Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамын орындауға сүбелі үлес қосу үшін Маңғыстау облысында да біраз жұмыстар қолға алынды. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының экономикасын құрайтын базалық элементтерінің бірі «Баршаға ортақ қазіргі мемлекет» болып табылады. Оның «индустрияландыру және экономикалық өсім» деп аталатын үшінші бөлімі мазмұны жағынан барынша толыққан. Ол 35-қадамнан 84-қадам аралығында. Қазақстанды халықаралық көлік-коммуникациялық ағынына интеграциялау, туристік кластерлерді құру, «ұлттық чемпиондар» белсенділігін жүзеге асыру секілді және басқа да көптеген өзекті мәселелерді қамтиды, – дейді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетова.
Аймақтың биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында, сондай-ақ стратегиялық және басымдықты мемлекеттік, салалық бағдарламаларда қойылған тапсырмаларға сәйкес жүргізілуде. Өнеркәсіптік кәсіпорындар 2015 жылдың қаңтар-маусымында қолданыстағы бағада 772,5 млрд теңгенің, оның ішінде өңдеуші кәсіпорындармен (саладағы үлесі – 5,3%) 41,3 млрд теңгенің өнімін өндірген. Ресми тілмен айтар болсақ, өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісінде – 1,6 есе, резеңке және пластмасса бұйымдар өндірісінде – 1,2 есе, тері және оған қатысты бұйымдар өндірісінде – 16,1%-ға, тамақ өнімдері өндірісінде – 20,3%-ға, химия өнеркәсібі өнімдерінің өндірісінде – 1,7%-ға
өсу байқалды. Алдағы уақытта өндіріс өсімі тек қана ұлғаймақ. Индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясында 6,2 мың жұмыс орны құрылатын 162,9 млрд теңге сомасында 21 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Сондай-ақ биыл 850 жұмыс орны құрылатын 16 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
– Нақтырақ айтар болсақ, бірінші жартыжылдықта «КУДУ Индастриес Қазақстан» ЖШС-нің жиынтықты бұрандалы сорғы жүйелерін шығаратын зауыты және «Қарақұдықмұнай» ЖШС-нің газ жетегі бар блокты шоғырлы сорғы стансасы пайдалануға беріліп, Sofie Medgroup ЖШС-нің көп бейінді емханасының құрылысы аяқталды және оны ашу жоспарлануда. Жыл соңына дейін өңірдің транзиттік мүмкіндігін едәуір дәрежеде арттыратын бірқатар аса маңызды жобалар іске асырылып, облыс экономикасының дамуына соны серпін беруге мүмкіндік бермек. Мәселен, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жүргізіп жатқан Шетпе – Бейнеу автомобиль жолын қайта құрылымдауды аяқтау жоспарлануда. Жыл соңына дейін «Ақтау халықаралық теңіз сауда портын» құрғақ жүк айлақтары мен инфрақұрылым объектілерін тұрғызу арқылы солтүстік бағытта кеңейту жобасы іске асырылады. Ақтау трансформатор зауыты электрлі қалқанша жабдықтарын шығару және күштік трансформаторларды жөндеу өндірістерін жолға қоюды көздеуде. Шыны-пластикалық құбырлар зауыты шыны-пластикалық құбырлар мен фитингтер шығаратын үшінші цехын тұрғызуда. Сұйық дәрілік формалар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар шығаратын фармацевтикалық кешені, үй құрылысы комбинаты, нан-бөлке, кондитерлік, макарон, шұжық өнімдері, ет жартылай фабрикаттарын, ауыз су өндіретін «Ақ нан Маңғыстау» зауыты. Бұл іске қосу жоспарланған объектілердің шағын тізбесі ғана», – дейді облыс әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетова.
Индустрияландыру жобаларымен қатар «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында белсенді жұмыс жүргізілуде. Ұлттық компаниялардың даму институттарының қаржыландыруы және бюджеттік қаржыландыру арқылы өңірде 14 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жүргізілуде. Инвестициялардың жалпы көлемі 156,5 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде Ұлттық қордан 2015 жылға 28 млрд теңге бөлінген. Оларды салу кезеңінде 2 мыңнан астам жұмыс орнын, пайдалану кезеңінде – 426 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Облыстың бәсекелестік артықшылығын есепке ала отырып, келешекте бес институционалдық реформамен тығыз ұштасатын, экономикалық өсу резервтері анықталған.
