Асқар Маминнің Алматыға не үшін келгені белгілі болды

/image/2020/10/15/crop-267_13_1087x1449_2020_08_11_2019_08_20_mamin.jpg

Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин Алматыда Hyundai автомобильдерін құрастыру зауытының ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлады министрліктің ресми сайты.

Телекөпір форматында өткен зауыттың ашылу салтанатына Корея Республикасының сауда, индустрия және энергетика министрі Сон Юн Мо, Қазақстан Республикасының индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, «Hyundai Motor Company» президенті Ли Вон және «Astana Group» президенті Н.Смағұлов қатысты.

Премьер-министр сайтының хабарлауынша, зауыт әлемдік автомобиль жасаудың заманауи технологиялары мен экологиялық стандарттар талаптарын ескере отырып салынған. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы бірінші кезеңде жылына 30 мың бірлікті, екінші кезеңде жылына 45 мың бірлікке дейін құрайды. Инвестициялардың жалпы көлемі 28 млрд теңгеден асады. Шектес салаларды ескере отырып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орындары құрылды. Алдағы уақытта автокомпоненттер шығаратын зауыт ашу көзделген, бұл 51%-дан астам жергіліктендіруді қамтамасыз етуге және ТМД елдеріне экспортқа шығуға мүмкіндік береді.

– 2020 жылдың 9 айында автомобиль жасау саласындағы өндіріс көлемі 50%-дан астамға ұлғайды. Бұл сала жоғары білікті жұмыс орындарын ашуға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді, – деді Мамин.

Жұмыс сапары аясында Үкімет басшысы Алматы қаласындағы ЖЭО-2 аралап, онда электр станциясын жаңғырту және газға ауыстыру тұжырымдамасымен танысты.

Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Премьер-Министрге Қазақстанда экологиялық туризмді дамыту жобалары таныстырылды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар