Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізді әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті отыз елдің қатарына енгізу міндетін қойып, оған жетудің алғышарттары мен жолын айқындап берді.
Бұл тұрғыда Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздің өркендеуіне едәуір үлес қосып келеді.
Ұлт денсаулығы – ел байлығы
Өңір басшылығы халықтың денсаулығын басты назарда ұстайды. Медициналық қызметтің сапасын жақсартуға, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл қойылған. Ал медициналық ұйымдармен жеткілікті қамтамасыз етуде бірінші кезектегі жайттардың бірі болып саналады. Мәселен, соңғы бес жылда денсаулық сақтау саласында 304 нысан бой көтерді (3 туберкулез ауруханасы, 7 емхана, 9 аурухана, 1 перзентхана, 8 медициналық көмек стансасы, 95 дәрігерлік амбулатория, 67 фельдшерлік-акушерлік пункт, 98 медициналық пункт және 16 түрлі нысандар).
Оның ішінде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 5 жылда 7 нысанның құрылысы жүрді (Шымкент және Түркістан қалаларында көпсалалы балалар ауруханасы, облыстық қан орталығы, Ленгер қалалық орталық ауруханасы, Бәйдібек ауданында ауданаралық туберкулезге қарсы диспансері). Ал 93 денсаулық сақтау мекемесі күрделі жөндеу жұмыстарынан өтті.
Ал медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру да күн тәртібінен түскен емес. Жыл басынан бергі 6 айдың өзінде 5623 маман білімін жетілдірді. Әртүрлі циклдарда жыл сайын оқытылатын мамандардың саны 10 есеге өсіп отыр. Мамандарды оқытуда халықаралық ынтымақтастық және мультидисциплинарлық тәсілдеме кеңінен дамып келеді. Олардың қатарында Литва, Оңтүстік Корея, Польша, Түркия, Израйль, Ресей, Украина, Белоруссия және АҚШ елдерімен ықпалдастық бар. Есесіне, дәрігерлер қазіргі заман талабына сай қондырғылар мен құрал-жабдықтарда еркін жұмыс істей алатын дәрежеге жетті.
ТМД елдері бойынша алғаш рет біздің облыстың онкологиялық диспансерінде скринг-орталық ашылғанын ерекше айтып өткен жөн. Яғни Қазақстанда тұңғыш рет қалқанша бездің обырын және жуан ішектің обырының ерте диагностикасын анықтау басталды. Облыстық онкологиялық диспансерде радиологиялық корпус іске қосылды. Қазіргі таңда облыстық онкологиялық диспансер дәрігерлері моңғолдық профессорлармен бірігіп, бауыр ісігін емдеудің жаңа әдістерін меңгеруде. Әрине, бұл орасан зор көрсеткіштің барлығы денсаулық сақтау басқармасының медицина қызметкерлерінің біліктілігін жоғарылату жөніндегі жоспарлы жұмысы болып табылады.
Өңірдегі облыстық кардиологиялық орталық республикада Астана мен Алматыдан кейін үшінші орында көш бастап тұр. Олай дейтініміз, мұнда облыс тұрғындарынан бөлек, өзге өңір тұрғындары да сырқатына ем іздеп келеді. Өйткені жүрек ақауларын емдейтін қондырғы Қазақстан бойынша осы кардиологиялық орталықта орнатылған. Қондырғының көмегімен орталықта бүгінге дейін екі мыңнан астам науқасқа ота жасалды. 2005 жылы әлемдегі сегізінші ел болып, ал Қазақстан бойынша алғаш рет осында жүректің ишемиялық ауруларында қолданылатын экстракорпоральдық екпінді-толқынмен соғу (ЭКУВТ) қондырғысы орнатылып, ашық жүрекке жасалынған отадан кейінгі қайталамалы жағдайларда миокардта ангионеогенезді жандандыруға ықпал ететін ем түрін жасау басталды. Бұл бағытта қазіргі таңға дейін 500-ден астам науқасқа ем жүргізілді.
Мәселен, биыл ОҚО мәслихатының шешімімен жергілікті бюджеттен 140, 8 млн теңге бөлініп, «Carto-3» үшөлшемді навигациялық жүйе сатып алынды. Бұл құрал науқастардың өмір сапасын жақсартуға айтарлықтай үлес қосуда, себебі осы арқылы жүректің кез келген жерін анық көруге мүмкіндік туды.
Сондай-ақ облыстық балалар ауруханасы жаңа туған балалар хирургиясының аймақтық орталығы мәртебесін иемденгенін де атап өткенді жөн көрдік. Себебі бұл орталықта Оңтүстік Қазақстан облысының ғана емес, көрші Қызылорда, Жамбыл облыстарынан келетін нәрестелердің туа бітті ақауларына ем жасайды. Сондай-ақ заманауи технологияларға негізделген операциялар, офтальмология және эндокринология саласында жасалуда.
Аймақта ана мен бала денсаулығы жіті назарға алынған. Осылайша, ана мен бала өлімін азайту, олардың денсаулығына баса назар аудару мақсатында облыс әкімдігі мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің тікелей жетекшілігімен бірқатар игі шаралар атқарылды. Нәтижесінде республикада алғаш болып неонатальды құрамасы бар перинаталдық көмектің аумақтандырылуы ендірілді. Озат технологияларды ендіру бағытында ЮНИСЕФ, ЮНФПА секілді халықаралық ұйымдармен әріптестік жұмыс жүргізілуде. Жүзеге асқан іс-шаралар нәтижесінде соңғы 5 жылда ана өлімі 2,2 есе төмендеп, нәрестелер өлімі 1,8 есеге азайып отыр.
