ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - «Біздің заманда жігіт үшін маңыздысы - таңдаған мамандығы бойынша білім алу, қосымша әскери мамандықты игеру, Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге бару, одан кейін мансабын оң жолға қойып үйлі-баранды болу».
Сұхбат берген «Айдын» бірінші республикалық әскери-патриоттық жиынының жеңімпазы, Астанада өткен патриоттар форумының делегаты Алмат Қайырбековтің сөздері осылай басталды. Спикері Алмат болған Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің әскери кафедрасы студенттерінің командасы Қарағанды түбіндегі оқу полигонындағы жарыстарда елдің ЖОО әскери кафедраларының 25 құрамасының ішінде бірінші орынға ие болды. «Айдын» әскери-патриоттық жиынына әскери-патриоттық клубтардың, «Жас ұлан» мамандандырылған интернаттардың және ЖОО әскери кафедраларының 50 командасы қатысты.
Жеке сында Калашников автоматынан оқ ату бойынша Алмат жүлделі орынға ие болып, өз ЖОО әскери кафедрасының Қазақстанның жоғары білім ордалары ішінен «Үздік әскери кафедра» атануына септесті.
Қазір 21 жастағы Алмат ШҚМТУ 4 курсында «түсті металлургия» мамандығы бойынша білім алып жатыр. Екінші және үшінші курста ол ЖОО әскери кафедрасында қосымша бронетанк жүйелерінің техника-механикасы әскери мамандығын игерді. Бір жылдан соң дипломын қорғағаннан кейін Алмат әскери билет пен лейтенант атағына ие болады.
Нысанаға дәл көздеп атуды қайдан үйренгенін және осындай әскери мамандықты неліктен таңдағанын сұрадым.
«Мен Қатон-Қарағай ауданынанмын, - деді Алмат, - әкем қорықшы болып жұмыс істеді, мектепте де бастапқы әскери дайындық сабағы жақсы жүргізілді. Неліктен осындай әскери мамандықты таңдағаныма келер болсақ, техника - менің екінші өмірім. Үнемі көліктермен айналысатынмын. Қозғалтқыштың дыбысын жақсы көремін. Ал танк - бұл қуатты техника, оның ішінде өзіңді мықты ер жігіт ретінде сезінесің».
- Алмат, патриоттар форумына қатысудан қандай әсер алдың?
- Патриоттар форумында «Айдын» республикалық әскери-патриоттық жиынының қатысушыларымен кездестік. Сөйлейтін сөзді бірге дайындадық. Қазақстандық саяси элитаны - депутаттарды, мәжілісмендерді, министрлер мен белгілі тұлғаларды бетпе-бет көргенде қысылып қалдық. Алайда қатты қобалжымадық», - деді Алмат.
- Мектепте оқығанда «мектеп президенті» болғанмын. Сондықтан қоғам алдында сөз сөйлеу машығым бар.
«Мәңгілік ел» - бұл елдің болашағы, жүздеген ұлт өкілі тұратын қонақжай еліміздің бірлігі екеніне сенемін. Қазақстанда мейірімді, ашық адамдар өмір сүріп жатқанын көріп отырмыз. Мұндай менталитетпен біріккен халқымыздың болашағы өркендеу мен біртұтастыққа бағыт алады. Біздің елімізде әр адам ұлтына қарамастан, үлкен жетістіктерге қол жеткізе алады. Барлығы адамның қалауы мен денсаулығына байланысты.
- Алмат, бұл тақырып бойынша қатарластарыңмен жиі пікір таластырасыңдар ма? Сен оларға не айтасың?
- Иә, біз барлық мәселені талқылаймыз. Достарыма айтатыным - білім алып, мамандық игеріп, ерінбей әскери мамандыққа ие болып, міндетті түрде Отан алдындағы борышты өтеу керек. Әскерде ер жігітке тән қасиетке ие боласың, әскерде балалық шақтан ересек өмірге қадам басып, өмірге деген көзқарасың өзгереді. Бұл - нағыз ерлік мектебі.
- Институтты тәмамдаған соң мамандығың бойынша жұмыс істейсің бе, әлде келісімшарт бойынша әскери қызметте боласың ба?
- Зауытта мамандығым бойынша жұмыс істеуді жоспарлап отырмын. Алайда мен кез-келген әскери бөлімде де қызмет ете аламын. Диплом алған соң таңдау жасаймын.