Алматы қаласында "Қарызсыз қоғам" жобасы аясында 12 мың қала тұрғынын қаржылық сауаттылыққа оқытатын болады. Алматыда жоба 2024 жылдың 5 ақпанынан бастап жүзеге асып келеді. Бұл ақпаратты Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында жобаның бастамашылары хабарлады.
"AMANAT" партиясы іске қосқан "Қарызсыз қоғам" жобасы проблемалық кредиттер мен қарыздар салдарынан қиындықтарға тап болған қазақстандықтарды қолдау мақсатында өтіп жатыр. "Қарызсыз қоғам" жобасы басталғаннан бері қаланың 3500 тұрғыны өз қаржысын басқаруды, қарыз шырмауынан шығуды үйренді. Алматыда жоба 2024 жылдың 5 ақпанынан бастап қалалық әкімшілікпен бірлеске түрде, әр ауданда жеке жүзеге асырылып жатыр.
"AMANAT" партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Қуаныш Төлепов Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында жобаның маңыздылығын және оны еліміздің барлық өңірлерінде кеңейту қажеттігін атап өтті.
"Биыл жоба бойынша еліміздің барлық өңірінде 200 мың адамды, оның ішінде Алматы қаласының 12 мың тұрғынын оқыту жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта қала әкімдігімен бірлесе қаламыздың 6 мекен-жайы бойынша оқыту өткізілуде. Алматы қаласына 6 қаржы сарапшысы бекітілген. Олар түске дейін жалпы бағдарлама, түстен кейін қатысушының қалауы бойынша жеке кеңестер береді. Жоба қаланың 8 ауданын қамтиды. Оқыту 5 күн болады. Осы уақыт ішінде қатысушылар отбасылық бюджетті жүргізуді, шығындарын басқаруды, несиелік қарыздарды мерзімінен бұрын өтеу бойынша ұсыныстар алуды, тиімді шарттармен несие таңдауды, депозиттердің әртүрлі шарттарымен танысуды, ірі сатып алуларды жоспарлауды үйренеді", - деді Қ.Төлепов.
Жоба басталғаннан бері қазіргі уақытқа дейін 11 рет оқытылып, барлығы 3500-ден астам қатысушы қаржылық сауаттылық бойынша білімін арттырды.
Оқыту барысында қаржы сарапшылары жеке консультациялар өткізеді және қатысушылардың қалауы бойынша өз бизнесін ашу үшін мемлекеттік гранттық және кредиттік бағдарламаларға бизнес-жоспар жазуға көмектеседі. Жоба аясында қатысушылар заңгер көмегіне де жүгіне алады. Заңгерлер шоттарына тыйым салынған, қарыздары коллекторлық компанияға сатылған жағдайда немесе несиелік қарызды қайта құрылымдау бойынша тұрғындарға көмек көрсетеді. Қазіргі таңда бір топта 100 адамға дейін курстан өтіп жатыр.
"Қарызсыз қоғам" жобасы қарызға белшеден батып, үмітін үзгендерге нақты қолдау көрсетеді. Жоба қолда бар қаражатқа өмір сүруге, қажетсіз несиеден бас тартуға үйретеді. Бәрін осы жобаға қатысып, өзінің қаржылай сауаттылығын арттыруға шақырамын", - деді Қ.Төлепов бифингте.
Оқыту барысында азаматтар қарыз құрсауынан шығып, қаржысын дұрыс басқаруды үйренеді. Бұл өз кезегінде қоғамдағы жалпы экономикалық тұрақтылықты жақсартуға ықпал етеді деп күтіліп отыр.
Тегін курстар мен оқудан өтуге ниет білдірушілер тұрғылықты жері бойынша "AMANAT" партиясының аудандық филиалына немесе аудан әкімдіктеріне жүгіне алады. Қатысушыларға ыңғайлы болу үшін онлайн платформа да іске қосылған.
Пікір қалдыру