Сатоу Харуо (1892-1964)
жапон жазушысы
Минору санның отбасы менің анама алыс туыс боп келеді. Минору санның әкесі жұмысы тоқыраған соң, әкемді арқа тұтып, теңіз асып арнайы келген. Содан әкемнің ауруханасына есеп-қисап жүргізуші болып орналасты. Минору сан — қарындасымен, екі інісі, барлығы төрт ағайынды еді, оларды тағдыр еркелетпеді, аналары кенеттен дүние салып, көп ұзамай әкелері де қайтыс болды. Басқа сүйенер ешкімі болмаған әкем төртеуін өз қамқорлығына алған.
Минору санның он беске келген кезі. Мен шамасы жетіде болармын. Бір күні Минору сан «Америкаға барамын» деді. Ол кезде ауылда «Америка синдромы» қызып тұрған, бәрі түгел сол жаққа ақша табу үшін кетіп жатқан. Қазір де біздің өлке Америкада жұмыс істейтін жапондардың саны жөнінен Жапонияда алдыңғы орынды иеленетін шығар. Минору сан Америкаға баратынын айтқанда үйдегілер оның әлі бала екенін айтып, тоқтатқандай болып еді, ол құлақ асқан жоқ. Анам маған айтушы еді: «Ана бала ит арқасы қияндағы елге бас ұрып, қайтсем де барамын деп отыр. Әке-шешесі жоқ, бауырларын бағып-қағудан қашқан сыңайлы. Онымен салыстырғанда сенің бағың бар екен».
Минору сан әкемнің ескі еуропалық киімдерін алып, сөгілген жерін тігіп дегендей, жолға дайындалды. Сол күні бәріміз шығарып салдық. Қала сыртындағы Минору санның әкесінің зираты тұрған жерге дейін бардық. Көктем кезі, әлде күз бе екен? Мен әйтеуір жол жиегіндегі гүлдерді теремін деп, жұрттың соңында қалғаным есімде.
Минору сан Америкаға жеткеннің белгісі ретінде тәттілер жіберіпті. Жылтыр қағазға оралған қап-қара бірдеңе, тістеп едік, іші ақ кәмпит, бізге дәмі ұнаған жоқ. Шоколад деген осындай болады екен. Қанша дегенмен жиырма бес жыл бұрынғы оқиға ғой, ауылда ешкім шоколадты көріп, атын естімеген. Бәрін қойшы, Минору санның бұл саяхаты ойлап отырсам, басынан сәтсіздікке тола болды.
Әкем Минору санға кемеге Коубэден мінуге ақыл берді. Коубэден мінсе, таныс жолаушылар кездесер еді. Бірақ Минору сан Америкаға барарда Токионы көргісі келді ме екен, Йокохамадан мінді кемеге. Өкінішке орай ол кеткен соң, бірден Йокохамаға тырысқақ тарады. Минору санның кемесі Сан-Францискоға жеткенде Коубэден отырғандар бірден түсіріледі де, Йокохамадан мінген жолаушылар екі айға жуық кемеден шығарылмайды. Минору сан да екі ай бойы Американың қаласын кемеден бақылап отыра береді.
Нағашы әжем де біздің үйде болатын. Ол кісі ол кезде жетпіске таяп қалған. Бөлмесіне ойнауға кірсек әжеміз әр нәрсені сұрай бастайды. Құлағы нашар естігендіктен басқалар ол кісімен сөйлесе бермейді, мен ғана үйірсекпін. Әжем мені «мейірімді бала» деп, кетер-кеткенше мақтап жүрді. Бұл менің ол кісіден қашпай, әңгімесін мұқият тыңдауымнан болса керек. Әжем біз ойламаған нәрселерді сұрайтын. «Дүние деген дөңгелек деуші еді, сол рас па?», «Оны көрген адам бар ма?» дегендей сұрақтар қоятын. Одан соң «Ал Америка ана жақта ма, мына жақта ма?» деп, саусағымен нұсқап сұрайтын. Менің өзім де жақсы білмейтін нәрселерді сұрайтындықтан жауап табудан қиналатынмын.
Әжеміздің Американы ауызға ала беруінің себебі бар. Неге десеңіз әжеміздің үлкен ұлы, яғни менің анамның ағасы маған көке ғой, сол кісінің қайнағасы дәрігер ретінде Америкаға кеткен. Оның үстіне Минору сан да Америкада. Бақандай екі жақыны тұрып жатқан Америка деген ел туралы әжеміз білгісі келеді ғой. Ал қарияның жер шары дөңгелек дегенді қайдан естігеніне әлі күнге таңмын.
Америкаға барған Минору сан ыдыс-аяқ жуып, жүзім жинап, ақша тауып, оқып жатты. Әсіресе жазғы каникулда көп жұмыс істейді, басқа уақытта мектепте. Кейде Минору санның Америкадағы жағдайын ойша елестетемін. Анам «Ана бала мықты болды» деп жүрді.
Минору санның Америкаға кеткеніне бес-алты жыл өтті. Бір күні жылдың соңы болатын, үй-іші түгел шай ішуге хибачиді айнала жайғасқан, Америкадан келген хатты оқып, абыр-сабыр. Мен он үштемін. Туыстарымның мазасызданғанын жақсы білемін. Араға ұзақ уақыт салып, Минору саннан хабар келумен қоса, анамның жеңгесіне аға боп келетін Америкадағы кісіден хат келді ғой. Хатта «Минору сан Америкада ауруға шалдықты» деп жазылыпты.
Туберкулез екен, барған сайын асқынып, Жапонияға қайтайын десе, ақшасы жетпейтін көрінеді. «Жаны ашыған адамдар аздап болса да ақша жинап беріп жатыр» деп жазылыпты.
Жұртты әуреге салған хаттан кейін бір жарым ай өткенде Минору сан оралды. Таңғы сағат он шамасы болатын, демалыс күні, мен үйде едім. Бақта ойнап жүрсем, қолында орташа сөмкесі бар, ұзын пальтолы үлкен кісі баққа кіріп келді. Минору сан болар деп ойладым. Ол жымиғанда күлімсіреген шет елдікке ұқсайды.
Анам Минору санды көргенде «Әйтеуір тәуір екен ғой» деді. Бірақ әкем Минору санның денесін жақсылап қарап болған соң, оған естіртпей «халы өте нашар» деді. Минору санды бәрімізден алыстау жерге орналастырды. «Жұқпалы ауру болғандықтан, балалар, абай болыңдар» деп ескертті бізге.
Минору санның заты бар болғаны анау, орташа сөмке ғана. Ол бізге сыйлық та әкеліпті — ананас консервісі, Хонолулуден (Америкадағы қала) алған болар. Барлығы он екі банкі екен, біреуінің үсті көтеріліп кетіпті. Әкем «Мынау ашыған» деді. Мен қызығып кетіп, қақпағын ашып едім, сасық иіс мүңкіп кетті. Банкінің іші бос. Әкем бірдеңемен түбін шұқыды да зор дауыспен «Ой, сұмдық-ай, ішінде саусақ бар!» деді.
Қарасақ, расында адамның саусағы салыныпты. «Зауытта машина абайсызда кесіп түсірген адамның саусағы кіріп кеткен ғой» деді әкем. Минору санды ойласам ырымы жаман саусақ салынған консерві есіме түседі. Кімнің саусағы болды екен, Жапонияға дейін жетіп, біздің үйдің ауласындағы бір бұрышқа көмілген?
Консерві десем, Минору санның кокюі (екі-үш ішекті музыкалық аспап) келеді көз алдыма. Минору санның қолында ерекше бір кокю бар еді. Бұл консерві банкісінің жоғарғы жағы мен түбін тесіп, үстіне май сіңген сурет салатын қағаз жапсырып, бамбук сырықты өткізіп, ішегін сымнан тартқан зат. Бәрі менің Минору санның қасына барып ойнағанымды ұнатпады. Бірақ мен Минору саннан Америка туралы естіп, білгім келді. Американың қаласы, балалардың мектепте баяндама жасауға қалай дайындалатынын, Минору санның он жеті жасында сегіздегі балалармен Америка мектебіне баруы жайында, одан соң Калифорниядағы жүзім егістігі туралы...
Минору сан соның бәрін маған әңгімелеп береді де, сәл үнсіз қалып, анау сөмкедегі қолдан жасалған кокюді шығарады.
Минору сан аспапты екпіндете тартады. Бұл мұңлы әуеннің не туралы екенін мен түсінбеймін. Минору сан қасында біреу барын ұмытып кеткендей, өзі шығарған әуенге елтіп отыр. Сәлден соң есіне түскендей кокюді жерге қойып былай деді: «Өзім жасадым. Мына бамбукты бір кісіден өтініп, Жапониядан алдырттым. Америкада бамбук жоқ қой».
Ол осылай деді де қайтадан кокюін бар екпінмен тарта жөнелді.
Қашан көрсең де Минору сан кокюде ойнап отырады. Қасына барсам, сәл жымияды да, әңгіме айтпастан кокюді тарта береді.
Бірде Минору санның қасына барғаным үшін оңбай таяқ жедім. Содан соң оған жоламайтын болдым. Алыстан Минору санның кокюінен төгілген өкінішке толы әуенді тыңдап, жалғыз өзім күн көзінде ойнаймын...
Екі-үш жыл өткенде Минору сан дүние салды. Шамасы сол жиырма алты, жиырма жетіде болар. Қазір тірі болса қырыққа толар еді.
1923 жыл
Жапон тілінен аударған Шарафат Жылқыбаева