Әзербайжандағы басқосу. Президент неге қатыспады?

/uploads/thumbnail/20250705130826154_big.webp

Әлеуметтік желі мен көрші елдердің ақпарат алаңында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарабақтағы Ханкенди қаласында өткен Экономикалық ынтымақтастық ұйым (ЭЫҰ) саммитіне бармағанын сан-саққа жүгіртіп жатқандардың қарасы қалың. Үкіметбасы қатысқан жиынның маңыз-салмағы мен еліміздің сыртқы саясат ұстанымындағы қалыптасқан жағдайға назар аударып көрдік. 

Айналадағы ағайынның дөп басып, төтесінен айта алмай отқан емеуріні – тұтас түркі дүниесінің көшбасшылары жиналған саммитте Қазақстан Президентінің болмауы ықпалды көршілердің шарт қоюының көрінісі дегенге саяды. Кейінгі кездері Әзербайжан мен Ресей арасында қалыптасқан саяси ахуал күн тәртібінен түспей тұрғаны рас. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәл осы саммитке қатыспауының себебі осы мәселеге тікелей қатысты деп кесіп айту қиын. 

Саммит 17 мәрте өтті. 2025 жылы Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуші ел болғанымен, саммитті қабылдауға міндетті емес. Осы тәртіпті пайдаланған Әзербайжан өз меншігіне қайтарылған өңірде саммит өткізді. Бұл ұйымға Әзербайжан, Түркия, Иран, кейінгі жылдары Өзбекстан мен Қырғыз Республикасы ерекше мән беріп келеді. 

Құрылғанына қырық жыл толған ұйым аясында өткен 17 саммиттің тек үшеуіне ғана Қазақстаннан Президенттер қатысқан. Оның бірі – 1998 жылы жылы Қазақстан төрағалық еткен кезең (Н. Назарбаев қатысқан). Екіншісі – 2017 жылы Н. Назарбаевтың қатысуы, үшіншісі – 2021 жылы онлайн форматта Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуы. Түркия, Әзербайжан, Иран, Түркіменстан, Пәкстан бірнеше мәрте төрағалық еткен ұйымға Қазақстан 1992 жылы мүше болған. Содан бері биыл екінші рет төрағалық етіп отыр. 

Ұйым құрылғанына қырық жыл толғанын айттық. Түркия, Иран мен Пәкістан негізін қалаушысы болып танылатын ЭЫҰ-на 10 мемлекет мүше. Ең маңызды шешімдерінің бірі – 2003 жылы Исламабад саммитінде қабылданған Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Сауда келісімі. Бұл келісімнің индикаторларына назар аударсақ, 2025 жылға қарай ұйымға мүше мемлекеттердің өзара сауда байланысы еркін деңгейге шығуы керек. Ал 2017 жылдан бері қарай ұйымдағы саяси күн тәртібінің риторикасы аймақтағы көлік-логистикалық мүмкіндіктерді пайдалану және «жасыл дәліздерді» қалыптастыру форматына қарай ойысты. Түпкі мақсаты ТМД және ЕО сияқты ішкі экономикалық айналымы қалыптасқан ұйымға айналу еді. Бірақ 2025 жылғы межеден қарасақ, негізгі индикаторлардың көбі орындалмаған.

Ильхам Әлиевтің сөзінде «Армения және оның артында тұрған мемлекеттерге бірнеше мәрте ескертілді» дейтін сипаттағы саяси риторика Әзербайжан мен Ресей арасының алшақтай түскенін айқындап отыр. Бірақ бұл жолайрық ең алдымен Қазақстанның алдынан емес, Түркияның алдынан шығатын сыңайлы. Қазақстанның алдына саяси таңдау қоюға құмар топтардың да түпкі пиғылын топшылау қиын емес. 

Біріншіден, бұл ұйым атқарушы биліктің еншісіндегі экономикалық, көлік-логистикалық, салық және трансшекаралық сауда айналымы сияқты мәселелерді талқылайтын боғландықтан, Үкімет басшысының қатысуында еш әбестік жоқ. Бұдан бөлек, кей көрші елдердің Президенттері де аталған ұйымға қатыса бастағаны беріде – 2017 жылдан кейін. Оған дейін вице-премьер-министр мен Жоғары кеңес төрағасы орынбасарына дейін қатысқаны қатталған хаттамаларда сайрап тұр. Үшіншіден, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының нормативтік құжаттарында делегация басшылары статусына ұйымға мүше мемлекеттің басшысы немесе премьер-министрі лайық бола алатынын нақты жазған. Халықаралық саяси жиындардың протоколында қатысушы деңгейі ерекше маңызға ие дүние екенін ескерсек, Мемлекет басшысының Ханкендиге бармауы кездейсоқтық немесе өткен аптада орын алған жағдайлардың әсерінен деу қате. 

Түптеп келгенде, ұйымның саммиті сәтті өтіпті, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қазақстан тарапына айырқша алғыс айтты. Геосаяси дағдарыс кезеңінде салмақ-теңгерімін тең ұстап отырған Қазақстан қандай да бір тараптың тақымында кететін жағдайда емес. Өз ұстанымы, өз көзқарасы бар. Оған жағдай да жасалып отыр: Қазақстан және Орта Азия елдеріне баламасыз ықпал ету жағдайы теңгеріліп, екіжақты ахуал қалыптасты, ЕуроОдақ пен АҚШ, Түркия да бұл аймаққа айрықша назар аударып отыр.

Қорыта келе, түбі бір түркі жұртының көшбасшылары бас қосқанда, төрінде қазақ Президенті отырса деген ниеттен ғана пікір білдірген жұртшылықтың уәжін жоққа шығару қиянат. Президентіне арқа сүйеген ордалы жұрттың өз лидерін бауырлас халықтардың басқосуында көргісі келгеніне өкпелеу де орынсыз.  

Түркі жұртының ынтымағы арта берсін!

 

Әділет МӘДЕНИЕТ

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар