Қазақстанның даңқы – сырттағы бар қазақтың абыройы

/uploads/thumbnail/20170708201122584_small.jpg

Қазақ хандығының 550 жылдығы тойын киелі Тараз жерінде күллі әлемнің назары мен көңілі ауатындай дәрежеде өтті. Айтулы мерекеге дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қандастарымызбен қатар, тұтас кеңістікте қатар дамып, саяси-экономикалық қатынасты жандандырып отырған мемлекеттерден де көп қонақ қатысты. Осы тарихи мерейтойдың қонағы К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы, Мәскеу қаласындағы қазақ диаспорасы қоғамдық бірлестігінің І вице-президенті Серік ТОЙҒАМБАЕВПЕН сұхбаттасудың реті түскен еді. Өзге елде де өз қабілетімен қазақ деген ұлттың жақсы атын шығарып жүрген ғалым қандасымызбен болған әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.
– Серік Көкібайұлы, арамызды шекараның сызығы бөлгені болмаса, іргелес Ресеймен әуелден қарым-қатынасымыз, тыныс-тіршілігіміз қызу өрбіп отырғаны әмбеге аян. Десек те, жалпы Ресейдегі бүгінгі қазақ кім, оның орыс қоғамындағы орны қандай деген сұрақпен әңгі­мемізді бастасақ деп отырмын?
– Бүгінгі таңда Ресейде миллионға жуық қазақ тұрады. Оның көбі сол шекара маңында, орысқа қарасты болған Астрахань, Саратов, Вол­гоград, Түмен, Орынбор, Омбы секілді бұрынғы қазақ жерінде қалып қойған қандастарымыз. Ал, Мәскеуде кезінде оқуға келіп, қызмет барысында орнығып қалған мыңға жуық қазақ тұрады. Оның сыртында үш жарым мыңдай қазақстандық студенттер бар.
Менің өзімнің де сол Мәскеуде тұрып жатқаныма 27 жыл болды. Бір қуанарым, орыс жеріндегі қазақтардың осалы жоқ. Бәлкім, бұл ұлтымыздың тектілігінен, қабілеттілігімізден болар, әйтеуір Ресейдегі қазақтардың көбі жақсы қызметтерде және тұрмысы өзгелерге қарағанда айтарлықтай жақсы. Орталық Азияның өзге елде­рінен келген ұлттар құсап қазақтар арзан жұмыс күші ретінде әртүрлі шаруаға тартылып жатқан жоқ. Тіпті, тұрғылықты орыстар да, құқық қорғау қызметі де, тұрмыстың қандай саласы болмасын мемлекеттік шенеуніктер қазақтарға мінез көрсете алмайды. Бізді сауатты, іскер және абыройлы ұлт өкілі ретінде қабылдайды.
Осы ретте айта кетейін, мәселен, Қазақстандағы белгілі зиялы да зияткер әулет Серік Қирабаев ағамыздың шаңырағынан шығып Ресей ғылым академиясының корреспондент-мү­шесі, ғылым докторы, Мәскеудегі әй­гілі Халықтар достығы универ­си­те­тінің ғылым саласы бойынша про­ректоры қызметін атқарып отыр­ған Нұр Қирабаев, Бауман атын­дағы университеттің кәсіби деңгейді көтеру факультетінің деканы Рахым­бай Мыңжасаров, РФ Үкіметі жанын­дағы Қаржы академиясының доценті Талғат Мықтыбаев, профессор Асыл­бек Төлешов, физика-математи­ка ғылымдарының кандидаты Болат Жа­малов, жазушы-журналист Омар Айшақ, жазушы Әсел Омар, заң ғылымдарының кандидаты, заңгер Жанна Оспанова, әлеуметтік ғылымдардың кандидаты, ғалым әрі бизнес өкілі Гүлжан Қожамжарова, ҚР еңбек сі­ңір­ген өнер қайраткері, Ресейдегі «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Әбу­ислам Тұрсынбаев, «Қазақ тілі» газе­тінің бас редакторы, педагогика ғы­лымының кандидаты Орынбасар Қуан­дықов және басқалар бар. Қазақ­с­тан Жазушылар одағының Ресей Жазу­шылар одағындағы өкілі, Саха-Яку­тия елінің еңбек сіңірген мәдениет