– Елбасының бес институционалдық реформасы бойынша біріншіден, мұнай-газ өндіру секторын (мұнай-газ өндіру, мұнай-газ сервисін) одан әрі дамыту қолға алынады. Екіншіден, құрылыс индустриясына екпін беріліп, үшіншіден, туризмге жаңа бағыт-бағдар ұсынылады. Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында Батыс Қазақстанға, оның ішінде «Кендірлі» курортты демалыс аймағын салу есебінен жағажай туризмінің орталығы ретінде айрықша рөл берілген. Бүгінде курортты аймақ дамуының жүйелік жоспары әзірленіп, бекітілді. Оған инвесторларды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, қажетті инфрақұрылым құрылуда. Демалыс аймағына автомобиль жолын салуға жергілікті бюджеттен 50 млн теңге бөлінді. Төртіншіден, транзиттік әлеуеттің (көлік және логистика) дамуы күшейе түседі. Атап айтқанда, «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағын жоғары технологиялы экспортқа бағдарланған өндірістермен толықтыру жалғасады. Қазіргі кезде АЭА аумағында 2014 жылы пайдалануға берілген төрт жобаны есепке алғанда, 9 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Биыл тағы да төрт жоба іске қосылады, – дейді Шолпан Илмұханбетова.
Ақтау халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытта кеңейту жобасының аясында жаңа айлақтарды, контейнерлік алаңдарды және астық терминалын салу бойынша жұмыстар аяқталды. Нәтижесінде қуаттылығы өсіп, Ақтау порты Түркия, Кавказ, Иран, Парсы шығанағы елдері және Үндістан бағытында экспортқа бағдарланған өнім мен транзиттік жүктер тасымалданатын логистикалық хаб ретінде қалыптасады. Басқа да көлік инфрақұрылымы да белсенді түрде салынуда. Азия даму банкінің қарыз қаражатын тарту арқылы республикалық бюджет қаражаты есебінен Ақтау – Бейнеу – Атырау автомобиль жолын қайта құрылымдау жобасы іске асырылуда. Шетпе – Бейнеу автомобиль жолының 6 учаскесінің қайта құрылымдау бойынша 4 учаскесіндегі (200 км) жұмысы аяқталған және тағы 2 учаскесін (100 км) биылғы жылдың соңына қарай салу жоспарлануда. Шетпе – Жетібай – Ақтау автомобиль жолын қайта құрылымдау жұмысы басталып, осы жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салуға, күрделі, орташа, ағымдағы жөндеуге және күтіп-ұстауға, сондай-ақ ЖСҚ әзірлеуге республикалық және облыстық бюджеттерден 7,7 млрд теңге бөлінген.
– Жалпы бизнесті дамыту жайында айтар болсақ, шағын және орта бизнестің жұмыс істеп тұрған субъектілерінің саны 2015 жылдың 1 шілдесіндегі деректер бойынша 46,7 мың бірлікті құрады. Соның нәтижесінде жалпы жұмыссыздық деңгейі 2015 жылдың 1 тоқсанында өткен жылдың осындай кезеңіндегі 5,4% орнына 5,2 % құрады. Жастар жұмыссыздығы 6,8-ден 3,8 % дейін азайды. Өңірді дамытуға моноқалаларды дамыту бағдарламасы да ықпал етуде. Оны іске асыруға биылғы жылы 1,2 млрд теңге, оның ішінде экономиканы әртараптандыруға және шағын және орта бизнесті дамытуға – 345,7 млн теңге, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға – 820 млн теңге бөлінді. Бүгінде жаңа өндірістерді құруға 5 млн теңге сомасында екі грант берілді және 530,9 млн теңге жалпы сомасында 9 жоба субсидияланды. Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыруға ағымдағы жылы 5,8 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 3,1 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 2,2 млрд теңге, «Өзенмұнайгаз» АҚ қаражаты есебінен – 500,0 млн теңге бөлінді, – дейді Ш.Илмұханбетова.
Жалпы алғанда, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері өңір дамуының орнықтылығын айғақтайды. Сондықтан да облыста бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі Ұлт жоспары да табысты орындалмақ.
«Жыл соңына дейін «Ақтау халықаралық теңіз сауда портын» құрғақ жүк айлақтары мен инфрақұрылым объектілерін тұрғызу арқылы солтүстік бағытта кеңейту жобасы іске асырылады. Ақтау трансформатор зауыты электрлі қалқанша жабдықтарын шығару және күштік трансформаторларды жөндеу өндірістерін жолға қоюды көздеуде. Шыны-пластикалық құбырлар зауыты шыны-пластикалық құбырлар мен фитингтер шығаратын үшінші цехын тұрғызуда»