Қазақ хандығына 550 жыл: «Сырым шыққан төбеден - Сырым бөгетіне дейін» атты экспедиция мәреге жетті

/uploads/thumbnail/20170708201343274_small.jpg

ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО-ның Сырым ауданында «Менің кіші Отаным» атты ІІ тарихи-танымдық жобасы аясында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Сырым шыққан төбеден - Сырым бөгетіне дейін» атты экспедиция мәреге жетті.
Өткен жылы «Менің кіші Отаным» жобасы ауданның тарихи жерлерімен шектелсе, биыл көршілес Ақтөбе, Атырау облысының бірқатар ауылдарын қамтыды. Атап айтқанда, он алты адамнан құралған экспедиция Сырым шыққан төбеден бастап аудан орталығы - Жымпиты, Шыңғырлау ауданынң «Аққұм» тарихи мекені арқылы жүріп өтіп, алдымен Ақтөбе облысы Қобда ауданы Әлия ауылына ат басын тіреді. Мұнда олар Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мұражайында, Қобыланды батыр жерленген Жиренқопа елді мекенінде, Асан қайғының баласы Абат Байтақ кесенесінде болды. Ақтөбенің Ойыл ауданынан асып, Атырау облысының Қызылқоға ауданының орталығы Миялы ауылына, Сырым бөгеті орналасқан Көздіғара ауылдық округіне тоқтады. Мұнда сырымдықтар Сырым бабаның салған бөгетіне арнайы белгі орнатып, батырдың ізі қалған жерден бір уыс топырақты елге әкелді. Экспедиция мүшелерінің сөзіне қарағанда, Сырым бөгетінің ұзындығы 800 метр, 1797 жылы бабамыздың 55 жасында салынған екен. Бұл бөгеттен батырдың жасағы жүріп өткен. Бөгетке қатысты мынадай аңыз бар екен: «Сырым жасағының бірін су жағасында ойнап отырған кішкентай балалардың не істеп отырғанын көріп келу үшін жібереді. Сөйтсе, әлгі балалар суға құм мен қамыс салып, «құм сал да, құрым сал» деп ойнап отыр. Балалардың ойыны Сырымға ой тастап, Ойыл өзенінің бір сағасына тарихи бөгетті салған» деседі.

Сырым бөгетінен соң қайтарда экспедиция көршілес Қаратөбе ауданының Мұхит ауылында аялдап, мұнда да жергілікті тұрғындармен жүздесті. 

Экспедиция мүшелерін қабылдаған аудан әкімі Абат Шыныбеков аталмыш жобаның келесі жылы да жалғасатынын жеткізді. Бұл ретте Сырым батыр жүрген Хиуадағы тарихи орындарға бару көзделуде.

Айта кетейік, қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен Сырым Датұлының (1742-1802) жерленген орнын анықтау мақсатында 2007 жылдың мамыр айында БҚО тарих және археология орталығы ғылыми экспедиция ұйымдастырып, соның нәтижесінде батырдың бейіті Өзбекстанның Хорезм облысы Гүрлен ауданы «Ғайып ата» қорымында екені анықталған болатын.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Қатысты Мақалалар