Осының алдында жазғандарымызда, Алматы облысының диқандары биыл қант қызылшасынан бұрындары болып көрмеген биікті бағындырып, гектар берекелігін рекордтық деңгейге жеткізгенін баяндаған едік.
Қыркүйектің соңында «Көксу» қант зауытына өнімдерін өткізе бастағандар арасында гектарынан 700 центнерден, сапалы әрі ірі тәтті түбір жинаған сарқандық шаруашылықтар да болған. Күні кеше облыс әкімі Амандық Баталов Сарқан ауданына арнайы ат басын бұрып, қант қызылшасын өсіріп отырғандармен жолықты, әңгімелесті. Қандай қолдау қажеттігін сұрады. Сонымен бірге ауданда салынып жатқан серпінді жобалардың жай-жапсарына үңілді. Қысқа әзірлік барысын саралады.
Облыс басшысы бірінші кезекте аудан шекарасындағы «Самал» шаруа қожалығының қызылша алқабына барды. Дестеленіп жиналып, көлемімен әрі сапасымен көз тартатын тәтті түбірді қолына алып қарай жүріп, диқан қауыммен пікірлесті.
– Амандық Ғаббасұлы, қызылша өнімін қабылдаудағы 3-4 жылға созылған тоқыраудың салдарынан күтіп-баптауына көп күш жұмсалатын техникалық дақылдан бас тарта бастаған болатынбыз. Биыл да үміттен гөрі күдік басым болып, бар-жоғы жеті гектарға ғана тұқым сіңірдік. Бабы келісіп, судан кенде болмағаннан кейінгі нәтиже ойдағыдай. Өнім гектарына 500 центнерден айналуда. «Көксу» қант зауыты келісімшартта көрсетілген міндеттемелерін толық орындаса, келер жылы қызылша алқабын еселеуге дайынбыз, – дейді шаруа қожалығының басшысы Ермек Қалиев.
Сол жерде сөз кезегін алған облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров «Көксу» зауыты тарапынан қызылша тасымалдайтын автокөлік шығынының 40 пайызы өтелетінін, басқа да жеңілдіктер қарастырылғанын жеткізсе, Сарқан ауданының әкімі Ерғазы Қошанбеков өндірілген өнімді ысырапсыз жинап алу мақсатында ұйымдастырылған шараларға тоқталды. Амандық Ғаббасұлы қазылған өнімді жинап, дақылды жапырағынан ажыратып, тау-тау қылып үйіп жатқан Сарқан политехникалық колледжі білімгерлерімен де емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, өндірістік тәжірибеден өте жүріп, қосымша қаржы табатын жастардың жұмысына сәттілік тіледі.
Бақалыдағы, Черкасск ауылдық округіндегі егістік алқаптарындағы өнім берекелігі сарқандық диқандардың қызылша өсірудің қыр-сырын жетік меңгергендігін көрсетті. Бақалылықтардың арнайы техниканың көмегімен қызылшаның жапыра-ғын орып алып, тәтті түбірді комбайн бункерінен бірден көліктерге тиейтіні басқа шаруашылықтарға үлгі ретінде ұсынуға болтын тәсіл екендігі де әңгіме өзегіне айналды. Осындағы «Аққұдық» шаруа қожалығының басшысы Серікжан Есімжановтың рекордтық көрсеткішке – гек-тар өнімділігін 700 центнерге жеткізгенін бұдан бұрын жазған едік. 25 гектар алқаптан 2000 тонна өнім жинауды жоспарлаған қожалық мүшелері алғашқы күндері-ақ
780 тонна өнімді зауытқа өткізіп үлгеріпті. Ал Черкасскідегі құйқалы алқапқа түрен салған Ержан Мадьяровтың алты ай жаз бойғы тынымсыз тірлігі 105 гектар егістіктің әр гектарынан 400 -450 тонна өнім алуға негіз қалапты.
Қойлықтағы «Сарқан Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күтіп-баптап отырған алма бақ облыс басшысының назарын аударды. Мұнда 100 гектар аумақтың әр гектарына 800 көшет отырғызылған 66 мың дана алма ағашы үш жылдың ішінде бойлап өсіпті. Келер жылы алғашқы өнім алынбақ. Бақ тамшылатып суару әдісімен өсіріледі.
Осы бақ аумағында арнайы жабдықталған көрмеде «Мәди», «Малай би», «Дәуренбек» шаруа қожалықтарының жетекшілері жоспар-жобаларын ортаға салса, аудан әкімінің орынбасары Азамат Сәрсембаев ауыл шаруашылығы бойынша көрсеткіштермен таныстырды.
Сарқанда қуаттылығы 17 МВт болатын «Лепсі-2», қуаттылығы 4,2 МВт болатын «Басқан-1» су электр станциялары салынуда. Өңір басшысы осы сапарында таяуда іске қосылатын, экономикалық маңызы
зор «Лепсі-2» станциясының құрылысын көзбен көрді. Сондай-ақ аудан орталығындағы орталық қазандықтың қысқа дайындығын байқап көріп, бірқатар ескертулер жасады.
Дереккөз: Айқын ақпарат