Ахуалың қалай, қазақ ауылы?

/uploads/thumbnail/20170708200706795_small.jpg

Осы сауал төңірегінде қордаланған проблемаларды газет оқырмандары ортаға салып, шешілу жолдарын да сөз етті

Дәуқарадағы ділгірлік

Айыртау ауданы небір дүлдүл ақын-сазгерлерді өсіріп, еліміздің атағын шартарапқа аспандатқан өңір саналады. Осы жерде қоныстанған Дәуқара ауылының тарихы да бай. Өткен жолына үңілетін болсақ, ұшқыр уақыт бедерлеген кезеңдердің іздері сайрап жатыр. Шашасына шаң жұқтырмаған суырыпсалма ақын Орынбайды атақты Ақан сері пір тұтқан.

Бақ қонса, біз де сіздей нар болармыз,

Біз қайтсек кемеңгерге пар болармыз?

Басың – бұлбұл, аяғың дүлдүлім-ай,

Бір күні сізге дағы зар болармыз,–деп жырға қосқан. Дәуқаралықтар Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Жаныбай Игібаев, өңірден шыққан тұңғыш генерал Қыдырғали Нұрмағамбетов, алғашқы қазақ әскери журналисі, полковник Сапарғали Жағыпаров секілді еңбектің ащы терін шүмектете төгіп, үлкен абырой-беделге бөленген жерлестерін де мақтан тұтады.

Аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінің орталығы болған, төрт түлікті мыңдап өргізген елді мекенде бір кездері 200 үйдің түтіні шалқи ұшты дегенге сенгің келмейді. «Басқа түскен баспақшыл» дегендей, тұрғындардың заман ағымына бейімделіп қалғаны бірден байқалады. Ұсақ шаруа қожалықтарына пайларын үлестіріп, қатарластарынан қалыспай өз күндерін өздері көріп отырған жайлары бар. Белсеніп шыққан жеке кәсіпкерлер арасында өз істерін дөңгелетіп әкеткендері жоқ емес. 250 орынға арналған екі қабатты мектеп үйінде 72 шәкірттің оқып жатқандарына шүкіршілік етеді. Көңілдеріне демеуі–осы. Оқушылардың жетіспеушілігінен білім үйлері жабылып, ауылдар тарап жатыр деген жағымсыз хабарды естіген сайын аудан жаққа қарап елең ете қалады.

Газет оқырмандары алдында сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы жергілікті бөлімшесінің төрағасы Кәрібай Мұсырман жиналғандарға алдымен еліміздің ішкі-сыртқы жағдайын баяндап берді.

– Әлемді бірнеше мәрте дүрліктірген қаржылық дағдарыс өзге елдер секілді Қазақстанды да шарпып, мұнай бағасының құлдырауы, көрші Ресейге қарсы қолданылып жатқан санкциялық шаралар елеулі әсер етіп отырғанын көзіқарақты, құлағы түрік өздеріңіз де аңғарып отырған боларсыздар. Алайда, уақыттың күрделілігіне қарамастан Елбасымыз жаһандық дағдарысты еңсерудің, әлеуметтік міндеттемелерді мүлтіксіз орындаудың, ең бастысы, халықтың тұрмыс-тіршілігін ауырлатпаудың бағдарламаларын белгілеп, Үкімет алдына нақты міндеттер жүктеді. Теңгенің еркін айналымға жіберілуі жергілікті өндірісті өрге бастыру, шағын және орта бизнесті ілгерілету, сыртқы нарыққа сапалы тауарлар өндіру бағытында жасалып жатқан тегеурінді қадам екенін баса айтқым келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен республика халқы арасындағы бірлікті, татулықты, ауызбірлікті басты мұрат еткен Президентіміздің сарабдал саясаты арқасында талай тығырықтардан аман-есен өткенімізге бәріміз куәміз. «Бұдан жаман күнімізде де тойға барғанбыз» дегендей, жағдайдың түзелеріне, келешегіміздің кемелденеріне сенейік! «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары қағидаттарының жүзеге асырылуы жайлы Отанымыздың бас газеті – «Егемен Қазақстан», облыстық «Солтүстік Қазақстан» газеттері жүйелі түрде жазып келеді. Бұл басылымдар беттерінде басқа өзекті тақырыптар мен мәселелер де жан-жақты көрініс тапқан. Ұлттық газет-журналдардың негізгі оқырманы–сіздерсіздер. Сол себепті баспасөз науқаны барысында елді мекендерді аралау дәстүрін жалғастыра отырып, көпшіліктің ұсыныс-тілектері мен бағалы ұсыныстарына назар аудару қалам иелерінің парызы болып табылады. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген.

Бірінші болып ауылдың байырғы тұрғыны Ақмолда Жанысов сөз алып, бала-шаға нәпақасын айырып отырған мал бағасының құнсызданып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Оның бірден-бір себепкері– делдалдар. Жүзіктің көзінен өтетін жылпос жігіттер сиырды небәрі 80-90 мың теңгеге бағалап, жұмыртқадан жүн қырқып жүр. Ал, базардағы ет бағасына қарасаң, арадағы айырма жер мен көктей. Ауылдықтарды сүлікше соратын осындай жөнсіз­діктерге тиісті орындар тыйым салғаны жөн секілді. Жағдай осылай созыла берсе, қолдағы бар малдың пышаққа ілігетін түрі бар.

Оқырмандармен жүздесуде Дәуқарада 100 түтін ғана қалса, кеңшардың бөлімшесі болған көршілес Бірлестікте, керісінше, үйлердің де, тар мектептегі оқушылардың да, төрт түліктің де саны көбейгені айтылып, олардан кембіз бе, неге үлгі алмасқа деген намыс отын жанитын жалынды үндер естілмей қалмады. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында Өзбекстаннан атажұртқа қоныс аударған Жаңабай Пірманов Шалқар көлінің жағасында жылқы, қой, сиыр, түйеге дейін өсіреді. Ондаған отбасының көшіп келуіне ұйытқы болды. Іскер азаматтың жасампаздық істері мен тәжірибесі «Егемен Қазақстан», «Солтүстік Қазақстан» басылымдары бетінде жазылды. Мұғалім Амантай Сердалин электр шамдары орнатылмағандықтан түн қараңғылығында көшелермен жүру мүмкін еместігін, жастар бос уақыттарын мазмұнды өткізетін орыннан қиындық көріп отырғанын қынжыла айтты. Ескі клуб ертеректе өртеніп кеткен. Ал, иесіз қалған асхананы қалпына келтіруге ешкімнің жүрегі дауаламайтын көрінеді. Ауылдықтардың жер үлестерін пайдаланып отырған «Жарқын СК» ЖШС де көмекке асығар емес. Ауылға жақындау тұста ағын су көлшікке айналып, грейдер жолдың опырылып кетуі әбден мүмкін екені алға тартылды.

Беделді ұстаздардың бірі Қасым Нұрғалиев ұлттық басылымдардың басылу сапасы, мәселелерді қамту ауқымдылығы жағынан уақыт үрдісінен қалмайтынын, қоғамдық пікір қалыптастырудың биік мінберіне айналғанын айта келіп, пошта тасымалын ширата түсу керек деген ұсыныс тастады. Қолымыздан келетін істерге өзіміз білек сыбана атсалыссақ, алдымен жастарға үлгі болар еді. Көшелерді, аулаларды таза ұстау үшін жоғарының бұйрығын күтуіміз керек деген ащы болса да шымбайға бататын уәжі талайларды ойландырған тәрізді. Ақсақалдың айтуынша, жуырда осы ауылға аудан әкімі Ағзам Тастеміров арнайы келіп, бірқатар проблемаларды қолма-қол шешіп беріпті.

Ғабит Мұқажанов «Жарқын» серіктестігінің егіс алқаптарына жайылған биелер жаппай құлын тас­тады. Одан тиісті орындар құлағдар болғанымен, еш шара қолданбай келеді. Тым болмаса себебі анықталса деймін. Менің жеке пікірім бойынша, минералды тыңайтқыштар шамадан тыс сіңірілген сияқты десе, мектеп директоры Алдан Нүрпейісов келесі жылы да ұлттық басылымдардың оқырмандар қатары кемімейтініне сендірді. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», тағы басқа ауыл өміріне тікелей қатысты бағдарламалар жайлы жан-жақты ақпарат алатындарын, ұлттық тарихқа, мемлекеттік ой-санаға қатысты мәселелерге де жиі қалам тартылатынын, кей адамдар кәсіпкерлік істі қалай бас­тауды білмегендіктен құлшына қоймайтындарын, сондықтан жаңа айдар ашылып, жүйелі көрсетілсе деген тілектерін жеткізді.

Кездесуге қатысушылар Дәуқара орта мектебіне Алашқа аты мәшһүр Орынбай Бертағыұлының есімін беру туралы уағдаласты.

Балуанның «бас ауруы»

Шал ақын ауданы Балуан ауылы тұрғындарымен ұйымдастырылған оқырмандармен жүздесу де проблемалық мәселелердің алға тартылуымен есте қалды.

Облыс орталығынан шалғай жатқан елді мекен табысы көл-көсір кеңшардың белді бөлімшелерінің бірі болып, бертінге дейін 100-ден аса үйдің қатары селдіремей келген. Есімі елімізге танымал ұстаз, ақын, жазушы Сейтен Сауытбеков, белгілі қаламгерлер Жарасбай Сүлейменов, Тоқтар Зікірин – осы ауылдың тумалары. Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдарында әртүрлі себептермен жөні түзу басшыға жарымай, басындағы бағы ұшқан ауданмен бірге бұл ауылдың да іргесі сөгіліп, бүгінде 38-ақ шаңырақ қалған. Соған орай Сейтен ағамыздың есімі берілген білім ордасы амалсыз негізгі мектепке айналдырылған. Кездесу барысында облыстық мәслихаттың депутаты Кәрібай Мұсырман қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – «Егемен Қазақстанның», іле-шала «Солтүстік Қазақстан» газеттерінің 95 жылдық мерейтойлары лайықты жетістіктермен атап өтілгенін, орыстілді басылымдарға қарағанда тираж жағынан озып тұрғанын, жыл өткен сайын оқырмандар қатары қалыңдап келе жатқанын, мұның өзі ұлттық рухтың оянуымен, қазақша газет-журналдарға деген қызығушылықтың арта түскенімен байланыстырды. Ол оқырмандарды ашық сұхбатқа шақырып, өздерін толғандыратын мәселелер жайлы бүкпесіз айтуларын сұрады. Ал балуандықтардың көкейлерінде жүрген түйткілді жайлар аз болмай шықты.

Жекешелендіру жаңа басталған кезде Жарасбай ағамыздың кеңшардан бөлініп шығып, жеке кооператив құру жайлы айтқан ұсынысын дер кезінде тыңдағанымызда жағдайымыз басқаша болатын ба еді? Әттең, қолымызды мезгілінен кеш сермеп, ақыры ортақ меншіктегі мал-мүлік түгіл еншіміздегі жерімізден де айырылып қалдық, деді мектеп директоры Торғын Абдрахманова. Сөйтсе, әлдекімдердің айла-шарғысымен қолдан-қолға өтіп кеткен 4400 гектар жерге қазір көршілес Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның «Алма» фермерлік шаруашылығы иелік етеді. Көктемгі егіс пен күзгі орақ кезінде ғана төбе көрсететін серіктестік басшысына балуандықтар өкпелі. Өздеріне тиесілі жерлерін заңды жолмен қайтарып алуға қанша әрекеттенсе де, тегеурінді қарсылыққа кездесіп келеді. Жақында ауылға ауданның жаңадан тағайындалған әкімі Ербол Сағдиев келіп, тұрғындардың мұң-мұқтаждарын тыңдағаннан кейін «Жерлеріңізді пайдаланып отырған фермердің үстінен ауызша айтқан арыздарыңызды қағазға түсіріп, қолдарыңызды қойып беріңіздер. Сонда ғана оны заңды құжат ретінде қарастыруға болады», деген екен. Мұндай сөзді балуандықтарға осыдан бірер жыл бұрын халық қалаулысы да айтқан еді. Алайда, ешқайсысы арыз жазу жауапкершілігін өз мойнына алғысы келмейтін сыңайлы. Ал «Алманың» басшылығы жер үлестері үшін күзде 1-2 қаптан ұн берумен ғана шектелетін көрінеді.

