Серуеннің өзі шетелдік жолдасымның шақыруынан басталған еді. Бұл жолғы серуеніміз - Алматы Велосипед Қоғамдастығының мүшелерімен болды. Біз де, ініміз екеуіміз жаз айында, жаңа ортамен көз көрмеген жерге жаяу емес, велосипедпен барып көрейік деген ойымызды жүзеге асырып көрейік дедік. Он сегізінші ғасырда ойлап табылған темір тұлпа рдың қала адамы үшін пайдасы жетерлік. Дамыған елдерде бұл көлік түрі күнделікті қатынас құралына айналып үйренді. Бұл адам баласының табиғатымен қоса, жер ананың табиғатының тазалығына да әсер ететіні айқын дүние. Аттың құлағында ойнауды ұмытып бара жатқан заманда, темір тұлпардың кезекке келуі жоқтан жоғары дүние.
Серуеніміз таңғы сағат 4.00-те Президент паркінен басталуы керек еді. Велосипедпен алысқа алғашқы серуеніміз болғандықтан, үйден 3.30-да шығып, паркке сағат 5.00-те жеттік.
Бірінші кеңес - велосипедпен серуендеуге дейін ағзаңызды шаршатпау қажет! (дұрыс тамақтанып, жеткілікті түрде ұйықтап алған жөн)
Әрине, паркте ешкім болмады))! Осы кезде ойға велосипедпен серуендеуге шыққан қыздардың демалыс орнына көлікпен барғанын, яғни велосипедін көлікпен жеткізгенін есіме алдым. Әл-Фарабиден Қаскелең, Үшқоңырға дейін "темір бестіні" ұстап, "темір құлынды" тіркеп алып, шаба жөнелдік. Айтпақшы, Қаскелеңге қаладан жоғарғы және төменгі трассамен жетуге болады екен. Бізді төменгі трассамен (Алтын орда арқылы) алып барды. Шетелдік жолдас баланың аты Арыстан Періоглы еді (Леандро Феррейро). Соған қанша қоңырау шалсақ та, байланыс болмай тұрды (артынан телефонының бұзылғанын білдік).
Екінші кеңес - жаңа ортамен жолға шығарда екі-үш адаммен байланыс құралын алмастырған абзал!
Жол бойы көлік жүргізушімен әңгімелесіп, Үшқоңыр туралы сөйлесіп келеміз. Нақты қай нүктесіне баратынымыз белгісіз болғандықтан, "жолдастарымызды жоғары трассамен кездестірерміз деген үмітпен, таудың жоғары трассамен түйісетін жеріне келіп түстік."
Үшінші кеңес - баратын жер туралы алдын ала жан-жақты ақпарат алған дұрыс.
Таңғы сағат жетілер шамасы. Алатаудың бөктері - Иранның қымбат кілемінен де керемет жап-жасыл, түрлі түсті гүлдермен көмкерілген! Қаланың күйбің тіршілігінен келген адамға даланың тылсым көңіл-күйіне үйренуге біраз уақыт керегі анық. Сосын қыстау мен жайлаудың тауы, ауа-райы мүлде басқаша болады екен. Таңғы тыныштықпен тауға қарай бет алып келеміз. Алыстан бір ғимарат пен мешіт іспетті күмбез көрінді. Біз жақсы болды ғой, таудың бөктеріне кім салса да, мешітті дұрыс салған екен, нағыз ғибадат ететін жер деп келеміз. Алдымыздан жаяу жүргіншілер шығып жатты. Кейбіреуі біздің велосипедпен келе жатқанымызға күліп қояды. Ойымы- мешітке барып, біраз дем алып алу болып келеді. Жолдың бойы самсаған алма, бейтаныс көркем түсті құстар, ірі-ірі көбелектер, шегірткелер адамның назарын алады. Жерге түскен алғашқы адамды көріп тұрғандай айналшықтап еріп отырды. Күмбезге жақындай бере, бұлардың бейіттер екенін аңғардық. Не де болса, алыстан келдік қой, басына тоқтап (інімнің рамазан айында жаңадан үйреніп жүрген сүрелері бар еді), ал енді үйренгеніңді оқы деп, Құран бағыштап, ары қарай жол жүрдік.
