Без имени-1«Біз өзіміздің тұрақтылық және келісім моделін дамытуда айтарлықтай табыстарға жеттік. Қазақстан Конституциясы нәсілдік, этностық, діни және әлеуметтік қатыстылығына қарамастан, барлық азаматтың құқықтық теңдігіне кепілдік береді».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
(«Нұр Отан» партиясының XVI съезінде сөйлеген сөзінен).
МащинскаяБіртектілік – тұрақтылық тұтқасы
Көкшелік кәсіпкер Елена МАЩИНСКАЯНЫҢ есімі өңірге етене таныс. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, ҚХА Ақмола облысы ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан кулинарлары одағының президенті, облыстық мәслихаттың депутаты. Жерлесіміздің күні кешегі Қазақстан патриоттары форумындағы жалынды сөздері де жүрегімізге жылылық ұялатты. Ол мұның барлығын Қазақстан қоғамындағы бейбітқатар тіршіліктің, ынтымақ пен берекенің шарапаты деп есептейді.
– Елена Ивановна, ұлы мұраттарды ұлағатты ел қалыптастыратыны шындыққа айналған дәуірде өмір сүрудеміз. Бұл тәуелсіз қоғамның үлкен жетістігі. Ендеше, Мәңгілік Ел идеясы арқауындағы жұмылдырушы құндылықтар қағидаты қандай тұтқаларға сүйенеді?
– Елбасымыз өзінің институттық реформасының төртінші бағытында «Мәңгілік Елдің» мынадай сипаттамасын берді: «…Азаматтық теңдік; еңбексүйгіштік; адалдық; оқымыстылық пен білімді қастер тұтатын зайырлы ел – тағаттылық елі». Сондықтан, көпұлтты, көпконфессиялы Қазақстан тұрақтылық пен келісім моделін дамытуда айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Әйткенмен, үнемі алға ұмтылатын мемлекеттің мерейлі межесі болатынын ескерсек, қазақстандық біртектілікті одан әрі нығайту қажет. Президенттік бағдарламада барлық азаматтар құқықтың бірдей көлемін пайдалануы, жауапкершіліктің бір жүгін арқалауы және тең мүмкіндікке қолжетімділікті иеленуі керектігі айтылды. Бұл азаматтық орнықты және табысты мемлекеттің ең сенімді іргетасы болмақ. Іргелі де ілгері істерге кепілдік беретін Қазақстан Конституциясының артықшылығы да осында.
– Мемлекет басшысының Жолдауларында, бастамашылдық бағдарламаларында қазіргі қоғамымыздың негізгі ойыншысы ретінде орта тап өкілдері үнемі айтылады. Мұның мәнісі неде деп ойлайсыз?
– Мұны Елбасының отандастарымызды қоғамдық белсенділікке, экономикалық жаңғыртуларға шақырған үндеуі деп қабылдауымыз керек. Ешқайсымыз да мемлекеттік мүддеден шет қалмауымыз қажет. Ол еңбексүйгіштіктен басталады. Еңбек қатынастарына араласу арқылы кәсіптің кез келген саласы бойынша ортақ үлесті еселеу тіршілікті түзеу ғана емес, мақтаныш сезімін оятқаны ләзім. Мен өз ісімді қарапайым нан жабушыдан бастаған едім. Нан пісіру, тағам дайындау, қонақ күту, мәзір байлығы адам баласының ізгі мұраттарының бірі. Сондықтан, мен кәсіпкерлік қадамымды «Дастархан» атауымен нығайтып келе жатқаныма қуанамын. Алыс және көрші мемлекеттердегі кулинарлық байқаулардан жүлдесіз келген емеспін. Мұның өзі біздің кеңжайлау халық екендігімізді, көрсететініміздің көп екендігін білдіреді. Ендеше, орта тап та осындай қозғалыстан бой көрсетіп, қоғамдағы салмақты орнын алып үлгерді деуге болады.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы: «Уақыт бір орында тұрмайды, ол біздің алдымызға сараптамалық жұмысты жетілдіріп, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда халықтың әр тобын қатыстыру сияқты жаңа міндеттер қояды», – деп атап өткен болатын. Мұнда жергілікті ассамблея қандай істерге ұйытқы болып жүр?
– Бұл бағытта біздің облысымызда нақты шаралар қолға алынуда. Бүгінде Ақмола ассамблеясы барлық мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктер, саяси партиялар, жастар ұйымдары, еңбек ұжымдарымен тығыз қарым-қатынаста. Олармен жұмысты барынша жетілдіріп келеді. Өзім чуваш этно-мәдени орталығына жетекшілік етемін.
