Сот жүйесіндегі былық-шылықтарды, ол жердегі жең ұшынан жалғасып жататын сыбайлас жемқорлық жайлы ашына айтқан Президенттің сөзінен байқағанымыз — алдағы уақытта сот саласының жұмысын барынша ашық ету қолға алынбақ.
Осыған орай Алматылық соттар да өздерінің қате шешім шығарытын кездері болатынын бірінші болып мойындады.
Адал, әділ соттар мен бойына «кір жұқтырмаған» шенеуніктерді іріктеу қатал жүргізілетін уақыт әлдеқашан жеткен еді. Тіпті, Судьялық лауазымға кандидаттар үшін біліктілік талаптарын қатаңдату да керек-ті.
Бұл туралы Елбасының өзі Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Жасыратыны жоқ, сот жүйесінде былықтар көп. Ескі кадрлар отыр, біз кімді ұстайық, кімді ұстамайық, халық бәрін көріп отыр. Бұл ауқымды жұмыстарды жүзеге асыру бүгінгі қызметте отырған кадрлардың қолынан келе ме, мен ол жағын білмей отырмын», — деген болатын.
Нұргелді Әбдіғаниұлы