Біраз жүре бере артымыздан велосипедпен бір көзілдірікті, жалаңаш, ақыл тоқтатқан жастағы Юра есімді жігіт кезікті. Танысып, одан жол сұрап тұрып, оның біздің велосипед қоғамдастығынан болып шыққанын естігенде, көкемізді көргендей қуандық. Ия, нағыз азамат, кейіннен Үшқоңыр алқабына дейін велосипедпен жеткенде, алғашқы ғарышкер Юрий Гагариннің де ракетаның құлағында ойнағаны есіме түсіп, қажымас қайрат пен шыдамды азаматқа велосипедтің ойыншық болып қалатынына көзіміз жетті. Жалпы адамның есімі адамның тағдырына әсер етеді деп жатады ғой. Ең қызығы бұл Гагариннің кәсібі - журналист болып шықты.
Төртінші кеңес - жүрек қалауы жол тартқанда айналаңдағылардың түр-түсі, тілі мен ұлты, жынысы мен біліміне емес, он сегіз мың ғаламды мойындатқан бір мақсаттағы адам баласының барлығына шүкіршілік ету. Әрине, қалған дүниесі тек пайдалы болады деп сену қажет!
Юра да біздің түр-түсімізге емес, жолымыздың бір болғанына қуанғандай болып, жоғарғы трассада Арыстан мен бір қыз баланың келе жатқанын және алдымызда мапедпен бір Сакен есімді ер баланың жүргенін айтты. Алты Алаштың баласы толық жиналыпты ғой деп қоям, ішімнен. Ақпаратты адам - бай адам демекші, Юрадан алдымызда екі бұлақтың бар екенін, соның бірі арыстан мүсініне жақындап қалғанымызды білдік. Мүсінде біраз тынығып, алып көбелектермен бірге шөлімізді қандырып, серіктерімізді күте тұрайық деп бел будық. Сүт пісірім уақытта Амазонканың арыстаны темір тұлпарымен жетті. Амандасып, жөн сұрасып тұрып, Жанар есімді қызды да күтіп алдық. Қырық үйден тыйым салып өсірген қазақ ортасында тәрбиеленген нәзік жандыны тауда велосипедпен көргенде бір риза болады екенсің.
Ерасыл, Арыстан үшеуіміз бір-бірімізге демеу болып, таудың басына қарай темір тұлпарды теуіп шығу мүмкін емес болған соң, жүгендеп алып сүйреп келеміз. Құдайға шүкір, ауа- райы қолдап, таудың «кондиционері» желпіп, көз алдымызға Үш қоңыр алқабын елестетіп қояды. Ерасылдың тауға алғашқы серуені және велосипедпен болғаны үшін, қолдау сөздер жас балаға айтарлықтай керек еді. Он адамның тоғызы ауа- райы болмаса, тіл табыса алмайды демекші, біз де соның төңірегінде әңгімелесіп келеміз. Жаратқанның көркем, кіршіксіз таза жаратылыстары, не нығметтері әркез жасырын не асу белестерден кейін келіп көрінетіні қызық. Осыны түсініп, кез-келген жағдайдың артынан жақсылық жарқырап келетініне сену де ғибадат деп жататыны шындықтың бірі. Үш қоңыр алқабына жеткенше лабиринт тәрізді таудың ирелек жолымен көтеріліп келеміз. Екі сағаттық жолдан кейін алдымыздан жиналған адамдардың тобына тап болдық. Жолда келе жатқанда тауда жүруге ыңғайлы түрлі көлік, мотоциклдерді байқаған едік. Солардың біразы бұлақтан тоқтап, саябырлап тұрған кезі екен. Жастардың көңіл-күйлілері күш-қуаттанған соң, су шашып ойнап, үлкендері, «ақыл кірді» дегендері жерден қанша метр биіктікте бұлақтың жанында тұрғанына қарамай, стакандарымен ыстық суларын ішіп жатты. Бұлақтың қасында қойылған ескерткіш о дүниеліктермен тіл табыстыратын терезе ұқсап, ар жағынан « е-е жарықтық, жердің жүрегінде тұрып, не істеп тұрсыңдар» - дегендей болса, табиғат ананың тілсіз жарықтары да махаббатпен жаралған Адам баласының ұрпағына қарап «үлгі алайық па, не үлгі берейік пе?» - деп ойға батқандай.