қай­раткері, ақын Тұрсынай Оразбаева апай­ымыз болған еді, ол кісі биыл көк­темде бақилық болды. Міне, осын­дай азамат ағаларымыз бен апа­ла­ры­мыздың көрнекті еңбегінің арқа­сында орыс жеріндегі қазақтың еңсесі биік. Бұдан өзге, Қазақ елінің бүгінгі саяси бағдары мен Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың ел басқару ісіндегі көре­гендігі, саяси салмағы да ресейлік қазақ­тардың ілгері басуына, шоқтығы биік болуына зор ықпал етеді. Мен ғы­лым саласында жүрген адам ретінде орыс ғылыми ортасы мен халқының Қазақс­танға деген, Назарбаевқа деген ерек­­ше құрметін үнемі көремін. Сол сияқ­ты, Мәскеуге мәдени сапар­мен ке­ліп қазақ өнерінің жауһар таби­ға­тымен, ұлттық ән-күйімен сусында­тып жүрген дәстүрлі музыка мен эстр­а­да жұлдыздары, сондай-ақ қазақ әде­бие­тінің айтулы тұлғалары ақын Ол­жас Сүлейменов, ТМД төңірегінде Шо­лохов сыйлығын тұңғыш иеленген жа­зушы Сәбит Досанов секіл­ді қалам­герлеріміз де сырттағы қан­дас­та­р­ы­мыздың ауызбірлігі мен жемісті, же­ңісті болуына үлкен әсерін тигізіп келеді.
Бір айта кетер болсам, мынау Ресей халқы егер сенің өнерің, ғылымың мен білімің болса, онда сені төбесіне шығарып сыйлайтын жаны момын, қарапайым халық. Қай ұлттың өкілі болмасын, кісіні қабілетіне қарап мойындайтын, өзіне лайық бағасына қиянат жасамайтын мінезі бар.
– Ақпараты аласұра тарап, әр­бір ісі қолға ұстағандай анық бай­қалатын ұшқыр заманда атажұртқа – Қазақ еліне қарайлап бағдар алатын шығарсыздар?
– Әрине, сырттағы қазақ Қазақ­станның әрбір абыройлы ісіне, жетіс­тігіне қарап бой түзейді. Жылт еткен жақсылығын көрсе, оны дәріптеп, сол ісі арқылы өмірі мен тіршілігіне шабыт енеді. Ресей жеріндегі қазақ­тардың санасына сілкініс жасап, ұлттық мәртебесін тағы бір саты биіктеткен жайтты айтайын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ мін­берінде өзіміздің ана тілінде сөйлеуі – біздерге, ресейлік қазақтарға үлкен серпіліс әкелді. Шынын айту керек, халықаралық мәселелердің тағдыры шешілетін ең биік мінберден қазақтың қасиетті тілінде мәлімдеме жасау, бұл елімізге, ұлтымызға әлемдік ұйымдардың назарын ерекше аудартып, қазақтың ғана емес, адамзат дамуы тарихында мәңгіге сақталатын айтулы қадам болды. Тек сырттағы қазақтар ғана емес, күллі түркі дүниесі әлемдік саяси сахнадан қазақтың тілінде сөз сөйлеуін Мемлекет басшысының ірі ісі деп қабылдады.
Мен ғылыми ортамен тығыз бай­­­ланыста болғандықтан орыс ға­лымдарымен, оқыған-тоқы­ғандарымен ұдайы сұхбаттасамын. Сонда ресейлік ғалымдар Қазақстанның озып тұр­ғандығын мойындайды. Мәселен, жоғары оқу орындарында Болон жүйесін енгізген, ҰБТ, тағы басқа білім саласында Қазақстан ТМД аумағында ең алғашқы болып халықаралық білім тәжірибесін өз жүйесіне қосқан ел ретінде орыстың ғылыми ортасы үнемі сөз етеді. Бұл құрғақ мақтау емес, орыс сарапшыларының сүзгісінен өтіп, Қазақстанды терең зерттеген толайым ғылыми пікір. Сонымен қатар, мен Ресейді іс барысында аралаған секілді, Қазақстанға да жұмыс сапарымен келіп, жылда еңбек демалысымда болып еркін аралаймын. Сонда салыс­тырмалы түрде қазақ пен орыстың тыныс-тіршілігіне дейін баға беріп, екі ел халқының тұрмысына да зер сала қараймын. Қазақтардың көп істе биік тұрғанын көремін.
