Талдықорғандағы Тілдер сарайында этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісім мәселелері жөнінде «Орталық Азия өңірі азаматтық біртектілікті қалыптастыру мен дамыту тәжірибесі» деген тақырыпта ғылыми-сараптамалық кеңес болып өтті. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Парламент депутаттары, шетелдік және отандық сарапшылар, мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестіктер өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.
«Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен үшінші рет өткізіліп отырған ғылыми-сараптамалық кеңестің көздеген мақсаты мемлекетаралық достық қана емес, интеграциялық үдерістерді де дамыту болып табылады. Өйткені, біздің арамызда экономикалық, мәдени және тағы басқа сан-салалы ынтымақтастық болғанда ғана тың қарқынмен алға жылжитынымыз анық. Негізі дәл осы бастаманы Елбасы өте ертеректе көтерген-тін. Ойымша, мұндай үдерістерге әуелгі кезекте сарапшылар қатысып, түрлі қиындықтарды, шешімін күткен мәселелерді анықтауы қажет. Рас, Орталық Азия елдері бауырлас болғанымен, кей жағдайларда интеграциялық үдерістер қарқын ала алмайды. Сол түйткілді дер кезінде тарату үшін осындай кездесулер керек», – деді Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Ғазиз Телебаев.
Бұл кеңеске көршілес түркі тектес халықтармен бірге Иран, Пәкістан, Ресей, Оңтүстік Корея, Италия мемлекеттерінің де өкілдері қатысып, өзіндік пікірлерін ортаға салды. Сол сарапшылар мен ғалымдардың біртектілікті қалыптастыру қадамдарын жасауға ұмтылуы көңіл толтырды. Негізі тақырып аясындағы ортақ мүдде мемлекеттік тілде сөйлеу болса, шүкір, ол бізде бар. Тағы бір баса айтар жайт – сарапшылар кеңесе отырып сырттан көмек күтпей өз мәселемізді, яғни «өзендерді пайдаланып электр қуатын өндіру секілді өмірлік қажеттіліктерді өзіміз шешуіміз қажет» деген тұжырымға тоқталғандығы болды. Бұл ретте, көптеген мәселелердің түйіні біздің елімізде шешіліп жатқандығы жасырын емес. Айталық, түркі тектес халықтар арасындағы ынтымақтастық, түсіністік, ортақ мүддеге жұмыла кірісу секілді жұмыстарға астаналықтар ұйытқы болып, көптеген келелі істер атқарып жатқаны мәлім.
«Кеңес қорытындысында сарапшылардың ұсыныстарын тиісті орындар назарына ұсынатын боламыз. Әрине, ол ұсыныстар талқыланып, тексеріліп, сұрыпталады. Өйткені, негізгі әдіспен ұштасуы керек. Мақсатымыз – осы елдерден келген сарапшылар мен ғалымдардың ынтымағын нығайту. Біз қатар жатқан әрі өркениетке ұмтылған елдер болып саналатындықтан, сейіліп бара жатқан ғылыми орталық жұмысын қайта жаңғыртуымызды уақыт қажетсініп отыр. Әлемдік тұрғыдан алсақ, Қытай, Оңтүстік Корея және бүгін өкілдері қатысып отырған Иран, Пәкістан елдері біздің елімізді өте терең зерттеп жатыр. Біздің елге деген қызығушылық пен айтар ой-пікірлер ішкі дамуымызға өзіндік ықпалын тигізеді деп те ойлаймыз. Алматы облысы полиэтносты қоғам деп айтамыз. Бір қырынан қарасаңыз, жерінің орналасу ыңғайлылығы да соған сәйкес тәрізді. Мекендеген этностар да Орталық Азия елдерінің барлығына тән. Екіншіден, шекаралас. Сонымен қатар, Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының да жақсы бастамалары бар. Түрленген Талдықорған арқылы елімізде жасалып жатқан жұмыстарды да қонақтарға паш еттік», – деді Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі Айгүл Сәдуақасова.
Ғылыми-сараптамалық кеңесте Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев сөз сөйледі.
Қорыта айтқанда, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде жалғасқан ғылыми кеңес Достық үйінде түйінделді.
Дереккөз: Егемен Қазақстан