Бесінші кеңес - «Табиғат ананы құтқаруға аспан әлемі жауапты болғанымен, адам баласының міндеті оны ластап-тоздырмау, себебі табиғат дегеніміз - өзіміз!» - деп Л. Гумилев көкеміз айтпақшы, сансыз нығметін ұсынып тұрған табиғатқа шыққанда, жеке бас тазалығын сақтау сіз бен бізге ауадай қажет!
Жарты жол жүрген соң, алдымыздағы жардың басында бір көліктің тоқтап тұрғанын байқадық. Бір дем алайық деп тоқтап, жаңағы көлік иесімен араласып кеттік. Көлік иелері ерлі- зайыптылар екен, зайыбының емшілік қасиеті бар-мыс, тауға емдік шөптер жинауға шығыпты. Жолдасымен сөйлесіп тұрып, зайыбының тау баурайында шөп теріп жүргенін байқадық. Үлкендерден кез-келген аурудың өз емші-шөбі бар дейтіні есіме түсті. Адам алғаш осы жерге түсіп, бірнеше сұрыптаудан өткен соң, жан сақтау үшін терімшілікпен айналысқаны белгілі ғой. Сол терімшілік кезеңінде он сегіз мың ғаламның бір ғаламы ретінде өсімдіктер әлемін де меңгерген болар. Ол заманда қанша уақыт материалдық затпен қоректенгені белгісіз, алайда тап қазіргідей 3-4 уақыт тамақтанбаған болар. Негізінде тағам демекші, әр тағамның адамға беретін нәрі болатынын түсінген абзал. Яғни ішкі әлемнің өз сұранысын түсініп, соны ғана уақытында пайдаланса жетеді. Физик атамның «көп жеп озбайсың, аз жеп тозбайсың» деген сөзінің жаны бар.
Алтыншы кеңес -нығметке толы табиғатқа барғанда, қалада табылмайтын нәрлі, пайдалана аламын-ау деген дүниелерді әр нәрсенің сұрауы бар демекші, рұқсатпен «бисмилла», «сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» дегендей, көркем түрде алған дұрыс.
Жолдың ортасына келіп қалған болармыз деп тұрсақ, әлі де жүретінімізді әлгі ерлі-зайыптылар сөз арасында айтып қалғанда, жанымызда тұрған інімнің құлағының сымсыз желісі шалып қалып, елестету қабілеті шапшаң іске қосылып, жағымсыз әсерлі болғанын қабағы хабарлап жіберді. Дәл сол сәтте, келер өткен шақты қоспағанда, өрмен өзіңді әрең көтеріп бара жатқанда, велосипедті сүйреу деген, жаныңнан «самал желді желпуіші» бар көліктің өтіп бара жатқанын байқағанда еріксіз жағымсыз ойлау жүйеңді іске қосатыны байқалады. Арыстан жолдасымыздың алдымызға маң-маң басып, ақырын көтеріліп бара жатқанына шыдамаған інім, мына жүріспен бүгін жетпейміз деген шапшаң шешім қабылдап жіберіп, бұдан ары қарай бара алмайтынын айтты. Бұның сөзі маған да жақты ма білмеймін, жақындағы ағаштың түбіне екеуіміз велосипедімізді байлап, аманат етіп тастап кеттік.
Жетінші кеңес – таулы, биік жерлерге барынша жеңіл заттарды алып шығуға тырысу керек. Себебі өзіңізбен алған кез-келген затыңыздың салмағы, сіздің қанша алысқа бара алатыныңызға тікелей әсер ететін болады. Сонымен қатар жолдағы кезіккен көлік те, алдымен сіздің жүгіңізге көз салады екен, себебі кейбір көліктердің өрге қарай тартпай жатқанын байқадық.
