Кітап дүкендерінде кезекке тұру маусымы басталды

/uploads/thumbnail/20170708193423240_small.jpg

Қыркүйек айы бастала салысымен, ата-аналар кітап дүкенінің алдына кезекке тұрады. Мектеп кітапханасының сөресінен табылмаған оқулық кітап дүкенінде де таусылып қалуы мүмкін деген үрейлері де жоқ емес. Қолды бір-ақ сілтей салмай, мұғалімнің талап еткен кітабын баласына алып беруге ынталы ата-аналарды көргенде, біздің елдегі білімге деген құрметтің нышанын аңғаруға болатындай. Баласының заманға сай, білімді азамат болуын ойлайтын қазақстандықтар дүкен алдындағы кезекке тұрудан жалтармайтын шығар, ал осы білімді қадағалайтын министрлік неге айтқан сөзінде тұрмады? Естеріңізде болса,  28 тамыз күні  Білім және ғылым министрі А. Б Сәрінжіпов  өңірлік ұжымдастарымен өткізген  селекторлық жиында  мектептерде оқулық жетіспеген жағдайда жаза қолданылатынын айтқан еді.Тіпті оған дейін министрліктегілер де  мектеп оқулықтарын жеткізу 94,7 пайызға тең деген мәлімет те таратқан. Алайда, 1-қыркүйек күні алғашқы бүлдіршіндеріміз  қоңыраудың үнін ғана емес, еліміздегі «оқулық жетіспеушілік жырын да» естіп қайтты.  Әлі жазаланып жатқан ешкімді көрмедік. Теңгенің құны түссе де, кітап тапшы болса да жаза қолданамыз деп шыға келетін биліктің мәселені шешудің орнына, қорқыту амалдары көбейіп бара жатқан секілді.Ең сорақысы, олардан қорқып жатқан ешкім жоқ. Жапалақыты таспен ұрсаң да, тасты жапалақпен ұрсаң да, бәрбір жапалақ өледі. Сол секілді, жоғары жақтағылар кімді қорқытып, олардан кім қорқуы керек екенін түсінбедік. Түсінгеніміз, тұтылатын да, ұтылатын да –халық. 

Еліміз бойынша биылғы жылы мектеп табалдырығын  340 000 бала аттаған екен. Жылдағымен салыстырғанда бұл ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіш болса керек. Бірінші сыныпқа барған әрбір балаға биыл Елбасы тарапынан сыйлық үлестірілген. Ол Мемлекет басшысының  «Бірінші сынып оқушысына  Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан Сыйлық» деп аталатын кітабы. Танымдық кітап 370 000 данамен шыққан. Оңы мен солын енді танып, Отанды сүюге, өз елінің азаматы болып қалыптасуға қадам басқан балаларға мұндай тосынсый жасаудың астарында үлкен мән жатыр. Несі бар? Біздің назардан тыс қалған сәтте діни секталар да балаларға ертегі кітаптарын таратып кетіп жатады ғой. Оған қарағанда еліміз туралы біліп өскені ағаттық емес қой. Алайда, әліппесі кемшін балаға саяси мақсаттағы кітапты тарту ету сәл ертерек емес пе? Неге сол безендірілуі сапалы кітаптың орнына әліппе тапшылығын жоюдың жолдарын қарастырмаған?  Айтпақшы, биылғы бірінші сыныпқа барған балалар мектепте түскі ас ішетін заман болғанғанын аңыз тыңдағандай таңырқай отырып қабылдайтын болады. Осы тұста тағы бір заңды сауал туындайды. Осы бізде шынымен де демографиялық мәселе бар ма? Бар болса, халық саны аз болса, неге біз балаларды балабақшамен, оқушыларды кітаппен қамтамасыз ете алмай отырмыз? Кітап тапшылығы бар еліміздің мектептерін заманауи білім беруге дайын деп айтуға бола ма? Парадокс! Әлде мұның барлығы белгілі бір баспалардың оқулықтарын өткізу мақсатындағы сыбайлас бизнестің салдары ме? Иа, біздің елде сыбайлас жемқорлық қана емес, сыбайлас бизнес те бар.

Айнұр Төлеу

Қатысты Мақалалар