Сұранысқа қарай – мамандық
Жаңадан бой көтеріп жатқан білім ошақтарынан бөлек, мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда.
Өңірімізде бұл тұрғыдан да ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіштер мол. Биыл 1454 (оның 647-сі жекеменшік) мектепке дейінгі ұйымға жалпы 157780 бала қамтылды. Яғни мемлекеттік бағдарлама артығымен орындалып отыр. Биыл республикалық және облыстық бюджет есебінен бөлінген 23,7 млрд теңгеге 104 білім ошағының құрылысы жүргізілуде.
Биылғы оқу жылына 49 мектеп пайдалануға берілді. Бұл үш ауысымды мектептің 3-еуі, апаттық мектептің 27-інің, ыңғайластырылған ғимараттың 13-інің және 2 мектебі жоқ елді мекеннің мәселесін шешті деген сөз. Енді қалған үш ауысымды – 21, 17 апатты мектептің мәселесі келер жылдардың еншісінде. Сонымен бірге саманнан салынған мектептердің қатары да жылдан-жылға азайып келеді. Биыл жыл басында олардың саны 153-ке төмендесе, келер жылға 118-ге азаймақ. Жаңа оқу жылына 100 мектеп күрделі жөндеуден, 697 білім ошағы ағымдағы жөндеуден өтіп, балаларға айқара есігін ашты.
Жаңа оқу жылында облыстағы 1022 мектепке 602 396 оқушы қабылданды. Ал, мектеп табалдырығын жаңадан аттағандардың саны – 70448.
Елбасы Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» тәжірибесін барлық жалпы білім беретін мектептерге тарату үшін тірек мектептері мен үш жыл бойында деңгейлік оқулардан өткен 8450 педагог жұмыс жүргізуде. Оқушылардың сапалы білім алуына жасалған осындай жағдайлардың нәтижесінде мектеп бітіруші түлектердің білім деңгейі ҰБТ қорытындысымен есептегенде орта балл 78,8 болған. «Алтын белгіге» 608 түлек ие болды. Бұл – республикадағы «Алтын белгі» иегерлерінің 30 пайызын біздің облыстың бітірушілері құрады деген сөз. Ал 96 бала халықаралық олимпиада мен ғылыми жобалар жарыстарының жеңімпаздары ретінде ҰБТ тапсырудан босатылды. Болгарияның астанасы – София қаласында өткізілген «Черно Ризец Храбр» халықаралық математикалық олимпиадаға барған 21 оқушының 16-сы жүлделі оралды.
Облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы мен «Интеллектуал – 2050» қоры бірлесе отырып Тұңғыш Президент күні мерекесі аясында МИСиС Ұлттық ғылыми-зерттеу технология университетінің ұйымдастыруымен 11-сыныптардың арасында математика пәнінен «Болашақ әлем металлургтері» олимпиадасы өткізілді. Қорытындысы бойынша 10 жеңімпаз МИСиС Ұлттық ғылыми-зерттеу технология университетінің грантына ие болып, студент атанды. «Интеллектуал – 2050» халықаралық қорымен екі жақты келісімшарттың негізінде облыста жүлделі орынға ие болған 1 оқушы тегін жолдамамен, ал 2-уі жартылай жеңілдікпен Мәскеудегі математикалық олимпиадаға барып қайтты.
Оңтүстік Қазақстан облысында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мейлінше қамқорлыққа алынған. Былтыр олардың 260-ы тұрғын үймен қамтылса, биыл 35-іне баспана берілді. Жыл соңына дейін 65 жасөспірім пәтерлі болады деп күтілуде.
Кәсіптік-техникалық білім беру саласында мамандықтарды зерделеу барысында үдемелі индустриалық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес қажетті техникалық мамандықтарға сұраныс айқындалып, соңғы 3 жылда колледждерде 20 жаңа мамандық ашылды.
Кәсіпорындармен өзара байланысты нығайтудың нәтижесінде дуальді оқыту жүйесін жетілдіру мақсатында облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, құрылыс, техникалық, ауылшаруашылық және қызмет көрсету салалары бойынша 8 колледжде 9 мамандық бойынша 225 студент, ал 2015 жылы 36 мамандықпен 24 колледжде 1024 студент дуальді оқыту жүйесімен оқытылды.
Елімізде «Техникалық және кәсіптік білімді модернизациялау» жобасы аясында Дүниежүзілік банк есебінен 2014-2015 оқу жылында облыстағы 5 колледж: №2,№3, Түркістан гуманитарлық-техникалық, Кентау көпсалалы, Қапланбек гуманитарлық агробизнес колледждері 285 млн теңге көлемінде грантты иеленсе, 2015 жылы 2 колледж: Түркістан гуманитарлық-техникалық, Кентау көпсалалы колледждері 92 млн теңге көлемінде грантты иеленіп, 5 мамандық бойынша модульдік бағдарлама жасап, маман даярлауда.
Жетімін жылатпаған...
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмыспен қамтылуы үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Биыл жыл басынан 1424 адам жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ мүгедектердің жұмыспен қамтылуына 2011 жылдан бастап «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының іске асырылуы өз септігін тигізуде. Сонымен бірге оларды жұмысқа орналастыруда бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін ұйымдастырудыңда нәтиже беретіні сөзсіз. Биыл осы бағытта 16 жәрмеңке ұйымдастырылып, 276 жұмыс беруші 596 бос жұмыс орындарын ұсынды.
Өңірде әлеуметтік салаға қатысты бұдан өзге де игілікті шаралар жүзеге асып келеді.
Дереккөз: Айқын-ақпарат