АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек БҰҰ-ы Қорының Орталық Азия бойынша халықты қоныстандыру (ЮНФПА) Субөңірлік Офисінің басшысы Николай Ботевті қабылдады.
Кездесудің басты тақырыбы ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдығын мерекелеу сөз болды, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметінен.
«Алматылықтар әлемдік қоғамдастықпен бірге Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясындағы ортақ дебаттардағы сөйлеген сөзін зейін қоя тыңдады. Біздің еліміз үшін бұл өте маңызды. Ұлт басшысының бейбітшілік сүйгіш саясаты арқасында біз алғашқылардың бірі болып ядролық қарудан бас тарттық, игі бастамалардың барлығы өңір халқының дамуы мен гүлденуіне бағытталған», - деді әкім.
Осыған орай қала басшысы Алматыда БҰҰ-ның мерейлі салтанаттарын өткізу Алматының ғана емес, жалпы Қазақстанның халықаралық мәртебесін арттырудағы маңызды қадам болатындығын атап өтті. БҰҰ-ның Алматыдағы күндері аясында, алдын ала жасалған бағдарлама бойынша 20-24 қазан күндері аралығында көрмелер, ғылыми конференциялар, концерттер өткізу жоспарланған. Бұлардан өзге, «БҰҰ әлемді көгілдір түске бояйды» атты халықаралық бастама аясында мегаполистің көрнекі орындары - Республика Сарайы мен «Қазақстан» қонақүйі неон жарығымен көмкеріледі.
Қала басшысы Алматының БҰҰ үшін өңірлік хабқа айналуға толық мүмкіндігі бар екенін және мегаполистің инвестициялық- экономикалық тартымдылығын да атап өтті. «Шетелдік өкілдіктер мен халыралық ұйымдардың дұрыс жұмыс істеулері үшін қолайлы жағдай туғызу - басты міндеттердің бірі», - деді әкім.
Дереккөз: ҚазАқпарат