Бисмилләһир Рахманир Рахим
Шіркін-ай деші. Меніңде осылай көшкен үйім есіме түсіп кетті... Көктемде көбінде Ашалдың суы таситын да жататын. Қойда ағызып кетеді. Содан оны аман сақтау үшін "Шұбыртпа" деп аталатын, қатарынан екі қой жүре алмайтын, сонау басына қарасаң малақайың түсіп қалатын таудың қия бетіндегі жалғыз аяқ жолмен айдап өтуші еді қойшылар... Бұл бір керемет тазалыққа тұнған мәдениеттің көкесі еді ғой... Мен жалпы 15 жасыма дейін міне өсы өмірді басымнан кештім. Сиыр да, қой да бақтым. Қарда да, жаңбырда да, түнде де, елсіз жапан далада да қалдым. Қасқырмен де, қабанмен де бетпе-бет талай келдім. Алдыма болдырған бузау мен тайыншаны өңгеріп алып, көзге түртсе көргісіз қара кеште ну орманды шатқалдан талай өттім. Кейде қорқып ән салатынмын. Астымдағы атымды дос, пана тұтатынмын. Мен сияқты ауыл балаларының бәрі де сөйтетін... Ол менің өмірімнің мәні - іргетасы еді ғой... Ал қазіргі менің буыным бұл өмірді тек Мұқаңның "Абайынан" ғана оқып білген... Оқып елестету мен бастан өмір етіп кешу мүлде басқа нәрсе ғой... Мен сосын екі ұлым мен бір қызымды ес білмесінен 6, 7-сыныпқа дейін тек қалада өсіп қайсарсыз болыып қалмасын, киіз үйде жатпай, көңнің исін қандарына сіңірмей, шын қазақтығын сезінбей қалмасын, тас дамсорды, боркемік болып өспесін деп қыста бір, жазда бір (жазда 3 ай бойы) Кегенде, үш түлікті бірге бағатын нағашы атасының үйіне апарып отыруды 5-6 жыл бойы жалғастырдым. Бір жағы қазақтығын білсін деп, бір жағы тауға шығып, сайын далада желмен жарысып, көзі талғанша кеңдікке қарып, көңілі тойғанша шүлендікті сезсін, малдың соңында күні бойы жалғыз жүріп адамды сағынсын деп сөйттім... Сол кезде олар қыс, не жаз болса солай кетуді әдеттеріне айналдырды. Жібермесең жылайтын... Сосын келгенде көрген, білгенін, қайда ұйықтап қалғанын, малдан қалай айырылып, қай сайдан қайтіп тауып алғанын, атқа қалай мінгенін, қасқырдың қойға қалай шапқанын, түнде, жаяу ауылға қайтіп жеткенін, жалдан көкжелдың қалай ұлығанын, одан қорыққанда қалай айғайлағанын, қастарындағы иттің одан қорқып, оларды тастап қалай қалай қашқанын айтатын... Қойшы, қысқасы онда не көрсе соны айтып біздің зәремізді алатын... Оларын айтқанда көздері шақшиып, құлақтары едірейіп, қолдары оңды-солды сермеліп, туре осында, қастарында, қазір ғана болып жатқандай әсермен айтатын. Дауыстары біресе дарқындап, біресе бәсеңдеп, сондай трятрлап жіберетін... Тіпті 8 жастағы Елік қызым бірде, төмендегі 7-8 шақырымдағы ауылға - нағашы атасы мен әжесіне "барамын" десе ешкім апармай қойғасын, қасына өзінен екі жас кіші Еділ бөлесін ертіп алып, түннің сондай қараңғылығына қарамай, жалғыз аяқты, бұта-бүргенді тар шатқалдың ішімен тартып отырады... Міне бұл қазақтың, қайсар қазақтың өмірінің бір ғана сәттік көрінісі ғой... Кешегі қазақ міне содан қайсар болған. Жанкешті, таудай өр, бөрідей батыл, даладай кең, ауадай кенен, хақшыл, ақкөкірек, жақсыкөргі болған... Бірде мен үлкен ұлыма арнап жазған "Біржан поэмасы" деген ұзін жырдың бір тұстарында: ...Шаңыңа шалдырмай, Еске алмай ештерді, Бөрідей жортқайсың, Боз ала кештерді. ......................... Қондырып кеудеңе, Кішкентай күніңді, Жарық қып тұрғайсың, Тас қара түніңді. ............................ Құлыным, қыр барып, Жуынып тұныққа, Жыр кешіп - Нұр кешіп Жүргеніңді ұмытпа! - деп жазған едім-ау... Ия, рас, оларды әсте лагерге жіберіп, тас тамға қамағаным жоқ... (Үлкенім өмірінде тек, бір рет, онда да 10 күнге ғана барғаны бар лагерге - Бурабайға). Олсыз да олар басқа сәттің бәрінде қаладағы тас қабырғалы там үйдің құндағында еді ғой...
Көш-көш, қазақ, көш, қазақ! Көшпеу үшін көш, қазақ! Тіл мен ділден айрылып, Өшпеу үшін көш, қазақ! Көш-көш, қазақ, көш, қазақ!... Көшу сенің көрігің, Көште сенің жерігің!.. Көште сенің - ол анық, Тазалығың, ерігің! Көш-көш, қазақ, көш, қазақ! Көшпеу үшін көш, қазақ! Өшпеу үшін көш, қазақ!Көш-көш, қазақ, көш, қазақ!
Пікір қалдыру