Мемлекет үшін 24 жыл деген нә­ресте қалып. Осы аз ғана уақыт ішінде мынадай жетістікке жету, экономика, саясат, руханият, мәдениет пен өнер саласында жедел түлеу, заманға сай бейімделу және ұлттық реңк пен әдепкі сарынды қайта табу, міне, бұл үлкен жетістік. Дүрк етіп бәрі өз алдына тәуелсіз боп кеткеннен кейін, өзімізбен тағдырлас жас респуб­ликаларды айтпағанда, әуелден өз саяси ұстанымы мен іргетасы нық қаланған Ресейдің өзі Қазақстанды мойындау, қазақ қоғамының даму жолындағы қадамдарына баға беру, қазақтардың қабілет-қарымына тәнті болу, бір сөзбен айтқанда, қаны бір қалың қазаққа ортақ мақтаныш, ортақ баға. Біз осыны өзіміз де шынайы сезініп, өз бағамызды, парқымызды салмақтай білуіміз керек.
– Ресей жеріндегі қазақ диас­порасының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Сыртта жүрсе де Қазақ елінің дамуына, өзгемен тең тұруына нендей істер атқарып жатырсыздар?
– Мәскеудегі қазақ диаспорасы әуелден қалыптасып, ұлтымызды сол кездегі кеңестер кезеңіндегі тұлғалы ел ретінде таныту, одақ көлемінде ең шұрайлы да қасиетті топырақтың иесі ретінде алғы шептен көрсету секілді қоғамдық-мәдени жұмыстармен белсене араласқаны, көп ұлтты кеңістікте өзіндік ұстынын қалыптастыру ісін сауатты жүргізгені мәлім. Сол дәстүрді жалғастырушы әрі заңды мұрагері бүгінгі ресейлік қазақтар, оның ішінде мәскеулік орта.
2006 жылы Ресей тарихында ал­ғашқы болып «Қазақ тілі» деген екі тілде газет шығаруды бастағанбыз. Қазақ ұлтының мәдениетін, дәстүрін, ұлттық ерекшеліктерін орыс қоғамына насихаттау, өзге ұлт өкілдерімен рухани қарым-қатынасты жандандыру мақсатында көптеген жұмыстар атқарылып отыр. Ресейде Ұлтаралық және дінаралық мәселелер жөніндегі комитет бар, оған барлық диаспора өкілдері кіреді. Ай сайын Мәскеуде, жалпы Ресейде өткізілетін іс-шаралар ретін тапсырып, қазақ мәдениетін насихаттайтын басқосулар өткіземіз. Осындай игі істерге өз тарапынан үлес қосып, демеушілік жасап жүрген Ринат Абсеитов, Қанат Төлегенов, Жанарбек Ақбаев, Оразгүл Елікбаева, Бахыт Ермекбаев секілді үлкен жүректі бауырларымыз бар.
Айта кететін ерекше оқиғаның бірі – наурыз айында халықаралық Ресей Жазушылары одағының ұйым­дастыруымен және біздің қоғамдық бірлестіктің, «Қазақ тілі», «Мұрагер» қоғамдарының қолдауымен қазақтың белгілі жазушысы Сәбит Досановтың 75 жасқа толуына орай үлкен шығар­машылық кеш өтті. Оған орыс мәде­ниетінің көрнекті тұлғалары Людмила Шипахина, Нина Попова, Юрий Бон­дарев, Феликс Кузнецов, жазушы әрі генерал-лейтенант Соколов, сондай-ақ, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстанның айтулы жазушылары мен қоғам қайраткерлері қатысты. Бұл дегеніңіз, қазақ ұлтына, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне деген құрмет пен халқымыздың рухани құндылығын әлемге паш ете білген жазушымызға деген ерекше ілтипат қой. Міне, осындай іс-шараларды атқарып, өз ұлтымызға тамшыдай болса да үлес қосуды мақсат етеміз.
– Қазақ хандығына 550 жыл тол­ды деп еліміз әлемге жар салып ұлы тойды атап өттік. Өзіңіз де бұл ме­рей­лі шараны көзбен көріп, орта­сын­да болдыңыз. Көңіліңізге не түй­діңіз, қандай әсер алдыңыз?