Күн тал түстен аса ирелек жолдың бір шетінде келе жатып, көтеріліп келе жатқан бір көлікті тоқтаттық. Мән беріп қарасақ, шетелдіктер екен. Бірден отырыңыздар деп, ала кетті. Екеуінің қызу әңгімесінің арасынан құлағым таныс сөздерді іліп ала алмай, біраз соңында испан тілі екенін бірақ ажыратты. Бара жатқан жерімізді нақтыламақ болып, дәстүрлі «ду ю спик инглиш» деп алып, ағылшыншасын жіберді. Сөйтсек, жүргізуші кісі бара жатқан ауылда басқарушы қызмет атқарады-мыс, қызмет бабымен ары-бері шығып келетін тәрізді. Ол ауыл елдің барып көргісі келетін өзеннің жағалауында екен. Тауға жаңа түскен адам ұқсап, жан-жағымызға енді жайлап қарай бастадық. «Жасыл жайлау, түкті түкті кілем, көк кілем» демекші, таудан әйтеуір дегенде асып, нағыз жайлаумен кетіп барамыз. Сарқыраған өзен, тік жарлы, биік тасты тау, қалың орманды қыстауда жан сақтап үйренген адамға, басында бұл жер ыңғайсыз көрінеді.
Жолдың бойында бие байлап отырған бірнеше үйлер кездесті. Тегіс жолға түскеннен соң, жолдың бойынан «жеке меншік жер» деген тақталарды көресіз. Көлікпен 20 минут жүргеннен кейін ауылға кіргізетін жерде тексеріс жүргізіледі екен. Көлік иесі бізге қарап: «сіздерді қай жерде түсірейік, ары қарай тек рұқсатпен кіреді»- деп жатқанда, жол бойында Сакен досымыздың мапедін байқап қалдық. Рахметімізді айтып, түсіп қалдық та мапедке қарай жүріп келе жатып, Сакенді көрдік. Ол да, бұлар қайдан шықты дегендей: «велосипедтерің қайда?» - деп сұрады. Мән-жайды айтқан соң, оның алдымыздағы тексеретін орынға барғанын және күзетшілердің кіргізбей қойғанын білдік. Бәріміз бірге жүрейік деп, мапедпен қайта қайттық, Бұл бесті болмаса да, үшеуіміз бірдеңе істеп әйтеуір мінгесіп, мылтықтан шыққан оқ ұқсап, зулап келеміз.
Сегізінші кеңес – естелікке суретке түсемін деушілерге түстен кейінгі уақыт – дәл кезі. Осы сәтте күн жасыл жайлаудың өңін кіргізіп, 3D көрініс беретін уақыт.
