Маңызы зор міндет

/uploads/thumbnail/20170708200714001_small.jpg

Патриоттардың рес­пуб­ликалық форумы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жүзеге асырыла бастаған «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасын барлық халықтың қолдауының бір көрінісі болды. Еліміздің патриоттары қазақстандық тұтастық пен біртектілікті бірауыздан қолдайтындарын білдірді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Пре­зидент Ассамблеяның бес институттық реформаның жүзеге асырылуындағы осы ұйымның рөлі зор екенін атап өтті. Ассамблеяның маңына шоғырланған қа­зақстандықтардың бірлігі мен белсен­ділігінен ұлттың біртектілігі жөніндегі жоспар іске асатыны айқын.

Осы сессияда Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев қазақстандықтардың біртек­тілігін нығайтатын және азаматтық қоғам­ның бүтіндігін қалыптас­тыратын осынау ұлт­тық жобаны әзірлеу мен және жүзеге асыруды Қазақстан халқы Ассамблеясына тапсырған еді. Оның тұсауы патриоттардың республикалық форумында кесілгендігінің символдық маңызы зор. Ол қазақстандық қоғам­дық келісімнің біртек­тілігінің биік нысанасы екені айқын. Болашақтың біртұтас ұлты дегеніміздің өзі «Үлкен ел – үлкен отбасы» дегеннің мәнін білдіріп тұр. Бұл жобадан өзін қазақстандықпын деп санайтын әрбір азамат өзінің орнын табады. Сонымен қатар, бәріміз бізді біріктіретін ұстанымды табамыз.

«Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасы 35 іс-шарадан тұрады. Олардың бәрі де қоғамдық келісімді нығайту, жал­пыұлттық бірлікті тереңдету сала­сындағы әлеуметтік маңызы бар іс­терді қамтыған. Олардың қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясының тақырыптық іс-шаралар тізімі аясындағы қазақстандық біртектілікті дамыту мен нығайтуға бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асыру, интеллектуалды, мәдени және рухани стимулдарды құру, этносаралық саясаттың сәтті негізін қалайтын бірегей институт ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ғы­лыми және әдістемелік базасын құруға мүмкіндік беретін бағдарламаларды әзірлеу және енгізу, сонымен қатар, азаматтарды ҚХА мәдени, білім және қайырымдылық жобаларын іске асыруға тарту арқылы әлеуметтік базасын кеңейту бар. Осылардың бәрін атқару 2018 жылға дейінгі мерзімге белгіленген. Бұл жоба ҚХА-ның даму тарихындағы жаңа кезеңнің бастамасы болып, оның елдегі әлеуметтік-экономикалық процестерге қатынасу форматының жаңғыруы деп есептелінеді. Оларды қазақстандық жаңа патриотизмді құрудың кілті деп те санауға болады. Әрине, оның базалық тұғырнамасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруға бағытталған. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясының үйлес­тіру жұмыстарының жаңа кезеңі Болашақтың біртұтас ұлтын қалып­тас­тыруға бағытталады. Әрине, бұл жобаны ҚХА жалғыз өзі іске асыра алмасы белгілі. Оған көмек көрсететін ұйымдар қатарында барлық мемлекеттік органдар, ҚХА-ның қоғамдық институттары және қазақстандық барлық азаматтар мен азаматтық қоғамның институттары. Осы аталған ұйымдар мен қоғамдар күш біріктіргенде ғана жобаны іске асыру жұмыстары сәтті болары айқын.

Жобаны іске асыру жөніндегі 2016 жылғы жұмыстардың бәрі де Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында жүргізілетін болады. Оған белсенділер осы күннің өзінде дайын екендігін білдіріп отыр. Тіпті, жобаның тұсауы кесілген 5 қазаннан бері де бірталай маңызды жұмыстардың болжамдары айқындалып қалды. Соның ішінде Қазақстанның дүниежүзілік форматтағы алатын орны, 25 жылда қол жеткізген табыстары ерекше көріністермен айшықталуы керектігі айтылды. Бұл қатарда үлкен ауқымды шаралар жасалатыны белгілі болып отыр. Сонымен, барлық жылдардағы жұмыстарға да қазақстандықтардың терең белсенділіктерін, қызығушылықтарын қолдану керектігі көрініп тұр. Айта кететін жайт, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ХХІІ сессияда осы жобаны атаған соң-ақ көптеген қоғамдық институттар, ҮЕҰ өздерінің осынау жобаға қатысқысы келетіндіктерін айтты. Осының өзінен-ақ жобаның барлық халқымыздың жүрегіндегі дүниені дәл басқаны көрініп тұр. Қазірдің өзінде бас­талып кеткен жұмыстардың ішінде өте қызғылықты жобалар бар. Соның ішінде өте мазмұнды дүниелердің бар екендігін атап кетуге болады.

Осы қатарда мен Тараз қаласында болып өткен Қазақ хан­ды­ғ­ының 550 жылдығын тойлау шаралары туралы да өз пікірімді білдіре кет­кім келеді. Бұл шара да қазақ­стандықтардың бір­тұтас­тығын, бір арман мен бірегей мақсатта екенін көр­сетті деп санаймын. Бұл істен Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы да тыс қалмай, өткі­зілген шараларға белсене қатысып, халықтың тарихи санасын көтеріп, біліктілігін арттыруға өз үлесін қосты. Соның ішінде «Ұлы Дала елі» деген 30000 шақырымдық жолды артқа тас­тап келген экспедицияның жұмысын қорытындылауға қатысты. Оған біздің «Қоғамдық келісім» РММ ғылыми-сараптамалық қызметінің басшысы Нұрбек Шаяхметовтің да қатысқанын мақтан етеміз. Осы экспедиция барысында үлкен жаңалықтар ашылғанын да айта кету керек. Соның бәрін біз артынан қорытып, қазақстандық және шетелдік журналистерге хабарлайтын боламыз. Өйткені, онда көптеген адамдар үшін бұрын мүлде белгісіз болған дүниелердің ашылатынына сенімдіміз. Тек қысқаша ғана тоқ­та­ла кететін болсақ, үш бағытта үш топпен шық­қан экспедиция үлкен жұ­мыстар атқарды. Экс­педиция қатарында есім­дері елімізге белгілі ға­лымдар, этнографтар, өлкетанушылар болды. 30 мың шақырым жол­ды артқа тастаған экспе­дицияға қатысушыларды облыс әкімі Кәрім Кө­кірекбаев қарсы алды. Экспедицияға шетелдік ғалымдар да қатысты. Соның бірі Шығыс Қытай университетінің профессоры Ян Чену өзіне Қазақстан туралы көптеген жаңа деректер алғанын айтты. Осы экспедицияға байланыс­ты ұйымдастырылған конференцияда Нұрбек Шаяхметов үлкен баяндама жасады. Онда біздің әріптесіміз халықтың тарихи санаға деген ұмтылысының деңгейі арта түскенінің куәсі болғанын айт­ты. Өйткені, экспедиция бағытында тоқ­таған барлық елді мекендерде бізді қар­сы алған халық ісімізге қызы­ғу­шы­лық­тар білдіріп, көптеген сұрақтар берді деді ол.

Сөзімнің соңында «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасын іске асыру аясында қайырымдылық шаралар да өткізілетінін еске салғым келеді. Соның ішінде «Мейірім керуені», «Қоғамдық келісім кеңестерінің форумы» сияқты шаралар болады. Мемлекет басшысы өзінің ҚХА ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде бұл ұйымның барлық қайырымдылық акцияларын бірлестіретін орталыққа айналуы керектігін атап айтқан еді. Соның ішінде Президент: «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоры соңғы бес жылда Ана мен бала ұлттық орталығындағы онкогематология бөлімшесіндегі науқас балаларды қолдаумен айналысып келеді. Ал өзбек халқының «Дослық» этномәдени орталығы балалар үйі мен қарттар үйіне қайырымдылық керуендерімен азық-түлік жеткізіп жүр, қазақстандық немістердің «Возрождение» этномәдени бірлестігі әлеуметтік стансалардың республикалық жүйесін құрып, мүм­кіндігі шектеулі адамдардың бәріне көмектесуде» деген еді. Сөзінің соңында Елбасы осындай ұйымдардың бәріне өзінің алғысын жеткізген. Міне, осы дәстүр Қазақстан халқы Ассамблеясында жалғасын тауып, жылдан-жылға жаңа биіктерге көтеріліп келеді. Елбасы Үкімет пен бизнестің қолдауына сүйеніп осындай акцияларды ұйыстырудың орталығына айналсын деген нақты тапсырма да берген. Осы тапсырманы орындау «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасының шеңберінде де іске асырылатын болады. Бұл іске біз белсенді мүшелерімізбен қатар барлық деңгейдегі депутаттардың да қатысуын қалаймыз. Алдағы уақытта біз «Мейірім керуені» жобасының қалай іске асырылатыны туралы журналистерге арнайы айтатын боламыз.

Біз «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасын әлеуметтік желілер арқылы жылжыту үшін блогерлер ассоциациясымен келіссөздер жүргізіп, олармен әріптестік қатынастар орнаттық. Қолданушыларға бұл жоба үлкен қызығушылық тудырды. Олардың тарапынан көптеген сұрақтардың түсіп жатқаны соның айғағы. Мәселен, біздің бір-ақ экспедиция жасау жобамызға ғана 412 сауал-деректер түсті. Сонымен қатар, 2 мыңнан артық пікірлер жазылды. Биылғы Ассамблея жылында жасалған жобаларымыз ұйымның толығымен жаңғыруына әсер етеді деген ойдамын. Бүгін барлық бағыттарда біздің азаматтық институттармен бірлескен жұ­мыс­тар қызу жүргізіліп жатыр. «Ұлттық театр­лар фестивалі» деген он жылдан ар­тық уақыт бойы өткізіліп келе жат­қан жобамыз енді жаңа мазмұндағы дүние­лермен толықтырылмақшы. Оның екін­шісі «Жібек жолындағы әңгіме» жобасы.

Дереккөз: "Егемен Қазақстан" газеті

Қатысты Мақалалар