Алматыда жазылмас дертке шалдыққандарға паллиативтік көмек көрсету бойынша ақпараттық акция өтуде

/uploads/thumbnail/20170708201351055_small.jpg

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласының емханалары мен медициналық орталықтарында жазылмас дертке шалдыққан науқастарға хоспистік және паллиативтік көмек көрсету бойынша ақпараттық акция жүріп жатыр. 
Бұл шара 10 қазан - Дүниежүзілік хоспистер және паллиативтік қызметтер күні аясында арнайы ұйымдастырылды. 

«Паллиативтік қызмет, бұл бүкіл әлем бойынша жаңа ұғым. Оны денсаулық сақтау саласының жаңа бағыты, жаңа саласы деуге болады. Ол айықпас дертке шалдыққан, арнайы медициналық ем қолдану тоқтатылған науқастарға көмек көрсетуге бағытталған. Бүгін Алматы қалалық Онкологиялық орталығының мамандары бірқатар емханалар мен медициналық орталықтарды аралап, дәрігерлер және ем қабылдауға келгендер арасында паллиативтік көмек көрсету бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде  және оларға арнайы жадынамалар таратады», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында бүгінгі шараны ұйымдастырушы ұйым - Қазақстанның паллиативтік көмек көрсету қауымдастығының президенті, «Қатерлі ісікке қарсы бірге күресеміз» қоғамдық қорының директоры Гүлнар Қоңырова. 

Сонымен қатар ол айықпас дертке шалдыққандардың жан азабын жеңілдетуде олардың туған-туыстарының алар орны ерекше екендігін жеткізді.

«Бұл науқастар көп жағдайда қоғам назарынан, денсаулық сақтау саласынан тыс қалып жатады. Бұл түсінікті де. Олар жалғыздықтан зардап шегеді. Медицина дәрменсіздік танытқан соң, бойларын  қорқыныш билейді. Бірақ паллиативтік қызметте «көмек көрсете алмайыз» деген сөз айтылмайды. Ауру, сыздауға қарсы емді біле отырып, науқастың жан азабын азайтып, күтімін жақсартуға әбден болады. Бұл әдістерге оның туыстарын үйрету өте маңызды. Өйткені мұндай адамдардың 95 пайызы хосписте емес, үйде жатқанды қалайды. Сол үшін оларды жалғыз қалдыруға болмайды. «Не айтам» деп қиналудың қажеті жоқ. Ең болмаса, қасына келіп, қолынан ұстап, соңғы сәтке дейін жанында болатындығыңызды білдірсеңіз, соның өзі оған үлкен демеу», - деді Г. Қоңырова.

Айта кетелік, Алматы Онкологиялық орталығының базасында өткен жылдың желтоқсан айынан бері онкологиялық  ауруларға шалдыққандарға үйде көмек көрсету мобильді бригадасы жұмыс істеп келеді.

Ал «Қатерлі ісікке қарсы бірге күресеміз» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Алматы қаласында 2012 жылдан бері 600-ден астам дәрігер паллиативтік көмек көрсету бойынша оқыту курстары мен семинарларға қатысқан. Олардың ішінде Алматы Онкологиялық орталығы, ауруханалар, емханалар және бірқатар жеке медициналық орталықтардың дәрігерлері бар.  

Дереккөз. Қазақпарат

Қатысты Мақалалар