Салқын желмен самғап келе жатып, түйе аяңмен келе жатқан Юраны көріп тоқтадық. Қалғандарының көлеңкесі көрінбеген соң, Юра ауылға қарай бара бет алды да, Сәкен ары қарай қалғандарын бағдарлауға жөнелді. Күн сағат екі-үшке жақындап қалған уақыт, екеуіміздің де телефондарымыздың батареясы отырып қалған еді. Анда-санда қарнымызды алдап, тәтті-мәттімізді жеп қоямыз. Өзеннің басына барып шомылып, тамақтанып ес жию керек деген ой жетелеп келе жатқанда, Ерасылдың шыдамы қысып, ойына келген барлық сылтау-себептерді тізіп, ақыры тоқтап, қайтатын боп шештік. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» - демекші, Юрамыз еңкейіс жолмен шабыттанып, зырлап келеді екен. Оның да, кіруге рұқсат беретін барлық деректері іске аспай қалыпты. Содан темір тұлпарына қанат бітіп, бүркітке айналғандай болып, ұшып келеді екен. Бір жағынан көздеген жерді көрмеген соң, дем алмаған соң, көңіл күйіміз түсіп кетті, екінші жағынан қайтар жолды ойлап, велосипедімізге жетуге асықтық. Енді велосипедті байлап кеткен жерге жету үшін , ауылдан шығатын көліктерді күтуге бел будық. Алыстан бір сарғайған ірі көлік келе жатыр екен. Көз салып, ішінде тек балалы орыс азаматының отырғанан байқадық. Мен қолымды көтеріп, жарты жолға дейін ала кетуін өтіндім. Отырыңыздар дегенде, Ерасыл атып тұрып алдына қарай ұшты. Көлігінің жағдайы жақсы, желпуіші бар, балаға арналған сақтық орындығы бар, шамасы сол ауылдың қызметкері. Жөн сұрап отырып, ол бізді велосипед қоғамдастығымен жүргенімізді естігенде, Сәкенді танитынын айтты. Содан зымырап келе жатып, велосипедіміз байланған жерде Жанар, Сәкен, Юраның тұрғанын көріп, тоқтадық. Көлік жүргізушісі де түсіп, балалармен амандасқан соң алғысымызды айтып, есімізді жидық. Ол өз тарапынан өзеннің мұздай екенін, бұл жерге көлікпен келу керектігін ескертіп қояды.
Тоғызыншы кеңес – алыс трассалы тауға бірнеше ірі көлікпен жан мен тәннің қажеттіліктерін еске алып, екі-үш күнді жоспарлап шыққан хайырлы. Сол кезде барып көшпелі өмір сүру салтының құнын сезінесің.
Тоқтаған жерде құрмамызды жеп алып, жатып-жатып қанатын жайған темір пырағымызға мініп алып, бар ауырлықты ұмытып, төмен қарай самғай жөнелдік. Осы жерде рөлге, тежегішіне аса мұқият болған дұрыс, себебі қатты жылдамдықпен келе жатқанда, кішікене кедергі тастардың өзінен дірілдеп, тайып кететіндей әсер береді екен. Сонымен қатар тік бұрылыстарда көтеріліп келе жатқан көліктерді байқап отыру керек. Зулап келіп, ескерткіш орналасқан бұлақта басымызды біріктіріп, шөлімізді қандырдық, арамызда Арыстанның жоқтығын байқап, күтетін болып шештік те, қалған асымызды ортаға жайып, қарын жалғадық. Біраз уақыт өткен соң, ауылдан келе жатқандардан шетелдік азаматты көрмедіңіздер ме деп, сұрап қоямыз. Бір уақытта биіктен ұшып келе жатқан досымызды көріп, жолымызды жалғастыруға дайындала бастадық. Сөйтсек, Арыстан да ауылға кіре алмай, жолда тұрған үйлерге тоқтапты. Ондағы қазақтар қымыз ішкізіп, құр қол қайтармайық деп жомарт әпкелеріміз құрт беріп жіберіпті. Өзі мәз.
Басымыздың түгенделгеніне қуанып, келесі аялдама ретінде Жандосовтың бойында орналасқан кәуәбі бар қымызханаға тоқтайық деп шештік. Жоғарғы трассамен қайтып келеміз. Екінті уақытының кірген кезінде қымызханаға тоқтап, тапшанға жайғастық. Бірден қымызға, ыстық тамаққа тапсырыс бердік. Әл жинаған соң, азғана уақыт көз іліп алайық деп шештік. Ешкімнің ешкімде шаруасы жоқ, сөзі жоқ, тыныштық орнай бастады. Тапшанның жанында ағып жатқан арыққа үйірімен жылқылар келіп, су ішіп жатыр. Осы сәтті пайдаланып, Жанар оларды суретке түсіріп отыр. Юраның аяқасты жұмысы шығып қалып, қоштасып кетіп қалды. Сәкен де, қоштасып, бізбен бәрібір бірге жүре алмаған соң, мапедімен кетті. Қалған Арыстан, Ерасыл, Жанар – төртеуіміз жиналып, жолға шықтық. Көлікпен келген бізге жол ұзарып кеткендей көрінді. Қаскеленнің өзі айтарлықтай үлкен қалашық екен. Қалашықтың ішіндегі ұзын жолмен зымырып өтіп, төменгі трассаға апаратын жолға жеттік. Жолда түрік бауырларымызды жиі кездестірдік. Ары қарай бәріміздің ит сорпамыз шықты десек болады. Сақтық үшін Рысқұловқа баратын жолдың көліктерге қарсы жағымен келе жатырмыз. Кеш қайта үйіне асыққан көліктің көптігі адамның есін шығарады. Құлақ қабымды сала қояйын десем, телефон сөндірулі. Алдымызда Арыстан мен Ерасыл екеуі жол бастап, шауып барады. Ойымызда аман-есен үйге жету, қалғанына назар салу мүлдем қалған. Екінші жағынан, күн батып барады, жол-жөнекей велосипедіңмен сені ешқандай такси алғысы келмейді және жаныңдағы демеу болып келе жатқан жолдастарыңды да ойлайсың. Құдай айдап, Алтын ордаға жеттім-ау дегенде, бір дем алып, арнайы велосипедке арналған жолды көргенде бір риза болып қалады екенсің. Төртеуіміз қаздай тізіліп, Рысқұлов Саин көшесіндегі Прайм Плазаға дейін зулап жеттік. Ары қарай жолымыз бөлініп, Арыстан мен Жанар жоғары, Ерасыл екеуіміз төмен кеттік. Сағат ақшам уақыты. Менің велосипедімнің сигналы, ал Ерасылдың велосипедінің фонары істен шыққан соң, екеуіміз бір-бірімізден алшақтамай, төмен қарай шауып келеміз. Ертеңгі күннің жексенбі екені және үйде моншаның болғаны адамға қандай жайлы деп, Құдайға шүкірлер айтып қоямын. Сағат тоғызға таман үйге аман-есен жетіп, отбасымызбен қауыштық. Деміміз басылып, ағзамыз зәру болып тұрған моншамызға түсіп, кешкі асымызды іштік.
Оныншы кеңес – ұзақ сапардан, дене қимылынан кейін және жатар алдында міндетті түрде суға түсіп, жуынған жан көлігіне керекті нәрсе.
Сөйтіп, бір күндік Үш қоңыр серуеніміздің қызығы мен шыжығы есте әбден қалатын болды. Алайда кез-келген жағдайда «шешінген судан тайынбас» - дейді ғой қазақ. Екінші жағынан көгілдір экранның ертегісімен өсіп, шетел құмарлыққа душар болған азаматтарымызға да, ой салайық деген жайымыз бар. Сыртқа қызығу заңды құбылыс, ғалымдар адам баласының ойына күнделікті 60-80 000-дай ой келіп, оның 2000 мыңға жуығы ғана бес сезім мүшеміз арқылы қабылданатынын тапқан. Яғни сіздің күнделікті алатын ақпаратыңыз не жайында екеніне аса назар аудару керек, себебі ойдың материалдануы сіздің соған қаншалықты назар аударғаныңызға тәуелді. Құлдық психология деген осы жерден шығады. Әрине, көш жүре түзеледі, қызмет көрсету саласы да дамып келеді. Ес кіре бастаған шақта, халықаралық бәсекеге қабілетті азамат ретінде өзіңді іздей бастайтын уақыт келетіні рас. Сондай кездерде өзіңнің туған жеріңде тұнып тұрған табиғи ғажайыптарды көргің келеді, «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» - дегендей, еліңнің қай жағына барсаң да, түрлі диалекті-салтымен қарым-қатынасыңды дәмдендіретін халықпен араласып, ұлттық ерекшеліктеріңді іс жүзінде білгің келеді. Ұлттық ой жүйеңді, дүниетанымыңды кеңейту, байыту, қазіргі заманда ауадай қажет дүние. Әрине, елдің бәрі дүниеге ту ұстап келмесе де, жоғарыда берілген шағын кеңестерді пайдалана білген пайдалы болары сөзсіз!
Еркежан Жатқанбай
Пікір қалдыру