Кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдеріне арналған артық шығынның алдын алды - Қызылорда облысы

/uploads/thumbnail/20170708201333414_small.jpg

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасынан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы «Қызылорда облысы бойынша жер үсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы ставкаларын бекіту туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының шешім жобасына сараптамалық қорытынды беруді сұратқан болатын.
Аталмыш шешім жобасында су ресурстарын пайдаланғаны үшiн ауыл шаруашылығы субъектілеріне төлемақыны 74,4 есеге көтеру көзделген. Құжатты әзірлеушілер төлемақы соңғы рет облыстық мәслихаттың 2006 жылғы 30 маусымдағы № 299 шешімімен  бекітіліп, жергілікті өкілді органмен 9 жыл бойы базалық төлемақы көтерілмегендігін алға тартты.

Өз кезегінде, Кәсіпкерлер палатасы аймақ тұрғындарының басым бөлігін ауылдық жердің тұрғындары құрайтындығын, олардың негізгі табыс көзі - ауыл шаруашылығы саласы болып табылатындығын назарға ала отырып, төлемақыны бірден көтеру қазіргідей «ерекше экономикалық жағдайда» облысымыздың ауыл шаруашылығының дамуына кері әсерін тигізетіндігін жеткізді.

Осы орайда, Палата тарапынан мемлекеттік органға ауыл шаруашылығы бойынша су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақыны көтеруді тоқтатып, әрі қарай төлемақының кезең кезеңімен өсуін қарастыру туралы ұсыныс берілді.

Кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттік органның арасында жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақыны көтеру тоқтатылды, деп хабарлады облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Қатысты Мақалалар