Ауыл тұрғыны Қайрат Тәнібаев сырттан келіп мал сау­далаушылар ірі сиырды небәрі 100 мың теңгеге бағалайтынын, ал Балуандағы 20 шақты үйден сүт сатып алатын Сергеевка сүт зауытының өкілдері біржарым айдан бері өткізілген өнімнің ақысын төлемей отырғандығын назалана жеткізді. Ол өзі ғана 1,5 тонна өнімінің ақысын ала алмағандықтан, аталмыш кәсіпорынға сүт тапсыруды доғарыпты. Шағым аудан басшысына жеткеннен кейін өз орталарынан сүт жинап, өткізумен айналысатын бір адам шығару қажеттігі жөнінде кеңес берген. Осындайда алысқа бармай-ақ Социал ауылының бір азаматы өз ауылдастарынан мал өнімдерін жинап алып, өткізуді тұрақты табыс көзіне айналдырып жүргендей неге іс-әрекет етпеске деген заңды сұрақ туады. «Алма піс, ауызға түстің» керімен отыра берсе, тұрмыстың оңалмасы анық.

Т.Абдрахманова ауылда жеке кәсіппен айналысып отырған ешкім жоқтығын айта келіп, «Аудан орталығына барған сайын ауылдастарымның сұрауымен 30-40 бөлке нан сатып әкеліп беріп жүрмін. Наубайхана, дүкен ашу жайлы талай рет айтылғанымен, құлшыныс танытушылар әзірге табылмай тұр», деп қынжылыс білдірді. Оның сөзіне қарағанда, ендігі бар үміт – Петропавл қаласынан былтыр көшіп келген Жәнібек Исеновте. Ол жақында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша берілетін жеңілдікті несие арқылы ірі қара сатып алуға өтініш беріпті. Зайыбы Сая Өксікбаева «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмысқа орналасқан. Жас отбасылар мемлекет берген қаржыға ауылдағы бос тұрған бір үйді сатып алыпты. Міне, «қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» дегеннің жарқын бір үлгісі осы! Жоғарыға алақан жая бергенше мемлекет жасап жатқан мүмкіндіктер мен жеңілдіктерді қалт жібермегеннің аты озары анық.

– Ауылымызда әлі 10 шақты үй бұзылмай бос тұр. Басқа жақтан көшіп келетін ағайындарды жіберуге жәрдемдессеңіздер, құшағымызды жая қарсы алар едік, – деп зейнеткер Ескен Меңдібаев көкейінде маза бермей жүрген арманын құлаққағыс етті.

Балуан – болашағы бар ауыл. Өйткені, шағын елді мекенде көпбалалы жас аналар саны аз емес. Олардың 5-уі кейінгі жылдары облыстық бюджет есебінен қаржыландырылған «Ұрпақ қоры» бағдарламасы бойынша балаларына арнайы депозит ашыпты. Төртінші сәбиін дүниеге әкелсе де, қаржы жетпегендіктен, көп ұзамай жабылып қалған бағдарламаға үлгермей, ренжіп қалған аналар да бар араларында. Елді мекеннің іргесі сөгілуінің басты себептерінің бірі – жолдың нашарлығы. Семиполка ауылдық округінен аудан, облыс орталықтарына қатынау қиын. Мәселен, ауылға былтыр ғана көшіп келген Исеновтер отбасы желтоқсан айының соңғы күнінде Семиполка ауылынан Балуанға шығатын жолды қалың жауған қар басып қалғандықтан, Жаңа жыл мейрамын жол үстінде қарсы алуға мәжбүр болған. «Туған ауылым!» деп атажұртына оралған жастардың сондағы көңіл-күйлері айтпаса да түсінікті. «Жол азабын жүрген білер» демекші, биыл да қар басып қалған жол машақатын талай көріпті. Жабыла күрекпен тазалаған күндері де кездескен. Осылайша машақат шегіп, ұнжырғалары түсіп жүрген ауыл азаматтарының «шабадандық» көңіл-күйлерін ауданның жаңа әкімі Ербол Сағдиев бір көтеріп тастапты. Ол жергілікті билік тізгінін қолына алысымен шаруашылық құрылымдарын ауданның ішкі жолдарын қалпына келтіруге жұмылдырған. Осылайша Балуанға баратын жол да біршама түзеліп қалыпты. Аудан басшысы ауыл тұрғындарымен өткізген кездесуінде алдағы қыста жол азабын көрмейтіндіктеріне сендіріпті. Бұған қоса, ауылдағы бірнеше жылдан бері жөндеу көрмей жатқан су құбырын жөндетіп беріпті. Осындайда «бәрі де басшыға байланысты» деген қағиданың дұрыстығына көз жеткізгендей боласың.

Кездесуге қатысқандар ұлттық басылымдарға бір кісідей жазыламыз деген берік уәдемен тарасты.

"Қамшы"сілтейді

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Қатысты Мақалалар