ОРАЛ. ҚазАқпарат - Астанада өткен «Мәңгілік ел - болашағы біртұтас ел» атты патриоттар форумына бүкіл елге белгілі адамдармен бірге қатысып қайтқаным үшін өзімді бақытты сезінемін. Бұл туралы Зеленов ауданы Достық ауылында тұратын 8-сынып оқушысы Никита Тюкин мәлім етті.
Оның айтуынша, мұндай деңгейдегі жиынға алғаш рет қатысқан. Сондықтан бәрі таңсық, бәрі қызық көрінді. Оның үстіне Астана қандай! Бос уақыттарында «Бәйтерек» сынды елорда кереметтерін көзбен көрудің әсері бөлек еді.
Патриоттар форумында ғарышкер Айдын Айымбетов, атақты боксшы Геннадий Головкин және басқа әйгілі жандармен бірге болып, олардың сөзін тыңдаудың өзі неге тұрады. Осындай отаншыл адамдарды күллі Қазақ елі мақтаныш тұтып, үлгі алатыны анық.
«Мен, әрине, «Жыл патриоты» атанамын деп ойлағаным жоқ. Бәрі күтпеген жерден болды. Оның үстіне «Ерлігі үшін» аталымын ғарышкер Айдын Айымбетовтің қолынан алғанымда, кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Ондай батырлар көп емес қой. Сондықтан бұл жақсы ырым деп есептеймін. Болашақта төтенше жағдай саласының маманы болғым келеді. Адамдарға әр уақытта көмекке келуге дайын тұратын боламын. Бұл кім-кімнің де қолынан келеді. Тек адал өмір сүріп, бейбіт аспан астында аянбай еңбек ете білу керек. Ең бастысы, Елбасы ұсынған «Мәңгілік ел» идеясының жүзеге асуына біз де өз үлесімізді қосып, ол үшін өз Отанымыз бен халқымызды сүйе білу керек», - деді Н.Тюкин.
Еске сала кетейік, Н.Тюкин биылғы 24 мамырда Шаған өзеніне батып бара жатқан қос қызды ажалдан құтқарып қалған болатын. Оны БҚО ТЖ департаменті алдағы уақытта кәсіби құтқарушыларды даярлайтын Көкшетау техникалық институтына оқуға шақырып отыр.
Дереккөз. ҚазАқпарат