Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихаты «Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер құқының қорғалуы мен сақталуын және оны заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету» тақырыбы аясында өрбіді.
Жиында Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі конвенция ережелерін орындау туралы 4 кезеңдік баяндама туралы да айтылды. Ол баяндаманы қорғау жұмысы ағымдағы жылдың 16-17 қыркүйегінде Женева қаласындағы БҰҰ Балалар құқықтары бойынша комитетінің 70-ші сессиясында өткен болатын. Дәстүрлі баспасөз мәслихатына Әділет министрінің орынбасары Эльвира Әбілқасымова мен Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішев, Жоғарғы Сот судьясы Ғалия Аққуова және Әкімшілік полиция комитеті мен Балалардың құқын қорғау комитетінің өкілдері қатысты.
Алдымен сөз алған Әділет министрінің орынбасары Эльвира Әзімқызы әрбір төрт жыл сайын БҰҰ комитетінде бала құқының қорғалуы жайлы баяндама жасауға мүмкіндігі бар екендігін айта келе, Қазақстанның аталған Ұйым мінберіне көтерілуі 2021 жылға белгіленгендігін атап өтті.
– Өздеріңіз білетін шығарсыздар, Қазақстан делегациясының басшысы ретінде еліміздің Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев БҰҰ комитеті мүшелерінің назарына енгізілген өзгерістерді ескере отырып, балалар құқығын қорғау бойынша жүргізіліп жатқан саясат туралы ақпараттарды ұсынды. Сондай-ақ, ол қатысушыларға Үкімет тарапынан төрт жыл ішінде енгізілген жаңа заңнамалар мен атқарылған практикалық іс-шаралар жөнінде хабарлап, еліміздегі маңызды және әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси бағыттар саласындағы прогрессивті өзгерістер бойынша өрбіген жаңалықтар туралы да айтты. Қайсыбір елдердің мүмкіндігіне қарай бұл төрт жылдық талап, кейде 6-7 жылдық мерзіммен өзгеріп отырады. Айталық, Қазақстанның Балалар құқықтары бойынша комитет сессиясында алғашқы баяндамасы 2003 жылы жасалған болса, одан кейінгісі 2007 жылы және ағымдағы жылда тыңдалған еді. Ал ендігі баяндамамыз 2021 жылға белгіленіп отыр, – деді ол.
Әрине, әлем елдерінің 18 өкілінен тұратын халықаралық комитет алдында Қазақстандағы бала құқының қорғалуына қатысты жұмыстың атқарылуын баяндау бір ғана – Білім және ғылым министрлігінің мойнындағы міндет емес. Яғни, біздің ел делегациясының құрамында ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның, ҚР Адам құқықтары жөніндегі орталықтың, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Сыртқы істер, Әділет, Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым, Ішкі істер министрліктерінің өкілдері болды. Нәтижесінде, БҰҰ комитетінің мүшелері соңғы жылдар ішінде Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып жатқан бірқатар конвенцияларды кеңінен саралап, жоғары бағалап, еліміздің халықаралық деңгейдегі беделін бір сатыға көтерді. Ал біз мұндай деңгейге төмендегідей шаруаларды тиянақты орындау арқылы қол жеткізіппіз: балаларды халықаралық деңгейде ұрлаудың азаматтық-құқықтық тұстарын жетілдіру; жұмыс жасайтын ерлер мен әйелдердің, сондай-ақ отбасылық міндеттемелерге ие тұлғалардың тең мүмкіндіктерін жеңілдету және мүгедектер құқығы туралы секілді құжаттарды ратификациялау арқылы. Осылайша, жүргізіліп жатқан оңтайлы саясаттың арқасында Қазақстан экономикасы шапшаң дамып келе жатқан он елдің қатарына қосылған. Бұл өз кезегінде адам басына шаққанда жалпы ішкі өнімнің ұлғаюы мен ел Үкіметінің бала өмірін қорғау саласына бөлініп жатқан қаражатты молайтуына зор мүмкіндіктер берген. Сондай-ақ, қоғамдағы балалар мүдделерін қорғауға бағытталған жаңа ұлттық бағдарламалар сәтті жүзеге асырылып жатқандығын да ұмыт қалдыруға болмайды.
Брифинг барысында БАҚ өкілдері тарапынан әдеттегідей сан түрлі сауалдар қойылып, қоғамда кәмелеттік жасқа толмағандардың қатысуымен орын алып жатқан келеңсіздіктерге тосқауыл қою мәселесі де кеңінен талқыланды. Бұл ретте билік өкілдері тарапынан әрбір орын алған оқиғаның жай-жапсары мұқият тексеріліп, кінәлілер тиісті жазасын алатындығы заңмен қамтамасыз етілгендігі де айтылмай қалмады.
– Себебі, мемлекет бала құқының қорғалуына қатысты жұмыс-жоспарларды тиісті деңгейде қолға алып келеді. Тіпті, заңнамалық, соттық, әкімшілік, әлеуметтік және басқа да шараларда ілгерілік танытып келе жатқанымыз айқын. Және бұл жақында ғана БҰҰ жанындағы Балалар құқын қорғау комитетінің 70-ші сессиясында да өте жақсы пікір қалыптастырғаны сезілді, – деді Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Дәуітұлы. Жалпы, баспасөз мәслихатының соңында комитет мүшелері Қазақстанның қазіргі таңда қол жеткізген жетістіктері, сондай-ақ, бала құқықтарын қорғау бойынша халықаралық міндеттемелерді толықтай орындауы – қойылған мақсаттардың жүзеге асырылғандығына негіз бола алады деп түйіндеді.
Дереккөз: "Егемен Қазақстан" газеті