Ел мүддесімен үндестік тапқан жоба

/uploads/thumbnail/20170708200715615_small.jpg

Қазіргі таңда еліміз бойынша «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мақсаты айқын, бағыты белгілі бұл жобаның аясында қолға алынған жұмыстардың оңды нәтижелері де көріне бастады. Бұл жөнінде кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен сөз болды.
Жалпы, Қазақстан халқы Ас­самблеясы жұмысының жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне сеп­тігін тигізіп отырған «Үл­кен ел – үлкен отбасы» жалпы­ұлт­тық жобасы негізгі үш тұжы­рым­­дамалық бағытқа негізделіп отырған көрінеді. Жиын­да осы­ған байланысты «Қоғам­дық келі­сім» респуб­лика­лық мем­ле­кет­тік мекемесі ғылы­ми-сарап­тама­лық қолдау және әдіс­теме­лік қамтамасыз ету қызме­тінің жетекшісі Нұрбек Шаях­метов өз пікірін білдірді.
«Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасының бі­рін­ші тұжырымдамалық негізі қайы­рымдылыққа арналған. Біз әл-Фараби айтқандай, қайырымды ел тұрғындары болуымыз керек. Екінші тұжырымдамалық негіз, ол – қоғамда медиация (ара­ағайындық) институтын дамыту. Үшіншісі – қоғамдық бақы­лаудың рөлін күшейту. Міне, осы бағыт­тарда негізгі кешенді іс-шара­лар қолға алынады», – деді Н.Шаях­метов.
Оның сөзіне қарағанда, «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы аясындағы шаралар қоғамдық-бұқаралық, қайырымдылық, ғылыми-танымдық сипатта өрбімек.
Нұрбек Шаяхметов Қазақ хан­дығының 550 жылдығына арналған «Ұлы Дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясы тұрғысында да айтып берді.
«Елбасы жариялаған «Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» қалыптастырудағы «100 нақ­ты қадам» Ұлт жоспарының негіз­гі ұста­ным­дарын жүзеге асыру мақ­сатында Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлы Дала елі» атты экспедиция ұйым­дастырды. Мұны өткізудегі мақсат – халқымыздың ортақ тарихи-мәде­ни және рухани мұрасы негізінде қазақ­стандық бірегейлік пен ұлттық бірлікті нығайту. Сонымен қатар, экс­педиция жұмысы барысында еліміздің «Ұлы Дала елі» деп аталуына дәлелді негіз бо­латын қандай құндылықтарымызға на­зар аудару керектігі де талқыға түсті.
Осы арада айта кетейін, экспедиция ұлан-байтақ еліміздің барлық өңірін қамтыды. Оған 100-ден астам ғалымдар, тарихшылар мен өлкетанушылар қатысты. Елді мекендерде 350-ден артық іс-шаралар өткізілді. Бұл жұмыстарға барлығы 50 мыңдай адам атсалысты.
Экспедиция нәтижесі бойынша, еліміздің әр өңірі ғылыми орталықтармен бірлесе отырып, бұрынғы және жаңадан жинақталған материалдарды қорытып, құнды мәліметтерді зерттеп-зерделеуді бір жүйеге түсіреді», – деді Н.Шаяхметов.
Оның айтуынша, «Ұлы Дала елі» экспедициясы ұлттық тарихымыздың сан қырлы бағыттарын ашуға, мәдени-танымдық және этноэкологиялық бағыттағы ішкі туризмнің дамуына жаңа серпін береді.
Сондай-ақ, ол бұл экспедицияның «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасының мазмұнын сапалық тұрғыда толықтыра түсетінін де атап өтті.
Мен Қазақ хандығының 550 жыл­дығына арналған «Ұлы Дала елі» экс­педициясына қатысқаныма өте қуа­ныштымын. Біздің Қазақ геогра­фиялық қоғамы Қазақстан халқы Ас­самблеясымен бірлесіп, көптеген жобаларға қатысып келеміз. Біз еліміздің барлық өңірлерін аралап шықтық. Осы сапарда жергілікті тұрғындармен кездестік. Тарихи орындарда болдық. Біз жақында ең үлкен ауқат – ет жасадық Астанада. Ол Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп жасадық. Сәуір айында бізде көп мүмкіндіктер бар. Туристік инфрақұрылымды да­мы­туға мүмкіндіктер бар. Туристік клас­терді дамытуға мүмкіндіктер бар.
Ұлттық тарихымыздың орны бөлек
Елбасының сарабдал саясатын жү­зеге асыруда Қазақстан халқы Ас­сам­блеясымен бірлесіп Қазақ географиялық қоғамы да бар мүмкіндігінше атсалысып келеді. Әсіресе, биылғы жылы аталған қоғам көптеген игі жұмыстарға белсене араласты. Басқасын былай қойғанда, «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасының шеңберінде атқарылған тарихи-мәдени, рухани игілікті істердің нәтижелі жүргізілуіне бұл қоғам да зор үлесін қосты.
Осы орайда Қазақ географиялық қоғамы төралқасының мүшесі Мағ­жан Сағымбаев Президент жанын­дағы Орталық коммуникация­лар қыз­метінде өткен брифингте аталған ұйым­ның соңғы уақыттарда атқарған жұмыстарын былайша атап көрсетті.
«Біздің қоғам Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқы болуымен қолға алынған жобаларға үнемі асқан қызығушылықпен белсене араласып келеді. Мәселен, біз биыл «Ұлы Дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясының жоғары деңгейде ұйымдастырылуына қызу қолдау білдіргенімізді мақтанышпен айта аламыз. Естеріңізге сала кетейін, бұл экспедиция 2015 жылдың 11 қыр­күйегінде Астана, Ақтау, Павлодар қалаларынан бір мезгілде бастау алып, осы жылдың 7 қазанында Тараз қаласында аяқталды. Экспедицияның Таразда аяқталуының сыры өздеріңізге белгілі. Өйткені, бұл қалада Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған барлық шаралардың Елбасы қатысқан қорытынды жиыны болды.
Экспедиция төрт бағыт бойынша барлығы 30 мыңға жуық шақырымды жүріп өтті. Қазақстанның шалғайдағы өңірлерінде болды. Ондағы халықпен кездесулер өткізілді. Әсіресе, хал­қы­мыздың өткен тарихынан сыр шертетін шежірелі орындарда болуымыз біздің экспедицияның маңызын арттыра түсті. Экспедиция құрамында болған тарихшылар, ғалымдар, өлкетанушылар талай-талай құнды деректер тауып, мол мағлұматтар алды. Мұның барлығы алдағы уақытта бір орталықта сараланып, зерттеліп, ортақ тарихымызды түгендеуге септігін тигізері сөзсіз», – деді Мағжан Сағымбаев.
Оның айтуынша, экспедиция жұ­мы­сына жергілікті тұрғындар кеңі­нен қолдау көрсеткен. Бұл барша хал­қы­мыздың тарихымызға қызығатынын, оның жабулы жатқан беттерінің ашылуына мүдделі екенін білдіреді.
Сондай-ақ, ол ұлттық тарихымыздың мол қоры жазиралы даламызда әлі де жасырынып жатқанын, оларды ұр­пақ қажетіне жаратып, жарқыратып көр­се­туде осындай экспедицияның пайдасы зор екенін жеткізді.
«Жоғарыда айтып өткенімдей, кең ауқымда ұйымдастырылған экспедиция талай тарихтың бетін ашты. Үңіле түссек, тарихымыздың белгісіз тұстары ашыла бермек. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба түссе, қанеки», – деді Қазақ географиялық қоғамы төралқасының мүшесі.

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар