АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана төрінде дирижер, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Еркін Нұрымбетовтің шығармашылық жеке концерті табысты өтті.
Айта кету керек, Еркін Нұрымбетов Қызылорда қаласында туып-өскен. Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияның түлегі, Айтқали Жайымовтың шәкірттерінің бірі. Көптеген халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, «Дара тұлға - Нұрғиса» атты музыкалық поэмасы қоғамдық маңызы бар шығарма ретінде мемлекеттік грантты жеңіп алған. Ол барлық жетістіктерім әуелі Алланың, одан кейін ата-анамның және ұстаздарымның арқасы деп есептейді. Музыка мектебіндегі алғашқы ұстазы Махамбет Мәмбетназаров, Айтберген Жаңбыршиев, Ермұрат Үсенов, ал консерваториядағы ұстаздары Айтқали Жайымов, Кенжебек Күмісбеков, Төлепберген Әбдірашев сынды өнер шеберлерін әрқашан ардақ тұтады. 2001 жылдан бері Орал қаласында тұрады, қазір Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болып қызмет атқаруда.
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Айбынды Ақжайықтан...» атты концертте «Конгресс-Холл» сарайына жиналған көрермендер Құрманғазы, Дәулеткерей, Әлшекей, Жантөре және Махамбеттің күйлерін тыңдап, рухани қуат алды.
Бұл күні Еркін Нұрымбетов Астана қаласының мемлекеттік филармониясының халық аспаптар оркестріне дирижерлік етіп, өзі оркестрге арнап нотаға түсірген күрделі шығармаларды тыңдаушылар назарына ұсынды. Сонымен қатар өзі шығарған туындылар мен әндер орындалды.
Оркестр Құрманғазының «Қуаныш», Дәулеткерейдің «Бапас», Махамбеттің «Қиыл қырғыны», Жантөренің «Шалқыма», Әлшекейдің «Терісқақпай» күйлерін орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді.
Белгілі өнер иесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымовтың ұлы, өзі де композитор Арман Жайымның «Қобыз бен оркестрге арналған концертін» де елордалықтар жылы қабыл алды. Күрделі де терең мағыналы бұл туындыны республикалық конкурстардың лауреаты Саджана Мырзалиева оркестрдің сүйемелдеуімен қобызда шебер орындап шықты. Үш бөлімнен тұратын бұл көлемді шығарма алғаш рет орындалуымен де ерекшеленді.
Сонымен қатар оркестрдің қолдауымен, жеке домбырада республикалық конкурстардың лауреаты Естай Айтқұлов орындаған Айтқали Жайымовтың «Отпан тау» музыкалық шығармасын да көрермендер ыстық ықыласпен қабыл алды. Маңғыстау өңірінің тарихы мен табиғаты, өзіндік мінезі мен салт-дәстүрі, өнері мен мәдениеті арқау болған туындының бағасы да жоғары екені анық.
Е.Нұрымбетовтың «Оралым - асыл қалам» әнін Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясының солисі, республикалық М.Төлебаев атындағы вокалистер конкурсының лауреаты Айбар Хайырханов орындап, астаналықтардың қошеметіне бөленді. Бұл әннің сөзін жазған Асхат Маемиров.
Келесі кезекте залға жиналған жұртшылық Балнұр Қыдырбектің әсерлі де ойнақы орындалатын «Қырғыз күйіне» шаттана қол соқты.
Осы күні көрермендер Е.Нұрымбетовтың «Дара тұлға - Нұрғиса» атты музыкалық поэмасын да оркестрдің орындауында тыңдады. Бұл кеште ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор Тұрар Әліпбаев та бірнеше күй тартып берді.
Концерттің орта шенінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хатимолла Бердіғалиев өнер сүйер қауымның үлкен қошеметімен сахнаға көтерілді. Танымал өнер иесі әуелі домбырасын қолына алып, Мұхиттің «Кіші Айдайын» шырқады. Одан кейін оркестрдің сүйемелдеуімен Тұяқберді Шамеловтің Нұрғиса Тілендиевке арналған «Нұрғиса ағама сағыныш» атты әнін орындап берді. Бұл әннің сөзін жазған белгілі ақын Тұманбай Молдағалиев болатын.
Х.Бердіғалиев келесі кезекте Мұқан Төлебаевтың «Біржан Сара» операсынан «Естайдың термесін» және Сағит Садықовтың «Дос әзілі» әнін шырқады.
Еркін Нұрымбетовтың шығармашылық кеші оркестрдің орындауындағы Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен аяқталды.
«Бұған дейін Елордаға оркестрмен келіп жүрміз. Алайда, бұл менің жеке шығармашылығыма байланысты Астанада өткізіп отырған тұңғыш үлкен концертім. Үлкен әсер алдым. Көңіліміз өсіп, халықтың шынайы қошеметіне бөлендік»,- деді Еркін Нұрымбетов.
Дереккөз: ҚазАқпарат