Сенат Азаматтық процестік кодекс жобасын үшінші оқылымда Мәжіліске қайтарды

/uploads/thumbnail/20170708195520922_small.jpg

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің жобасы үшінші оқылымда талқылап, құжатқа бірқатар өзгерістер енгізілгендіктен Мәжіліске қайтарды. Бұл туралы "Қамшы порталы ҚазАқпарат -қа сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Жаңа редакциядағы кодекс Қазақстанның құқықтық саясат тұжырымдамасын iске асыру мақсатында және Мемлекет басшысының судьялардың VI съезiнде қойған міндеттерін орындау үшiн әзiрленген болатын. Тұтастай алғанда Азаматтық процестік кодекс жобасы азаматтық-процестiк заңнаманың жеделдiгiн арттыруды, сот iсiн жүргiзуде бiтiмдестiру рәсiмдерiн белсендi қолдану үшiн оны жаңғырту арқылы жеке және заңды тұлғалардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сотта тиiмдi қорғауды қамтамасыз етуді көздейді. Сонымен қатар, құжаттың ережелерi азаматтардың, мемлекеттiң және заңды тұлғалардың бұзылған немесе дауланып отырған құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерiн қорғауды қарастырады. Ондай мүдделерді қалпына келтiру туралы азаматтық сот iсiн жүргiзу талаптарын орындауға, заңдылықты сақтауға, қоғамның заң мен сотқа кадiр-құрметпен қарауды қалыптастыруға бағытталады.
Талқылау барысында сенаторлар кодекске сексеннен астам түзету енгізген. Бұлардың басым бөлігі Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға байланысты болып табылады. Атап айтқанда, Сенат кодекс жобасына Ұлт жоспарының 16-шы қадамындағы үш деңгейлі жүйе құру жағдайында азаматтық істерді қараудың процестік тәртібіне көшу, сонымен бірге, 20-ы қадамдағы барлық сот процестерін аудио, бейне таспаға міндетті түрде жазуды енгізуге байланысты толықтырулар енгізді. 
Сонымен қатар, сенаторлар талап қою сомасын екі мың айлық есептік көрсеткіштен кем болған жағдайда жеке тұлғалардың, ал отыз мың айлық есептік көрсеткіштен кем болғанда заңды тұлғалардың мүліктік мүдделеріне байланысты істер бойынша сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға шектеулер белгілеп отыр. 
Енді құжат Мәжілісте талқыланатын болады.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар