Шымкентте Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жастар қауымына да ерекше тарту жасалды. №6 колледждің 300 орындық жаңа оқу ғимараты пайдалануға берілді. Әлеуметтік нысанды тұрғызуға облыстық бюджеттен 260 миллион теңге бөлінген.
80 жылға жуық тарихы бар білім мекемесі аспаз, кондитер, наубайшы сияқты білікті орта буын мамандарын даярлайды. Бұған дейін бір қабатты ескі ғимаратта жұмыс атқарған. Соңғы жылдары мұнда уақыт талабына сай бармендер мен даяшылар, маркетолог-сатушылар да әзірлене бастады. Үш қабатты еңселі жаңа ғимаратта арнайы пән кабинеттері, лингафон бөлмесі және спорт залы бар. Соңғы үлгідегі жаңа құрал-жабдықтар да білім сапасын арттыруға негіз болады, - дейді ұстаздар қауымы. Бүгінде колледж 140-тан астам мекемемен студенттерді еңбек тәжірибесінен өткізіп, жұмысқа орналастыру жөнінде келісім-шартқа отырған. Студенттер мен оқытушылар бірлесіп дайындаған бірнеше жоба республикалық, тіпті, халықаралық байқауларда лайықты жоғары бағасын алыпты. Рахима Қожамжарова, колледж директоры: – Бірнеше жобамен жұмыс істеп жатырмыз. Оның бірі – арнайы пәндерді беру бағытында жаңа технологиялар енгізу. Енді, соған жағдай жасалған. EXPO-2017 бәрімізге ортақ қуанышты да жауапты тірлік, соған біз де дайындалып жатырмыз. Осының алдында «Қазақстан бренді – құрт» деген жобамен шығып, сол жобаға патентті алдық.
Дереккөз: baq.kz
Пікір қалдыру