Атырау облысы Индер ауданының Елтай ауылында Бельгияның SoItech компаниясының бас менеджері Мишель Каллерами мен Қазақстан жағынан вице-президент Жерам Альбаның қатысуымен «Күн электростансасы мен жылыжай кешені құрылысының» жобасын жүзеге асыру шеңберінде таяуда «SOLTECH Қазақстан» бірлескен кәсіпорнын ашу жөніндегі меморандумға қол қойылды. Шетелдік делагация өкілдерімен кездесуде Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Күн энергиясы мен ауыл шаруашылығын біріктіру бағытындағы бұл жоба Елбасы белгілеген елімізді одан әрі дамыту стратегиясына толық сәйкес келетінін атап көрсетті.
«Бүгін біз сіздермен есте қаларлық оқиға – Атырау мен Бельгияның арасында бірлескен кәсіпорын құру туралы меморандумға қол қою үшін кездесіп отырмыз. Өздеріңіз білетіндеріңіздей, Қазақстан – бүгінгі күні елімізге құйылып жатқан инвестицияларды қорғау мақсатында қажетті нәрсенің бәрін жасап отырған сенімді әрі серпінді дамып келе жатқан мемлекет. Қазірдің өзінде біздің аймақта ондаған жобалар жүзеге асырылды. Біз әлемнің 50-ден астам елімен ынтымақтастық қарым-қатынастамыз. Бүгінгі ынтымақтастығымыз да жемісті болады және алдағы уақытта тамаша нәтижелерге қол жететініне сенімдімін» деп атап көрсетті аймақ басшысы. Ал Мишель Каллерами болса, жаңа жобаның ауыл шаруашылығы мен Күн энергиясын біріктіретіндігі өздерін айрықша қызықтыратынына тоқталды. «SOLTECH Қазақстан» бірлескен кәсіпорнының ашылуы екі бағытты: Күн электр стансасын салуды және жалпы құны 92 миллион АҚШ долларын құрайтын ауыл шаруашылығы жобалары бойынша жекелеген бірлескен кәсіпорындарды құруды көздейді. Бұған қоса, ауыл шаруашылығы жобасы жылыжай кешендерінде қызанақ пен алуан түрлі көкөніс дәнді дақылдарын өндіруді балықтың майшабақ түрін өсіруді, түйе сүтін қабылдайтын орталықты ұйымдастыруды, алдағы уақытта жалпы құны 20 миллион АҚШ долларын құрайтын түйе сүтін Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортқа шығаруды көздейді» деп өз ойын түйді.
Қазірдің өзінде Елтай округінде бұл жобаға 700 гектар тәлімді алқап бөлінді. Алдағы уақытта тағы да 500 гектар алқап бөлінбек. Сарапшылар жобаның құнына сарап жасап болған соң, Күн энергиясы стансасы мен жылыжай кешенінің құрылысын бастау жоспарлануда. Мұндағы жұмыстарды жүзеге асыруға бірнеше мердігер тартылмақ. Осы жылдың қазан-қараша айларында қуаттылығы 20 МгВаттық күн электр стансасының құрылысы басталмақ.
Жаңартылған электр энергиясына тыйым салу қажет пе?
Бельгиялықтардың алдыңғы буыны жаңартылған электр энергиясы (ВИЭ) жобаларын жүзеге асыру барысында күрделі проблемаларға кездескенін айтуымыз қажет. Бельгиялықтардан бұрын «Экопротект-Құлсары» ЖШС Жылыой ауданындағы Құлсары қаласының маңында Күн электр стансасының құрылысын бастаған еді. Қуаттылығы 10 мегаваттық стансаны салу жөніндегі осы инновациялық жобаны мемлекет өте жоғары деңгейде қолдады. Тіпті жобаны қаржыландыруға жұмсалатын 5 миллиард теңгені шетелдік инвесторлар өз мойындарына алған-ды. Сөйтіп, электр энергиясын тарату мәселесі шешіліп, KEGOC АҚ он бес жыл бойы электр қуатының әр киловатын 37 теңгеден сатып алуға міндеттелді. Стансаның қуаты бір мың үйге жетуі тиіс болатын. Стансаның жұмыс принципі қарапайым: фотоэлектрлі модульдер Күннің радиациясын электрқуатына айналдырады. Энергия аккумоляторларда жиналып, желі арқылы жалпы жүйеге беріледі. Аудан әкімшілігі жоба үшін 20 гектар жер телімін бөлді. Қазіргі уақытта техникалық энергетикалық есеп (ТЭО) пен жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Жоба құрылысына жергілікті тұрғындардан 150 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. Бұған қоса, инвесторлар қажетті мамандар өзімізде жеткіліксіз болғандықтан, шетелдік мамандарды жұмысқа тартуға да уәде берді. Сөйтіп, құрылысты 2016 жылы аяқтау белгіленді. Компания Құлсарыда стансаны салып болған соң, одан әрі Қызылқоға ауданында тағы бір жобаны қолға алуды жоспарлады. Күн, жел және биогаз қондырғылары бар бұл станса Сағыз теміржол стансасын электр қуатымен қамтамасыз етуі тиіс еді. Жергілікті әкімшілікпен жер телімін бөлу туралы келіссөздер де басталған-ды. Алайда «Экопротект-Құлсары» ЖШС директоры Асқар Секербаевтың хабарлағанындай, қазіргі күні Күн электр стансасының құрылысы тоқтап тұр. Себебі KEGOC АҚ жаңартылған электр энергиясы қондырғысын қосу мүмкіндігін қарастырып, зерттеу қажеттігін ескеріп, мораторий жариялады. Жалпы, мұндай жоба бойынша оңтүстік өңірінде қондырғылар өте көп. Ал менеджерлер болса, «желі қуатты көтере аламайды» деп қауіптенуде. «Міне, осындай зерттеулердің жүргізілуі қажеттілігінен біз қуатты қосуға рұқсат ала алмай отырмыз» дейді Асқар Секербаев.
ТШО қабылдаған қайта инвестициялау міндеттемесі шеңберінде Астана қаласында ірі жел электр стансасы (ВЭС) құрылысын жоспарлау барысында «Шеврон» компаниясы да дәл осындай қиындыққа кезікті. Алайда жергілікті әкімшілікпен өзара келіскен «Шеврон» стансаның құрылысын бастап кетті. Әсілінде, альтернативті энергия көздері тұрақсыз болып келеді. Себебі жел бірде бар, бірде жоқ. Сол тәрізді күндіз күн бар да, түнде жоқ... Ал станса тоқтап қалған кездегі шығын электр жүйесі қожасының есебінен өтелуі тиіс. Ал электр қуатын «ауыздықтау» мүмкін емес, өйткені қуаттылығы белгілі бір көлемдегі электр қуаты желі бойымен үздіксіз жүруі тиіс. Ал электр стансасының жұмысын тоқтату елімізді энергия қуатынсыз қалдырумен пара-пар. Сонда қалай, шағын стансаның өзі еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін болғаны ма? Егер сіз бұл саланың маманы болмасаңыз, онда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екендігін пайымдау өте қиын. Кедергі қолдан ұйымдастырылып отырған жоқ па? Асқар Секербаев тәжірибе жинап қайтқан Германияда бұл мәселе қалай шешілуде? Мұндай сұраққа алдағы уақытта жауап беруге тура келеді.
Дереккөз: Айқын-ақпарат