Өңірлік ассамблеяның құрамында елге сыйлы 116 азамат бар. Олардың барлығы да аймағымызды мекен еткен этностардың тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін сақтауға өлшеусіз үлес қосып келеді. Қолға алынған жұмыстарды жетілдіру, жергілікті жердегі жағдайды зерттеу мақсатында облыстық ассамблея хатшылығы түрлі деңгейдегі кеңестердің көшпелі отырыстарын аудандарда өткізіп тұрады. Аталған жиындар барысында өзара сенім мен сый-құрмет жағдайында бірқатар өзекті мәселелер оңтайлы шешімін табуда. Бұдан басқа, Ақмола ассамблеясының жұмысын ғылыми тұрғыдан қолдау, этносаралық қатынастарды жүйелі және мақсатты түрде мониторингілеуді ғалымдар, тарихшылар және саясаттанушылардан құралған ғылыми-сараптамалық орталық жүзеге асырады. Орталық мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестіктердегі идеологиялық жұмыстың бағыт-бағдарын айқындаған ғылыми-әдістемелік, ақпараттық материалдарды жариялап отырады. Аталған жұмыстардың барлығы да діни экстремизмнің алдын алып, жас ұрпақтың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға бағытталған.
Ұлтаралық татулық мәселелерін жан-жақты, салмақты түрде облыстық ассамблея жанындағы Журналистер клубының мүшелері жариялап отырады. Оған республикалық, облыстық, қалалық газет, телеарна, радиолардың тілшілері мүше. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов облысымызға сапарында осы клубтың кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Ассамблея жұмысын көрсетудегі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін айрықша атап өткен болатын. Бұған аталған қоғамдық ұйымның қоғамдық-саяси үрдістердегі рөлінің жеті жыл бұрынғы 25 пайыздан 85 пайызға көтерілгендігі дәлел бола алады. Бұл – этносаралық татулықты сақтаудағы аталған теңдессіз институттың қоғамдағы орнын, деңгейін көрсететін қарқынды өсім.
– Институттық реформада тіл, әсіресе мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөлінді. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?
– Мемлекеттік тіл мен өңірімізді мекен еткен этностардың тілдерін дамыту – облыстық ассамблея жұмысының басым бағыттарының бірі. «Қоғамдық келісім» сарайында тіл меңгерту курстары жұмыс істейді. Осы өңірде тұратын 8 этностың тілін үйрететін «Шаңырақ» тілдерді оқыту мектебінің де шәкірттердің білімдерін жетілдіріп, олардың бойында сол ұлттардың салт-дәстүрлеріне деген қызығушылықты арттырудағы орны ерекше. Шәкірт демекші, жуырда облыстық «Видергебурт» неміс қоғамы мектепке дейінгі жастағы балаларды қосымша даярлықтан өткізуге мүмкіндік беретін «Вундеркинд» орталығын ашты. Ондағы балғындардың бойына жастайынан жалпықазақстандық құндылықтар сіңірілетін болады. Облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Көкше дидары» атты газетті шығаруды қолға алды. Ал, облысымыздағы чуваш ұлтының 1100 өкілі балаларын жексенбілік мектептерде өз ана тіліне үйретуде.
– Шағын сұхбатымызда қоғамымыздың басты құндылығы – халықтар достығы мен ынтымақты қатынастар туралы таратып айту мүмкін емес. Ендеше, біртектілік пен тұрақтылық жайындағы түйінді ойыңызды ортаға салсаңыз деп едік.
– Біздің барлығымызды да ортақ Отанымыз – Қазақстанға деген шексіз махаббат, кешегіміз бен бүгініміз, кемел келешекке деген ұмтылысымыз біріктіреді. Мәңгілік Отанымыз – Мәңгілік Елдің негізгі іргетасы да осы екендігі анық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Еліміздің ертеңі еңселі екеніне сенім мол. Қазақстанның бұдан қиын кезеңдерде де еңсесін түсірмегенін, ұлтаралық достық пен татулықтың тінін бекіте білгенін әлем мойындады. Қазіргі таңда біртұтас ұлт болудың нақты қадамдары жасалуда. Астанада дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізудің, еліміздегі Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылып, жұмыс істеуінің өзімізге ғана емес, өзгелерге өнеге болып отырғанын білеміз. Күні кеше барша қазақстандықтар болып, Қазақ хандығының 550 жылдығын ұйымшылдықпен тойладық. Алда «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге дайындалудамыз. Мемлекетіміздің тәуелсіздік жылдарындағы табыстары елімізді мекендейтін сан ұлттар мен ұлыстардың достығы мен татулығынан тамыр тартатыны айдан анық нәрсе.
Президенттің Қазақстанды өркендету жолындағы бес халықтық реформасында айқындалған басты қағидаттар да осындай ізгілікті істерге бағытталған. Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның ХVІ съезінде сөйлеген «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: бес халықтық реформа» атты бағдарламалық сөзінде «Сонымен қатар, қазақстандық біртектілікті одан әрі нығайту қажет. Ол азаматтық қағидатына негізделуі тиіс. Барлық азаматтар құқықтың бір көлемін пайдалануы, жауапкершіліктің бір жүгін арқалауы және тең мүмкіндікке қолжетімділікті иеленуі керек», деп атап өткен болатын. Бұл біздің өмірімізден берік орын алып келеді.
Мен Қазақстандай елде туып, өскеніме мақтанамын. Бізде адам бойындағы асыл қасиеттерді айқын көрсетудің мол мүмкіндіктері бар. Оған нақты мысал менің кәсіпкер ретінде еңбегімнің жанғаны дер едім. Біздің бизнесіміз «Энергия» деп аталатын шағын дүкеннен бастау алған болатын, бүгінде үлкен компания дәрежесіне көтерілдік. «Динар-Торгмаш» бірлестігінің «Динар-Электромаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде нарық айдынына еркін шығып, өзінің мүмкіндіктерін танытқан, уақыт талабына сай қызмет ете алатындығын дәлелдеген ұжым десем артық айтқандық болмас. 1993 жылдан аймақтық нарықта табысты еңбек етіп келе жатқан «Динар-Электромаштың» әуелгіде «Метран» деп аталатын кәсіпорынның ресми өкілі болудан басталған қадамы бірте-бірте ұлғайып, Ставропольдағы «Концерн Энергомера» АҚ дилері, Мәскеудегі «ИЕК», «ЭКФ» секілді алпауыт өнім шығарушылардың ресми өкіліне дейін көтерілді. Беріректе атақты PHILIPS компаниясының ресми дистрибьюторы болуы тұтынушылары тарапынан сенімділікті нығайта түсті. Павлодардағы «Қазэнергокабель» АҚ зауытының филиалы да осы «Динар-Электромаш» базасында жұмыс істейді. Серіктестіктен электр техникасы мен кабельдік-желілік өнімдердің алпыс мыңдай шамасындағы атаулары тұтынушыларға ұсынылады. Ал тапсырыс берушілер арасында жетекші мұнай компаниялары, құрылыс саласы ұйымдары, ауыр өнеркәсіп кәсіпорындары жеткілікті.
Алға ауданының Богословка елді мекенінде серіктестіктің «Энергия» деп аталатын қосалқы шаруашылығы жұмыс істейді. Мұны серіктестік өздерінің жұмысшы-қызметкерлерін экологиялық жағынан таза азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету үшін ұстауда.
«Динар-Электромаштың» дүкендерін қазақтың ұлттық салт-дәстүрін анық танытатын жобада киіз үйлер түрінде салдық. Мұнда келушілер үшін жайғасатын орындар бар, сәкі үстіне кең етіп көрпе жайылып, ортасына үстел қойылған. Жұма күні мұнда жиналғандар саны арта түседі. Өйткені, жеті нан пісіріліп таратылады. Самауыр қайнап жатады, ас пісіріледі. Мұнда бас сұққан адамдардың бәрі де тегін тамақтана алады. Тіпті, мешіттен имам келіп, уағыз айтатын кездері де болады.
Ұжымда мерекелік шаралар, Наурыз тойы, тағы да басқа салтанаттар ұйымшылдықпен өткізіледі. Тіпті, шілдехана, бесікке салу деген сияқты тойлардың өзін елеусіз қалдырмаймыз, баланың туғанына қырық күн толғанда әке-шешесі міндетті түрде осында алып келеді. Ал ұжымдағылар нәрестеге сыйлықтарын әзірлейді, баланың анасына ерекше құрмет жасайды, көрімдік беріледі. Мұның барлығы мемлекет құраушы қазақ халқына деген ізгі ниет және құрмет қана емес, сондай-ақ, бір-бірімізге деген достық пен татулықтың айғағы деу орынды. Осындай игі шаралар бір арнаға қосыла келе жастардың бойында патриоттық сезімді, елжандылық қасиетті қалыптастыруға ықпал етеді.
