Әйтеуір, жақсының қадірі қашқан күн...
.Космонавтиканы дамытуға сіңірген еңбегі, «Союз ТМА-16М» ғарыш кемесінде ұшу бағдарламасын табысты орындағаны үшін Қазақстан Республикасының ғарышкері Айдын Ақанұлы АЙЫМБЕТОВ «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» құрметті атағын алды.
Елбасы: «Айдын Айымбетовтің сапары - еліміздің биік мәртебесі мен ең асқақ белестердің өзін бағындыра алатын мақсаткерлігін көрсетті» – деп, қазақтың үшінші ғарышкері Айдан Айымбетовке еліміздің ең мәртебелі «Халық қаһарманы» атағын берді.
Ел болып қуанып, ұлт болып ұлықтап жатырмыз. Дұрыс. Айымбетовтің еңбегі зор, құрметтелуі жөн...
Әйткенмен, қазақта «тұңғыш» дейтін бір таным мен тектілік бар емес пе еді?.. Әділдіктің ақ жалауын желбіретіп, адалдық тұрғысынан келсек, алдымен, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар ӘУБӘКІРОВке лайықты ғой – «Халық қаһарманы»! Бұған біреудің дауы мен дәйегі бар ма, қарсы айтатын?..
Елбасының Қазақстанның үш ғарышкерімен бірге түскен суретін көріп, көңіл демдесек те, көкейімізде салмақты сұрақ қалды: «Нағыз қаһарманымыз Тоқтар ӘУБӘКІРОВ қазір қайда жүр?!.» – деген...
...Әттең, жақсының қадірі қашқан күн-ай десеңші!..
Махамбеттің еске түскен үзік-үзік өлең жолдары қашанда өміршең-ау...
«Мен - мен едім, мен едім!
Мен Нарында жүргенде,
Еңіреген ер едім.
Исатайдың барында,
Екі тарлан бөрі едім.
Қай қазақтан кем едім?
Бір қазақпен тең едім...
...Еділдің бойы ен тоғай –
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге,
Мал толтырсам деп едім...
...Мен Нарында жүргенде,
Еңіреген ер едім.
...Ерегіскен дұшпанға
Қызыл сырлы жебе едім.
Жақсыларға еп едім,
Жамандарға көп едім...»
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
