Қырықында қамал бұзғандар «қылаң берді»

/uploads/thumbnail/20170708192801606_small.jpg

Соңғы екі аптаның ішінде қазақ билігінде айтарлықтай жаңалықтар орын алды. Ең алдымен Алматы қаласын ұзақ басқарған А. Есімовтің Астана жаққа ауысып, орнына  «Нұр Отан» партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің тағайындалуы әлеумет арасында жақсы талқыланды. Талқы барысында «Жас келсе, іске» деген фраза жиі айтылды. Ал бүгін Шымкент қаласына   Ғабидулла Әбдірахымов әкім етіп тағайындалды. Тағайындалған екі әкім де «Болашақ» бағдарламасымен Германияда  білім алған. Екеуін де президент өзі дайындаған кадр деп айтуға толық негіз бар. Демек билік өзінің буынды кадрын осы уақыттқа дейін дайындап, енді саяси сахнаға шығара бастады деген сөз. Айталық, Әбдірахымов  Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары,  Премьер-Министр Кеңсесінің Басшысы  қызметтерін атқарған. Демек , ол- негізгі саяси жүйе асханасының қазаны қалай қайнайтынын көрген кадр. Алматы қаласының жаңа әкімі тағайындалған тұста да «Қамшы» порталы Б. Байбектің Алматы қаласының әкімтағына дейінгі жолын сараптап ұсынған болатын. Аңғарғанымыздай «Болашақ» бағдарламасының алғашқы қарлығаштары ел назарына іліге бастады. Сырттан білім мен тәжірибе жинақтап келген жастарға халықтың сенім артқысы келеді. Жастар демекші, «Отызда орда бұзбаған, қырықта қамал алмайды» деп есептейтін қазақ үшін саясаттағы қырық жас- тым жас көрінетінін байқадық. Шындығында, алып шаһарлардың тізгінін қолға ұстау  үшін-«Еуропа барып» білім алып, саяси жүйенің қазанында қайнауға уақыт кетеді. Бастысы билікке жаңа лек және жаңа леп келіп жатыр. Кімдерден қалмаған әкімтақ дейсіз? Қазақтың қыруар қаржысын қымқырып Храпунов отырып кеткен әкімтақ болатын. Ол кезде қазақ өз саяси кадрын даярлауды жаңадан ғана қолға алып жатса керек-ті. Сол дайын болған балалар енді-енді төбе көрсетіп жатыр. От жанған жерде күл қалады.(әсіресе Алматы қаласының имиджі соңғы жылдары отқа әбден орнаған еді) Ол күлді қайта тазалап, орнын көкалға айналдырып абырой жинаудың өзі оңай шаруа емес.

Осы тұста көкейде көлеңкелеп жатқан тағы бір сұрақ қылаң береді. Алматыдан басталып, Шымкентпен жалғасын тапқан әкімтақ иесін ауыстыру басқа қалаларда да орын ала ма? Неге өзге өңірлерде әкімдер мен оның орынбасарлары жемқорлық фактісімен тақтарын тастауға «мәжбүр»? Болашақта президенттікке үміткерлерге арналған талаптың ішінде; ««Болашақ» бағдарламасының түлегі болуы тиіс»,- деп көрсетілуі мүмкін бе?

Айнұр Төлеу

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар