Ислам ҚАБЫШҰЛЫ: Арманымыз бір, асуымыз биік

/uploads/thumbnail/20170708200707755_small.jpg

Қазақ хандығының 550 жылдығын Астанада атап өту салтанатына алыс-жақын шетелдегі қандастарымыз да көп келді. Олардың бірі – шетелдік қазақ ғалымы, тарих ғылымдарының докторы, әйгілі Орхон ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның қолдауымен ғылыми айналысқа енгізуге атсалысқан, «Моңғолдың құпия шежіресін» қазақ тіліне аударып, оны түркі шежірелерімен салыстыра отырып 50 жыл бойы зерттеген, сонымен қатар «Қазақ қауымы», «Моңғолия қазақтарының тарихы», «Керейлер керуені» тарихи зерттеулері, «Ұрпағың үзілмесін» роман-трилогиясының және т.б. әдеби еңбектердің авторы, Моңғолия Ғылым академиясының академигі, профессор, жазушы, түрколог Ислам ҚАБЫШҰЛЫ. Ислам ағамыз түркітектес 230 миллион халықтың соңғы 2200 жылдағы тарихын саралап, «Тұран әлемі» атты еңбек жазған. Осы еңбегі үшін оған «Әлем тарихшысы» атағы берілген және оның «Моңғолия ғылымына еңбек сіңірген қайраткер» атағы бар. Мерейтой күндерінде бізге осы ағамыздан сұхбат алудың сәті түсті.

– Сіз Қазақстанмен ғылыми тұрғыда тығыз байланыста болсаңыз да өзіңіздің өміріңіз туралы мұндағы қандастарыңыз жақын білмейді. Сондықтан, өз өміріңіз туралы қысқаша әңгімелеп берсеңіз…

– Мен Моңғолияның Бай Өлке аймағында дүниеге келген қазақпын. Қазақтар Алтайдың арғы, бергі бетіндегі туған жерінде алма-кезек көшіп-қонып жүргенде, Абақ Керейдің Жантекесінен шыққан бізді Көбеш деген батыр бабамыз Қобда өзенінің бетіне қоныстандырған екен. Бұл кейін Моңғолияның жері деп танылды ғой. 1924 жылы Моңғолияда социалистік мұратты ұстанған халық өкіметі орнағанын білесіздер. Оның басы-қасында Кеңес Одағының ғана емес, бүкіл Коминтерннің өкілі болып Тұрар Рысқұлов ағамыз жүрді. Моңғол елінің мәнжілер билеген заманында салынған Дахұрээ дейтін қаласын астана етіп, атауын «Улаан батыр» деп өзгертуге үлес қосқан да сол ағамыз. «Улаан батыр» дегеннің мағынасы «Қызыл батыр» деген сөз. Оны қазір қазақтар «Ұлан-Батыр» деп жазып жүр.

Мен Бай өлкеде 1941 жылы өмірге келген екенмін, ал өлкені Қазақ автономиясы сияқты етіп 1940 жылы құрған. Ол кезде Моңғолияның үкімет басында Батыр атағын екі мәрте алған маршал Х.Чойбалсан отырған. Міне, осы кісінің шарапатымен Қазақ өлкесі өз алдына аймақ болып құрылды. Қазір ол Моңғолияның 21 аймағының бірі, 13 сұмыннан (аудан) тұрады. Біз әкеміз Қабыштан үш бала: екі ұл, бір қыз тараймыз. Үлкен апайымыз Рабиға Цэнгэл сұмында өмір бойы сауыншы болып істеген көп балалы ана. Ал інім Пушкей Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясын бітірген маман. Кейін сол Мәскеуден Жоғары партия мектебін де бітіріп, Моңғолияның Дорноговь және Хобда аймақтарында партия комитетінің екінші хатшысы сияқты лауазымды қызметтер атқарды.

Өзім 1947 жылы мектеп табалдырығын аттадым. Ол кезде біздегі оқудың бәрі Қазақстан мектебінің бағдарламасымен болатын. Сондықтан, Қазақстанды да, оның оқулыққа енгізілген шығармашылық адамдарын да жақсы білдік. Бұл үрдіс 1986 жылға дейін жалғасты, тек 1987 жылдан кейін ғана біздегі мектептер басқа бағдарламамен оқуға ауыс­ты. Осыған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының әсері болды ғой деймін. Ол кезде Моңғолия билігі Кремль түшкіріп қалса, «жәрекім» деп отыратын еді ғой. 1987 жылы КОКП ОК «қазақ ұлтшылдығы туралы» деген қаулы алуымен бізде де қазақтарға деген көзқарас өзгерген сияқты болды.

Бала күнімде қозы жайып жүрген ұсақ балаларға ағайынымыздың үшінші сыныпты бітірген баласы өлең оқыды. Әлгіге қызығып кетіп, тағы да айтшы, бізге де үйретші десек, сендер үйрене алмайсыңдар, хат танымайтын адам ұқпайды деп кекірейеді. Сонда да соңынан қалмай, қайта-қайта айтқызып, жаттап алдық. Бұл Абайдың «Қыс» деген өлеңі екен. Бірақ авторының кім екенінде біздің шаруамыз жоқ, тек сөздерінің құдіреті баурап алды. «Ақ киімді денелі, ақ сақалды, Соқыр мылқау танымас тірі жанды. Үсті-басы ақ қырау, түсі суық, Басқан жері сықырлап келіп қалды». Қыстың әрі мылқау, әрі дию-пері сықылды қорқынышты қалпын қалай әдемі суреттеген. Мектепке оқуға түскен соң тек осындайларды үйретеді екен ғой деп тұспалдаймын. Осы өлеңге құштарлық мені мектепке тартты да тұрды. Сол жылы әпекем Рабиға мектепке баратын еді, жасым толмаса да мен де барамын деп безілдеп қалдым. Алайда мені жасы толмайды деп алмады. Бұған сірескен әке-шешем Рабиғаны да мектепке бермей қойды. Содан мұғалімдердің өзі келіп, екеумізді де мектепке алып, интернатқа орналастырды ғой.

– Өскен ортаңызда тілге, әдебиетке, тарихқа деген махаббат қандай еді?

– Мен туып-өскен ортада өлең, жыр-дастандар көп айтылатын. Ол кезде радио-телевизор деген жоқ. Кітап оқитын адамдар да шамалы, сондықтан көңіл көтергісі келген адамдар өлең, жыр айтатын адамдарды іздейді. Ауылымызда Әбілқас деген шежіре ақсақал болды. Сол «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Еңлік – Кебек», «Қалқаман – Мамыр», «Арқалық» және т.б. сияқты жырларды ұзақ таңға талмай айтып бере алатын. Тарихи әңгімелер мен шежірелерді де сол айтып, ұғатын жастардың бәріне білгізіп отыратын. Абылай хан туралы әңгімелерді, әз Жәнібек пен Ақыр Жәнібекке дейінгі батырлардың ерлігін, Бұқар, Үмбетей сияқты жыраулардың сөздерін де бізге осы Әбең білгізді. Өзі біздің ұлы атамыз Жеңсікбайдың қасына еріп, бойындағы барлық өнерін содан сіңірген екен. Жекеңнің өзі ақын, сал-сері болған адам. Ол туралы Ақыт қажы Үрімжіұлы деген белгілі ақынның: «Жекеңдей жел сөзінен самал ескен, Кім бар еді орақ тілде одан өткен…» деген жыр жолдары қалған.

Міне, соның бәрін бізге Әбілқас атамыз білдіріп, әңгімелеп, жырлап беруші еді. Солардың біразын біз де жаттап, қызығып айтып жүретін едік. Менің өлең-жырға, сөзге, тарихқа, көп білмекке деген махаббатымды алғаш осы кісі оятты десем, артық емес. Ал өз әкем Қабыш марқұм жылқы баққаннан артық өнері жоқ еді, алайда жылқының сырын жақсы білетін. Оларға ат қойғыштығы да ерекше болатын. Әкем атап кеткен «Сұркөжек», «Елпек сұр», «Қулық құла» сияқты атаулар сол жылқыға жабыса кететін.

– Туған жер, атамекен Қазақстан туралы қашан естідіңіз? Барғыңыз келген жоқ па?

– Мектеп бағдарламасы Қазақстандікі болғанымен, біздің Отанымыз – Моңғол Халық Республикасы деп оқытты ғой. Өзіміздің қазақ екенімізді білгенімізбен біз өз Отанымызда өмір сүріп жатырмыз деп ұқтық. Қазақстан туралы алғаш рет үшінші сыныпта жүргенде естідім. Мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, қойылатын концерттерден қалмайтынмын. Сондағы өнерім – өлең оқу. Абайдың «Қыс» туралы өлеңін нәшіне келтіріп, қимылмен айтамын. Мысалы, «Ұшпадай бөркін киіп оқшырайтып, Басын сіліксе қар жауып, мазаңды алды» дегенде екі қолымды басыма апарып, бөрік қылып кигізіп, одан басымды сілкіп, түскен қарды көрсететін қимылдар жасаймын. Отырғандар соның бәріне мәз болып, мені сахнаға қайта-қайта шақырады. «Репертуарымдағы» екінші өлең де Абайдікі. Бұл жолы ақылман ақсақалдың образына еніп, «Ғылым таппай мақтанбаны» дәл бір абыздай күңіреніп айтамын. Қаршадай баланың бұл қылығына да тыңдармандар мәз болады.

Бір күні шетелден қонақтар келіп, солардың алдында концерт қойдық. Соңын ала кезегім келген маған мұғалимам: «Қазақстаннан қонақ отыр, жүрексінбей, әдемілеп, нақышына келтіріп оқы», деді. Бірақ ол кезде ұялу, қымсыну деген сияқтыларды біле қоймайтын кезім ғой, қылтиып сахнаға шыға келіп, Абайдың өлеңдерін өзім білетін нақышпен айтып бердім. Ел ду қол шапалақтап, құрмет көрсетіп жатыр. Сахна шымылдығының саңлауынан қарасам, дәл алдында отырған зор денелі біреу орындығынан ұшып кете жаздап, алақанын қатты соғып отыр. «Е, әлгі Қазақстан дегені осы екен ғой», деп ойладым да қойдым. Түнде интернатта шырт ұйқыда жатсам, бағанағы мұғалимам алқынып келіп, жұлқылап оятып жатыр. «Ойбай, Ислам, жүр тезірек, бағанағы қонақтар сені алып кел, өлеңін тағы бір рет естиміз», деп жатыр дейді. Сөйтсем, «Қазақстан» деп отырған қонақ аға Семей ет-комбинатының директоры екен. Ол кезде бұл комбинат Моңғолиядан да мал алып, етін өңдейді ғой. Соның жұмыстарымен бізге келген болып шықты.

Мені дедектетіп апарып, қонақтарды күтіп жатқан үлкен залға кіргізіп жіберді. Үстелдің үсті ас мәзіріне толып тұр, арақ-шарап та суша ағылуда. Мені алып келген мұғалимам номерімді жариялап еді, мен орындықтың үстіне шығып, «Қысты» тағы да нәшіне келтіріп айтып бердім. Әлгі «Қазақстаным» деген ағам орнынан атып тұрып, бетімнен сүйіп жатыр, сүйіп жатыр. Қысқасы, сол жерден үлкен сыйлықтар беріп, зор құрметпен аттандырды. Содан бері менің жүрегімде «Қазақстан» деген алып, жомарт, кең пейілді аға екен деген түсінік қалыптасты… Міне, менің «Қазақстанды» алғаш көргенім осылай болды. Өсе келе әрине, Қазақстан туралы түсінігіміз артып, танымымыз кеңейді. Тіпті, «қазақ тілі» мен әдебиеттен беретін кейбір мұғалімдеріміз Алматыдан оқып келгендер болып шықты. Алыстан сағымдай болып бұлдырайтын Қазақстанның әйгілі адамдары туралы ақиқат пен аңыздар да сан түске боялып, құбылып жетіп жататын. Барлық баспасөз құралдары да бізге бөгетсіз келіп тұрды. Қазақ жазушылары Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, әншілер Күләш Байсейітова, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев және т.б. біз ешқашан бөтен елдікі деп емес, өзіміздің ақын-жазушыларымыз, өнерпаздарымыз деп таныдық. Арманымыз бір, асуымыз биік деп білдік.

– Мектептен кейін қайда оқы­дыңыз? Моңғолия коммунистік партия­сының орталық органы – «Үнэн» (қазақша «Шындық», КСРО-ның «Правдасының» атауы секілді) газетіне қалай жұмысқа орналасып жүрсіз?