– Қазақ елінің ұстыны болған Астана қаласындағы Тәуелсіздік са­райында қыркүйек айының 11-інде Қазақ хандығының құрыл­ғанына 550 жыл толуына орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан үлкен жиын болды. Сол тарихи кездесуге қатысып, Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың дүйім ел алдында, күллі дүниеге қаратып сөйлеген сөзін естідім, қазағымның әлемдік абыройы мен халықаралық беделінің биік екендігіне куә болып, ерекше тебірендім. Одан кейінгі тарихи той киелі Тараз жерінде өтіп, қазақтың туын тұңғыш тіккен, елдігіміздің іргесін бекемдеп, мемлекеттілігімізді қалыптастырған Керей мен Жәнібек бабаларымызға арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қатыстым. Кеше­ден бастау алып, бүгінге жеткен қилы тарихымызды паш етіп, өзінің биік тағында мығым отырған Керей хан мен Жәнібек ханның бейнесі кім-кімді де тебірентіп, әр қазақтың рухын көтеретіні, осындай дана да дарқан ұлттың өкілі екендігіңді шын сезініп, тілмен айтып жеткізе алмастай сезімде болатының рас.
Батыр да хан бабаларымыздың ескерткішін ашып тұрып Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Хандықтың қалып­тасқаны 550 жыл деп атап өткені­мізбен, біздің түп тарихымызға, осы ұлан­-ғайыр жердің қожасы ре­тінде әзелден келе жатқанымызға еш­кім­нің шүбәсі жоқ. Біз талай шап­қын­шылықты, үркіншілікті көрген елміз. Жерімізді жауласа – ол өзіміздің алау­ыздығымыздан, жауымызды жеңсек – ауызбіршілігімізден жеңдік. Батыр, дана, кемеңгер бабаларымыз анталаған жаудың біріне ес боп, біріне сес боп жүріп іргетасымызды бекемдеп кетті. Сондықтан да біз ұлт боп ұйысып, ел боп тұтаса білсек – бағындырмайтын биігіміз, алмайтын асуымыз жоқ!» деп айтқаны бар қазақтың көңіліне қонды, жүрегін тербеді.
Қазақ хандығының 550 жылдығы бізді, Қазақ елін күллі әлем алдында тарихи статусымыз бен ұлттық бет-бейнемізді сапалы қырынан айқын­дады. Әлемнің әртүрлі елінен келген журналистер жазып, түрлі елдердің телеарнасынан көрсету еліміз үшін ғана емес, кез келген дамыған қоғам үшін де үлкен абырой. Міне, бұл ұлттық шараның тарихи салмағы саясат кеңістігінде де аса жоғары.
550 жылдықты атап өту ке­зін­де өткізілген тарихи-мәдени іс-ша­ралардың өзі ауызбен айтып та­уыса алмайтын үлкен әңгіме. Осы­ның бәрі елдің ауызбіршілігі мен тұрақтылығының, мәдениет, руха­ният, ғылым саласындағы зор ізде­нісі мен ілгері басуының жемісі. Ата­жұртымызда, Қазақ елінде осындай игі шаралар атқарылуы сырттағы қара көздеріміз үшін ұшан-теңіз еңбек, сөзбен айтып жеткізе алмайтын қолдау. Еліміздің, Елбасымыздың мұндай бас­тамасын қолдап қана қоймай, шетте жүрсек те қазақ ұлтының перзенті ретінде үлес қосамыз, қолдаймыз.
Хандықтың мерейлі тойына Ресей жерінен бірқатар бауырларымыз ке­ліп қатысты. Олардың қатарында Мәскеудегі «Мұрагер» деп аталатын қоғамдық бірлестіктің президенті Ерназар Нуриев, «Астана фонд» қоға­мының басшысы Жарқын Өтешова секілді белсенді қазақтар бар. Бұл ұлы той ресейлік қазақтарға да дем берді. Бұйыртса, біз де Мәскеуде ресейлік өзге ұлттарды қонақ етіп ұлтымыздың бай тарихы мен мәдениетін насихаттайтын боламыз.
– Ұлт пен рухты ұлықтап, іш­кі жан дүниеңіздегі елге деген ма­хаб­батыңызды бөліскеніңізге оқыр­мандар атынан алғысымызды жет­кіземіз, рахмет.
Әңгімелескен
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».

 

Қатысты Мақалалар