Сайтымызда: "Тәуелсіздік мерекесін кім қалай тойлайды?" деген сұрақ төңірегінде жүргізілген сауалнама жауаптарын жариялаған едік. Өздеріңіз куә болған сан түрлі пікірдің ішінде өз ұлтына бей-жай қарамайтын әр қазақтың шамына тиетін сөздер де айтылды. "Сыйға - сый, сыраға - бал" демекші, қай мемлекетте өмір сүрсең де оның салт-дәстүрін, қастерлі мерекелерін сыйлай білу парыз. Мәселен, Алматы тұрғыны Роман Кошкулидің: "Шындығын айтқанда мереке мен үшін емес, сондықтан оған түкіргенім бар. Сізге дәл осылай деп жауап беріп тұрған бірінші адам емес шығармын" деген сөздері оның өзі сияқты ортасының түсінігін жеткізіп тұр.
Қазақстанда туылып, оның тіліне мұрнын шүйіре қарап, "Тәуелсіздік" күніне пысқырғаны бар жастар өсіп келе жатса, бұл ең ауыр қасірет емес пе?
Өзге ұлтты қойғанда, өз қазағың бір сұраққа жауап беруге қиналып: "Уақытым тығыз" деп дүкен аралауы, олардың қаншалықты қайырымсыз екендігін көрсетеді. Кешегі қан төгіспен жеткен мына бейбіт күннің бір минутын қимау кешегі желтоқсанда құрбан болғандардың аруағын қорлау.
Асыр салып, ойын-сауық құратын мереке болмаса да, "Алты Алаштың жұрты жиналып "Желтоқсан" құрбандарына құран бағыштайтын азалы күн. "Өлі разы болмай, тірі байымас", әр жылы Алматыда бұл күн ырың-жырыңмен аяқталады.
17 желтоқсан күні монументке гүл шоқтарын қоюға келген жүз-екі жүз адамның қарасы көрініп, жылдағыдай Мұхтар Шаханов сөз сөйледі. "Аттан!" салған Амантай қажы құран оқып, Алматы қаласының әкімшілігі атынан ашылған жиында: Желтоқсан құрбандарын еске алып, ең алдымен желтоқсаншылар, артынан жастар гүл шоқтарын қойды.
Мұхтар Шаханов: "Желтоқсан көтерілісінде 168 адам қаза болды. Кезінде біз комиссия құрып соның мәлімдемесін жарияладық. Көтеріліс төңірегінде толып жатқан лаңдар жатыр, әлі күнге дейін ол тексерілген жоқ, мемлекет назар аударған жоқ. Осыған кінәлі 41 адамның аты-жөнін газетке жарияладық. Тиісті мәселелер қойдық. Тіптен, Советтер одағына Горбачевтің билігі жүріп тұрған кездің өзінде КПС Орталық комитетінің саяси бюросына және соны басқарған адамның атына сын айттық. Желтоқсан көтерілісін еске алмау, оны ұмыту бұл күнаға бара бар. Ол халқымыздың ұлы рухани жеңісі, рухани байлығы, рухани парасаты, рухани шындығы, сол шындық биігінен көрінуге жазсын!" деген уытты сөзін әдейі қойылған музыка үні үзіп жіберді. ХХI ғасырда өмір сүрсек те, Шахановтың аузына тосар микрофонға жарымадық.
Осыдан кейін аға-әпкелеріміз қан төккен қасиетті алаңға барып тағы да құран бағыштап, гүл шоқтары қойдық.Осы жерде Жарылқап Қалыбай налып тұрып былай деді: "Ат арбаның алдында жегілген пар аттар болса, оның артына ерген арбасы болады. Атты халық өзіне сайлап алып, алдына жегіп: "шүу!" деп айдап отыруы керек қой. Өкінішке орай, бізде керісінше арттағы отырған қожайындарын аттар билеп кетті. Қалай бұрам десе солай алып кетеді. Халық мал болып кетті. Өзіміздің тойлардың тойы, мерекелердің мерекесі немесе тәуелсіздікке қол жеткізген күнді атап өтуге де шамасы жоқ. Қазақстанның түкпір -түкпірінен келіп, 17 желтоқсан күні миллион халық тұрып, тәуелсіздіктің қалай келгенін, енді қалай жүруіміз керек, қандай бағыт ұстау керектігін, біз үшін не нәрсе құнды не нәрсе құнсыз екенін айтуымыз керек еді. Өкінішке орай, ондай бізде санада жоқ. Сол халықтың өзінен қорқатын, санаға жеткізбей отырған билік бар".
Айтып-айтпай не керек, бір Қазақстан емес, 11 Одақтас республиканы оятып, бостандық алудың бастамасы болған 1986 жылғы көтеріліс тарихта алтын әріптермен жазылуы тиіс. Арада 27 жыл өтсе де, Тәуелсіздігімізді алып берген күні қырғын болардай, Алматыдағы студенттер жатақханаларының бәрінде: "16 желтоқсан кім не істейді, қайда болады?" деген тексерістер жүреді. "Жаңаөзен" көтерілісін де қоса айтатын бұл күні биліктің неден қорқатыны белгісіз. Керісінше, халықтың басын қосатын айтулы күн болып қалыптасса игі еді.
Пікір қалдыру