– Мектеп бітірген соң Ұлан-Батырдың университетіне түсіп, журналистика және тарих факультетінде оқыдым. Оны қызыл дипломмен бітірдім. Моңғол, орыс тілдерінен басқа ағылшын, қытай тілдерін де үйреніп, бір кісідей сөйлей білетін халге жеттім. Жазу-сызуға студент кезімнен әуес болдым. Алғаш Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» деген әңгімесін моңғол тіліне аудардым. Осы жұмыспен жүргенімде бір күні қызық оқиға болды. Қазір есімі белгілі тарихшы болған ғалым, мектепті моңғол тілінде бітірген Зардыхан Қинаят менімен қатар, екі курс жоғары оқыды. Сол жатақханадағы бөлмеме жүгіріп келіп, моңғол радиосынан беріліп жатқан бір хабарды тыңдатты. Әңгіме моңғол ұшқышы Шагдарсүреннің ерлігін мадақтауға арналған екен. Оның Қытайдан бері өтпек болған Оспан батырдың жасақтарын бомбалағаны, сөйтіп Моңғолияның шекарасын күзетуде «жауды қырып салғаны» мақталып баяндалуда екен. Осыны естіген соң біз әрі намыстанып, әрі қазақты қырдық дегенге жанымыз ашып, күйіп кеттік. Мынаған қарсы мақала жазбасақ бұлар біздің бәрімізді «Оспанның қалдықтары», «қашқан-пысқан қазақтар» деп кемсітуін қоймайды. Сен соған қарсы мақала жаз, мен оны моңғол тіліне аударып Орталық жас­тар комитетіне шағынайық, деді ол. Мен ойланып қалдым, Өйткені, қарсы мақала жазсам, моңғолдың шекарасын бекемдемек болған өкіметтің ресми саясатына қарсы шыққан болмаймын ба деген ой келді. Ал саясатқа қарсы шықсам, «ұлтшыл» атандырып оқудан шығарып жіберуі мүмкін. Сондықтан, қарсылықты басқа жолмен жасамақ болып шешіп, 1939-1945 жылдары Кеңес Одағы қолдаған Моңғол Республикасының жағында жапондарға қарсы соғысқа қатысқан, атақты қазақ ұшқышы М.Зайсановтың ерлігі туралы мақала жазып, оны орталық газетке ұсынайық дедім.

Осы ақылым дұрыс болып шықты, менің мақалам үлкен сенсация тудырып, қазақтан моңғол жерін қорғаған ұшқыш батыр шыққаны, оның Моңғолияның төрт адамы қатарында алғашқы генерал атағын алған адамның бірі екендігі жалпақ жұртқа жария болды. «Жақсыдан шарапат» деген емес пе, осы мақаланың арқасында мен жазғы практикамды «Үнэн» газетінде өткізу құрметіне ие болдым. Елдің батысындағы үш аймаққа тілші болып, бір айда жазған-сызған дүниелерімнің бәрі оның бетіне үздіксіз шығып тұрды. Оның үстіне өзім де жақсы оқып, ұстаздарымның көзіне түсіп жүрдім. Бізге «очерк жазу шеберлігі» пәнінен дәріс оқыған Моңғолия жазушылар одағының бастығы, халықаралық «Лотос» сый­лығының лауреаты Содомын Удвал ханым да өзінің бір баяндамасында журналистика факультетінде болашағынан үлкен үміт күттіретін үш үздік студент оқиды деп солардың қатарында мені де атапты. Міне, осындай себептердің арқасында газет басшыларына әбден танылып, диплом алған соң Орталық комитеттің шешімімен «Үнэн» газетіне қызметке тұрдым. Айта кететін жайт, бұл қызметке жолдаманы МХРП Орталық комитетінің бас хатшысы Ю.Цеденбалдың өз қолынан алдым. Бұл 1966 жылдың 30 маусымында болған оқиға еді. Қалың халқа-моңғолдардың қолы зорға жететін осынау қызметке аз қазақтың арасынан қол жеткізгенім – үлкен жетістік қой деп ойлаймын. Осы қызметті мен 30 жыл атқарып, әлемнің біраз жерін шарлап шықтым. Халқының жалпы саны сол кезде 1,6 млн. ғана болатын Моңғолияға 180 мың тиражбен тарайтын «Үнэн» газеті елдегі ең басты басылым еді. Ол Моңғолияның барлық түкпірі ғана емес, аудармамен алыс-жақын шетелдерге де шығып тұратын.

– Жоғарыдағы бір сөзіңізде моңғол басшылығы Кремль түшкірсе, «жәрекім» деп отыратынын айттыңыз. КОКП-ның кері кесапаттары сіздерге де тиіп тұрды ма?

– Әрине, тек қана біздікін дұрыс дейсіңдер, тек қана біздің жолмен жүресіңдер деген саясат «сары аяққа бал құйып, сабынан қарауыл қарағандай» жүргізіліп тұрды ғой. КСРО-да болған барлық саяси науқандардың бәрі Моңғолияда айна-қатесіз қайталанатын. Мәселен, сіздер әліпбиді үш рет өзгерткен болсаңыздар, бізде де дәл солай болды. Ақыры кириллицаның негізіндегі қазіргі моңғол әліпбиін қолданып жүрміз. Мұндайлар түгіл өзіміздің дербес саясат ұстанғымыз келген барлық бастамаларымызды тамырынан қырқып отырды. Мысалы, 1962 жылы Моңғол Ғылым академиясы Шыңғыс ханның туғанына 800 жыл толуын атап өту туралы бастама көтеріп, ғылыми-практикалық конференция өткізген болатын. Туған өлкесі Хэнтий аймағындағы Бурхан халдун тауының баурайына ескерткіші орнатылып, астына Шыңғыс ханның: «Құлаш денем құласа құлай берсін, құраған елім құламасын» деген сөздерін де жазып қойған еді. Бұл моңғол халқының рухын көтеріп, ұлттық сана-сезіміне шоқ тастаған оқиға болды. Алайда, бұл істер Кеңес өкіметінің идеологтарына ұнамай қалыпты. Олар Шыңғыс ханның дүниежүзіне белгілі даңқын көре алмай, орыстан асып кеткендігіне іштеріне пышақ айналмай қалса керек. Дереу бұл істі қатты сынап, Шыңғысхан қанішер, адамзаттың прогресін тежеген жауыз деген мағынадағы солақай айыптарын төгіп берді. (Дәл сол кезде нағыз қанішер болған өздерінің Грозный патшаларын дәріптеп жатқанын да біліп отырдық). Осындай сындардың нәтижесінде МХРП Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Л.Төмөрочир жұмыстан қуылып, көптеген ғалымдар «ұлтшылдық» қамытын киді. Бірақ осындай жағдайдың өзінде мен ғұлама ғалым болған ұстазым, әлемнің 16 тілін білген, ұлты бурят Ринчен Бямбаевтың бастамасымен «Моңғолдың құпия шежіресін» қазақ тіліне аударып, ұлы жиһангер бабамыздың даңқын туған халқыма таныстырғанымды өз өмірімдегі үлкен жетістіктің бірі деп санаймын. Керей қазақтың ханы Тұғырылдың оны қолдап, әкелік қамқорлық жасағанының арқасында ғана Шыңғыстың абыройы артып, әлемге танылғанын қандастарымыздың көбі алғаш рет осы еңбектен білді. Сондықтан да бұл еңбекті Қазақстандағы ғалым бауырларымыз ғана емес, Қытайда тұратын тарихшы ғалым Нығмет Мыңжани, Түркияда тұрған діндар ағамыз Халифа Алтайқажы, Германияда тұратын Хасен Өралтай түрлі жолдармен алдырып, қазақ, араб, латын әріптерімен тергізіп, еселеп көбейткенін мен артынан білдім.

– Қазір моңғолиялықтар Шыңғыс ханның есімін тіпті ішетін арағы мен сырасына, тартатын шылымына дейін беретін болыпты ғой…

– Оныңыз рас, осындай асыра сілтеулер ұлы есімнің қадірін түсіріп жіберуі де мүмкін. Бұл мәселені Моңғолдың орталық билігі де біліп отыр. Бір кезде оның есімін қадірлі жерлерге ғана беру керектігі туралы шешім шығатын шығар деген үмітім бар.

– Ислам аға, сіздің 1967 жылы Моңғолияға барған Сәбит Мұқановтың қасына еріп, бірнеше күн бірге болғаныңыз жайлы тамаша естелігіңізді «Жұлдыз» журналынан (№1., 1987 жыл) оқығанбыз. Сәбеңнен басқа Қазақстанның қандай атақты адамдарымен аралас-құралас болдыңыз?

– Бәрімен деу артық болатын шығар, бірақ қазақтың біршама аймаңдай азаматтарымен жақын араласқанымды мақтаныш көремін. Әлкей Марғұланмен алғаш рет 1973 жылы, ол кісі Моңғолияға келген сапарында таныстым. Ол кісі маған Моңғолиядағы қазақ тарихына қатысты дүниелерді жинай беру туралы тапсырма берген еді. Енді өзімнің Қазақстанға алғаш рет қалай келгенім туралы айтып берейін. Мен Мәскеу, Берлин, Прага және т.б. әлемдік қалаларға жиі барып жүрсем де өзіміздің Алматыға жолым түспей-ақ қойды. Соған өкініп, қашан жол түсер екен деп КСРО-ға келген сайын уайымдап кететін едім. Ақыры, 1976 жылы бұл сапардың да сәті түсті.

Социалистік елдердің журналистер ұйымының халықаралық орталығы Прага қаласында болатын. Сол қаладағы жиналысқа барған бір сапарымда «Социалистік Қазақстан» газетінің сол кездегі редакторы Сапар Байжановпен танысудың сәті түсті. Сол кісі менің тарихпен шұғылданатынымды естіген соң ғылыми байланыс орнату мақсатымен Қазақ КСР Ғылым академиясынан шақырту жібертіп, соның арқасында туған жерге табаным тиді. Алатаудың баурайына мен мінген ұшақ төмендеп келе жатқанда Жаратқанға мың да бір шүкіршілік айтып, көзімнен жасым шығып кетіп еді-ау…

Мені ұшақтан Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының сол кездегі директоры, академик Ақай Нүсіпбеков ағамыздың өзі қарсы алды. Содан академияда, университетте басқа да оқу-ғылым ордаларындағы кездесулерде болып, қазақтың нелер бір қасқалары мен жайсаңдарымен танысып, табақтас болдым. Менің үйімде Нұрғиса Тілендиевтің сыйлаған домбырасы тұр. Бертін барғанымда Дінмұхаммед Қонаев ағамызбен де танысып, үйінде әңгімелескенім бар. Әңгіме барысында оның КСРО-ның Үкімет делегациясы құрамында 1974 жылы Моңғолияға келгенін де еске алған едік.

Сол алғашқы келген сапарымда «Социалистік Қазақстанның» редакторы Сапар Байжановтың қабылдауында болып, оның тапсырысымен сол кездегі жас тілші, бүгінгі «Егемен Қазақстанның» басшысы Сауытбек Абдрахманов інім менен сұхбат алып, бас газетке жариялаған болатын. Бұл туралы 2010 жылы Бай Өлкеге барған сапарынан кейін «Мәңгілік сен қаласың, сағынышым» атты мақаласында Сауытбектің өзі де жазды. («ЕҚ», 28.07.2010 жыл).

Манаш Қозыбаев, Әбдуали Қайдаров және т.б. атақты ғалым, өнер адамдарымен жақын танысып, дәмдес болдым. Бүгінгі Қазақстанда мен білмейтін тарихшы ғалым жоқ десем артық айтқандық емес.

– Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты айтпағым бар деген едіңіз, енді сол туралы әңгіме қозғасақ…

– Бұл тақырыпта менің айтпағым ұлан-ғайыр. Алайда, сөзімді қысқартыңқырап, біздің халықтарымыздың бағына тарих тарту етіп, елдігімізді сақтаған үш даңқты тұлғаға тоқталғым келіп отыр. Олар Шыңғыс хан, Мұстафа Кемал Ататүрік және Нұрсұлтан Назарбаев.

Мұндай лидерлер ғасырлар тоғысында патшалықтардан әл кеткенде, саусақпен санарлықтай ғана болып туады. Тағдырдың тәлкегімен әкесіне у беріп өлтірген татарлардың қанды ісіне қапаланып, одан көшкен жұртта жалғыз қалған жетімектің көзін құрту үшін тайчуудтардың қанқұйлы әрекетінен зорға құтылып, әлдісі әлсізін құртқан заман зардабын тартып жүріп, қар жас­танып, мұз төсеніп жүріп азғана ру-ұлыстың басын қосқан бала Тэмуджин 1189 жылы моңғол туырлықтылардың, 1206 жылы жалпы көшпенділердің империясын құрып, тарихта өшпес із қалдырды. Күншығыстан ежелден қырқыса беретін ата жауларын ығыстырып, аз ғана моңғол тайпасына қол үшін берген Керейдің Тұғырұл (Ван) ханы. Жетім Тэмуджинге мұның аты осыдан былай «Жеңіс хан» болсын деп бата бергені де тарихи құжаттарда дәлелденген дерек. Содан кейін дуалы ауыздан шыққан бұл сөз «Жеңіс хан» – «Шыңғыс хан» болып аталғаннан бері де 8 ғасыр өтіпті. Шыңғыс хан туралы әлемнің мыңға жуық ғұлама ғалымдары, тарихшы зерттеушілері үздіксіз жазумен келеді. Моңғол әулетінен басқа Орталық Азияда олармен қанаттас өмір сүріп, қатарлас өсіп-өнген халықтың бірі – қазақ халқының ғұлама ғалымдары Еуропаның «Евроцентризміне», Азияның «Күнзизміне» төтеп берген ұлы һәкім Абай, ұлық тұлға Мағжанға дейінгі ғұламалары «Шыңғысхан – хандардың Ханы» деп бағаласа, ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан: «3000 жылдық тарихы бар, 45 ру-тайпадан құралған қазақ елі әйгілі халық. Соның бір ғана бұтағы Керей мен Наймандар моңғолдардан әлдеқашан бұрын өз мемлекеттігін құрған» деп жазды.

Шыңғысханның басқа патшалардан артық ұлағатты ісі – өзара қырқысқан қалың тайпалар мен руларды бір тудың астына жинап, хандық құрып, көшпенділердің тұңғыш мемлекеттігін құрғаны.

Ендігі ұлы тұлғамыз Мұстафа Кемал Ататүрік. Ол да 500 жыл дәуірлеген Осман империясынан әл кетіп, «алыстағы бауырлар» (Мағжанның сөзі) дербес ел ретінде жер бетінен жойылуға шақ қалған алас-қапас кезеңде тарих сахнасына шықты. Өздерінен әлдеқайда мықты жауларының алдында бас имей, қасқая тұрып, ұлттың рухын көтеретін «Не өмір, не өлім!» деген ұранмен түрік ағайындардың намысын жанып, жауға қарсы көтеріп, мемлекетінің дербестігін сақтап қалды және алдыңғы қатарлы даму жолына түсіре білді. Сондықтан бұл адамның есімі де исі түркі халықтары үшін ұлы тұлға деген атауға лайық.

Үшінші ұлы тұлғамыз КСРО-ның шашылып қалған жұртынан халқының рухын көтеріп, қазақты дүниежүзіне танымал ел қылған Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазір Назарбаев десе Қазақстан, Қазақстан десе Назарбаев болып, ажырамас тұтас ұғымға айналып, елдің даңқы әлемнің сегіз қиыр шартарабына тарады. Ғасырға татырлық ғажайып істер тындырған Елбасына соңғы 25 жыл ұдайы Қазақ елі сенім жүктеп, үлкен үміт артып отыр. Елбасының билік басындағы басқа әріптестерінен ерекшелігі сонда, ол өз халқы тарихының білгірі, тарлан тарихшысы, сегіз қырлы, бір сырлы болуында. Қазақ пен орыс халқының тарихы мен мәдениетін жетік меңгерген ол осы егіз елдің сиқырын да, сырлы тілін де майын тамызып сөйлегеніне таңдай қағып таңданасың.

Н.Назарбаевтың алдымен тарих жылын жариялап, артынан Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауға шешім қабылдауының астарында үлкен мән бар. «Еуропацентризмнің» уымен уланған шовинистер осыншама ұлан-ғайыр жерді мекендеген елдің өткен тарихын бұрмалап, көшпенділер дегенді көшіп-қонуды ғана білетін, мәдениетсіз, қырқысқан қырық рулы елдің бірі деп түсіндірді. Олардың адамзат мәдениетіне қосқан айтулы үлесін жоққа шығарып, Еуропа мен Америка жазу-сызудың не екенін білмеген кезде, бұдан 2200 жылдан астам уақыт бұрын қытайдың ақ қорғанын салуға мәжбүрлеген көшпенділердің ғұн империясын, олардан көп бұрын сақ тайпасының болғанын, олар өз жазу-сызуымен қисса-дастандарында қағазға да, тасқа да қашап жазғанын мойындамады. Бұдан 15 ғасыр бұрын жарты әлемді бағындырған Көк түріктің бел баласы Күлтегін Білге мен абыз ғұлама Тоныкөктердің түп төркіні қазақ дегенге сенбегенімен қоймай, 1206 жылы көшпенділердің ұлы империясы құрылғанда соның алтын арқауы үйсін, қаңлы, найман, керей, жалайыр, қоңырат, қыпшақ, меркіт, сәнби, қарақидан сияқты ру-тайпалардың бәрі қазақтың ертеден бері келе жатқан ұлыстары екенін ешқашан елемей келгені озбыр патшалықтардың өрескел саясатының кесірі еді. Азияның сайын даласы мен алып Алтайдың баурайында 3000 жылдай өмір кешкенде «мың өліп, мың тірілсе де» осы өлкеде тапжылмай тұрған қайсар да қаһарман халықты орыс пен мәнжіден арылтып жазу қылмыс болып есептелген заманда қазақты қор санап, өздерін зор санаған тарих толқындарының қатпарында қандай зұлымдықтың жатқанын Нұрекең жақсы білгендіктен тарих жылын, одан Қазақтың төл хандығының 550 жылдығын жариялауы үлкен сұңғылалықтың белгісі еді.

1999 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Моңғолияға екінші рет келген сапарында Президент Нацагийн Багабандимен еркін әңгімелесіп, барлығымыз Орталық Азиядан өрбіген киіз туырлықты, ағаш уықты көшпенділер әулетіміз, әдет-ғұрып, салт-санамыз ұқсас, қазақ халқы Жошының мавзолейін 8 ғасыр бүлдірмей, қиратпай сақтаған ел деген. Содан Президент Н.Багабанди Нұрекеңді әуежайға шығарып салған жолында жолай тарих институтына келіп, «Моңғол тарихын» дереу жаңадан жазуға тапсырма бергенін баспасөздер жамырап жазғаны бар. Асыққан істің шалалығы болғанымен сол дүмпумен моңғол тарихының қазақпен жақындығы біршама ашыла түсті.

Міне, осындай істері үшін Нұрсұлтан Назарбаевты ұлағатты жолы Шыңғысхан, Мұстафа Кемал Ататүріктен кейінгі ғасыр тудырған замана перзенті, Қазақстан ғана емес жалпы түркі-моңғол халықтарының тарихындағы ұлы тұлғасы деп тарих парағына алтын әріппен жазылуға тиісті деп санаймын.

– Отбасыңыз туралы да айта кетсеңіз…

– Менің төрт ұл, екі қызым бар еді. Үлкен ұлым Бақытжан және кемпірім Шолпан осы биыл дүниеден өтіп, зор қайғыға ұшыратып кетті. Қалған ұлдарымның ішінде Бауыржан бір үлкен компанияның басшысы болып істеп жүр, Арманым – мемлекеттік қызметте. Кіші ұлым Абай тарихи Отанына оралған, қазір Алматы қаласындағы төтенше жағдайлар басқармасында қызмет істейді. Қыздарым Назгүл мен Бибігүлдер де отбасыларымен бірге тарихи Отандарына оралып, Астана мен Көкшетау қалаларының мектептерінде мұғалім болып жүр. Бәрі де балалы-шағалы, құдайға шүкір, немере-жиендерім аман-сау өсіп келеді. Менің жолымды қуып ғылым жолына түскен үлкен ұлым Бақытжан еді, ол моңғол университетінде сабақ берген, сұм тағдар ерте алып кетті. Біздің отбасымыз қайда жүрсек те екі еліміздің де амандығын, алға өрлеуін тілеп отырудан жаңылған емеспіз.

– Қайтыс болғандардың артының қайырын берсін. Әңгімеңізге рахмет, аға.

Әңгімелескен

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан».

"Қамшы " сілтейді

Қатысты Мақалалар