ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы «Бақыты балалық» жобасы аясында «Болашаққа қаржы саламыз!» акциясын ағымдағы жылдың 7 шілдесінде Астана қаласынан бастаған болатын.
Осыған орай аталмыш акция саяси ұйымның барлық филиалдарында жалғасын тауып, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған арнайы есепшоттар ашылып, салымдар салынды.
Бүгін Қызылорда облыстық партия филиалының мәжіліс залында қалалық партия филиалының ұйымдастыруымен құқық қорғау органдары, әділет қызметкерлері, судьялар демеушілігімен 18 балаға есепшоттар ашылды.
«Бақытты балалық» партиялық жоба аясындағы шараның негізгі мақсаты - екінші дәрежедегі банктерге ақшалай қаржы жинақтау жолымен балалардың жоғары білім алуына ықпал ету.
«Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Білімге салынған инвестиция - болашаққа салынған қаржы» - деп атап өтті. Бұл білімге салынған инвестицияның араға жылдар салып еселеп қайтатынын меңзеп, ұрпақтың білімі мен ой-санасының ұшқыр болуы жолында ештеңе аямайтын елдің еңсесі биік екенін дәлелдейді», - деді өз сөзінде облыстық партия филиалы Саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Жарылқасынов.
Жалпы акцияға облыс бойынша партия аппаратының барлық қызметкерлері, облыстық мәслихаттағы фракция мүшелері, депутаттар, бастауыш партия ұйымы жетекшілері, жасотандықтар, кәсіпкерлер атсалысты.
Айта кету керек, «Бақытты балалық» жобасы аясындағы шараға еліміз бойынша 3000, ал Қызылорда облысы бойынша 150 балаға салым салу көзделсе, облыстық партия филиалы бұл межені 10 балаға артық орындап, акцияны қорытындылады, деп хабарлайды саяси ұйымның облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Дереккөз:Қазақпарат