Компанияда адамдарды жақындастыра түсетін игілікті шаралар ұдайы ойластырылып отырылады. Қызметкерлердің тұрғын үй алуына, жеңіл көлікке қол жеткізу жолдары, медициналық көмек көрсету қарастырылған.
Сондықтан болар ұжымда еңбек ететін 314 адам бір-біріне нық сенеді, бірін-бірі сыйлайды, өзара достық қарым-қатынаста жүреді. Олар алуан ұлттың өкілдері болғанымен бір-біріне ізеттілікпен қарайды, сыйластығынан жаңылмайды. Мұның өңірде тұратын тоқсаннан астам ұлттар мен ұлыстардың арасында бұрыннан қалыптасқан бірліктің іргетасын бекіте түсуге алғышарт жасайтынын түсінеміз. Облыста он тоғыз этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді. Енді елмен бірге түлеген ұлттар мен этностардың арасындағы достық пен төзімділік салт-дәстүрімізді, тілімізді, мәдениетімізді бірге дамыту арқылы бұрынғыдан да нығая түсуде. Бұл Қазақстанның басты байлығы екені шындық.
Елбасы өзінің аталған баянды бағдарламасында «Барлық қазақстандықтар үшін қазақстандықтың бойында азиялықтың да, еуропалықтың да озық сапаларын шынайы сүзгіден өткізетін еуразиялық идеясы біріктіруші болып табылады», деуі де сондықтан. Біз бір бірімізбен иықтасып өмір сүріп, өзара татулықтың түғырын бекіте түсуіміз керек. Сонда ғана Мәңгілік Ел болудың жолдарын еркін еңсереміз, Отанымыздағы бейбітшілік пен берекені дамыта түсеміз. Бұл бағытта атқарылған шаруалар үлкен істерге берік алғышарттар жасайды.
Басты мақсат – біртұтастық
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айқындаған 5 институттық реформа мен «Мәңгілік Ел» идеясының жүзеге асырылуы бізге, біздің бірлігімізге, ел тұтастығымен тікелей ықпал етеді. Себебі, Елбасы өз сөзінде елдегі реформалардың жүзеге асуы үшін оған әр қазақстандықтың толықтай атсалысуы қажеттігін айтқан еді. Демек, кез келген реформа мемлекеттің ғана емес, халықтың қолға алынуымен іске асады. Ал бұл реформаларды жүзеге асыру үшін бірқатар маңызды жобаны назарымыздан шығармауымыз керек. Мәселен, солардың бірі 10 жылдан астам уақыт бойы қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың күш-жігерімен қолға алынып келе жатқан «Жібек жолындағы сұхбат» жобасы.
«Жібек жолындағы сұхбат» Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен өткізіледі, сонымен қатар, бұл мәдениетаралық сұхбат жалпымәдени және жалпы тарихи құндылықтарды одан әрі жандандыру мен сақтау мақсатындағы жақын шетелдердің сарапшылары арасындағы ынтымақтастықты арттыруға ықпал етеді. Яғни, бұл – үлкен халықаралық жоба. Сол себепті, аталған жоба Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстан өнер зиялыларының бастамасымен қолға алынған. Жалпы, бұл жобаның жүзеге асырылуына Қазақстан халқы Ассамблеясы, еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі, «ҚХА әлеуметтік консорциумы» қоғамдық қоры, ҚХА мәдени бірлестіктері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ЮНЕСКО кафедрасы ұйытқы болды.
Мен «Жібек жолындағы сұхбат» жобасына айрықша мән беріп, жауапкершілікпен қараймын. Бұл жоба 2007 жылы қол алынды. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының одан әрі даму жолдарын нақты түрде айқындайтын кезең-тұғын. Оның өзегінде отаншылдық, ұлтжандылық идеясы жатыр. Бұл жобаға еліміздің зиялы қауымы тартылғаннан кейін оның маңызы тіпті де арта түсті. Себебі, олар біздің еліміздегі барлық оқиға мен үдерістен сырт қалмауы тиіс. Ал «Жібек жолындағы сұхбаттың» модераторы, ұйымдастырушысы еліміздің белгілі мәдениеттанушысы Мұрат Әуезов болды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойы аясындағы соңғы сұхбат Тараз қаласында өтті. Бұл сұхбатқа көптеген шетелдік ғалым қатысты. Олардың арасында Қытайдан келген азаматтар да болды. Мен бұл жоба Орталық Азиядағы белгілі бір «көңіл-күйдің» қалыптасуына және орнығуына ықпалы болды дер едім. Мәселен, Таразда өткен сұхбаттың тақырыбы: «Орталық Азия халықтарының ынтымақтастығы» деп аталды. Менің ойымша, бұл – өте өзекті тақырып. Ал онда айтылған ой-пайымдар «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы үшін де маңызды. Себебі, біздің әрқайсымыз өзіміздің «үлкен ел». «үлкен отбасы» екенімізді ұғынып қана қоймай, айналамызда өзге де көрші елдердің бар екенін ұмытпауымыз керек. Демек, біз олар туралы біліп, олармен мәдени, рухани түсіністікте, өзара бірлік пен татулықта өмір сүруіміз қажет. Бұл орайда, «Жібек жолындағы сұхбат» жобасының маңызы орасан.
Мәдениетаралық ықпалдастық моделі
3АссАнатолий БАШМАКОВ,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі ҚХА кафедрасының меңгерушісі.
Биылғы жылдың Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы екені баршаға аян. Осыған сәйкес бұл құрылымның алдында үлкен мақсат-міндеттер қойылды, жауапкершілік жүктелді. Демек, біз алдағы уақытта сол жұмыстарды нәтижелі түрде жүргізуіміз керек. Осыдан 2 жыл бұрын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бастамасымен өзінің мазмұны мен сипаты жағынан өзгеше кафедра – Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы құрылған болатын. Біздің ойымызша, бұл өте қажетті бастама. Себебі, ол жас буынға қажет. Қазіргі таңда мұндай кафедралардың негізі Қазақстанның 15 жоғары оқу орнында қаланып үлгерді. Бұл үдеріс бүгінде жалғасын тауып келеді. Біз бұл үдерісті қолдан жылдамдатып жатқан жоқпыз, мұның бәрі өзінің табиғи жолымен жүріп жатыр. Алайда, біз осы кафедралардың жұмыстарына әдістемелік үйлестіруді қамтамасыз ету үшін жарты жылдан кейін Қазақстан халқы Асссамблеясы кафедраларының ассоциациясын құрдық. Бүгінгі күнге дейін бұл ассоциацияның 2 отырысы өтті. Ал 20 қазан күні Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың Петропавл қаласына жұмыс сапары барысында ассоциацияның 3-ші отырысы өтетін болады. Онда Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедраларының өзара әріптестігі, олардың ҚХА-ның жергілікті жерлердегі ассамблеяларымен қарым-қатынасы жан-жақты қозғалады. Бұл кафедралардың 3 бірыңғай міндеті бар. Олардың біріншісі – оқыту. Мәселен, биылғы жылдан бастап біздің кафедрамызда арнайы курс оқытыла бастады. Онда ұлтаралық қарым-қатынастың мәдениеті жайлы айтылады. Бірақ, бұл кафедралар тек қана оқыту міндетін атқармайды, олар біздің өңіріміздегі, Қазақстандағы этносаясатты ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету міндетін де қоса жүргізеді. Ал үшіншіден, олардың міндеті қоғам, қоғамдағы жастар арасында саяси, идеологиялық жұмыстарды жүзеге асыруға бағытталады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы да аяқталуға жақын қалды. Бұл жыл Ассамблеяның жұмыс істеуіне қажетті мүлдем басқа, тың, жаңа бағыттарды жарыққа шығарды. Оған халықаралық әріптестік бағыты дәлел бола алады. Мәселен, кеше біз румыниялық делегация өкілдерін қабылдадық. Ал бүгінгі күнге дейін әлемнің 30 елінен келген делегация өкілдері ішкі этносаясат, түрлі мәдениеттер мен этностық бағыттар арасындағы ықпалдастық бойынша біздің қазақстандық моделімізді, яғни, Назарбаев моделін танып, білуге, тәжірибемізбен бөлісуге арнайы келді. Демек, қазіргі таңда бұл Қазақстанның халықтар достығы, бейбітшілік, келісім секілді ұлы, қасиетті ұғымдардың мәңгі болуына құйған «инвестициясы» деп бағалағанымыз жөн.
Сондықтан, «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы аясында өткізілетін шаралардың сипаты әртүрлі болғанымен, олардың өзегінде бір ғана идея жатыр. Ол – Қазақстан үлкен ел екендігі. Демек, бұл іс-шаралардың астарында қазақстандық біртұтастықты, қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлікті қалыптастыру ұғымы жатыр. Бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тарихының да жаңа кезеңі.
"Қамшы "сілтейді
Дереккөз: Егемен Қазақстан