ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мен еліміздегі патриоттардың басын қосқан «Мәңгілік Ел - болашағы біртұтас ел» форумына қатысқаныма өте қуаныштымын. Корей халқының өкілдері үшін «Мен қазақстандықпын» деген сөз ерекше жақын әрі ыстық. Өйткені корейлер Қазақстанға жер аударылып келгенде, бізді бауырына басып, құшағына алған қазақ халқы болатын. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз. Дәл осыны Орал қаласында корей диаспорасының қаражатына бой көтерген «Қазақ халқына мың алғыс» монументі айғақтап, барша елге паш етіп тұр. Бұл туралы Астанада өткен ел патриоттарының форумына қатысып қайтқан БҚО корей этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Максим Пак мәлім етті.
Оның айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметіне араласқаннан бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірнеше рет кездесіп, сөзін тыңдаған. Мемлекет басшысы ҚХА сессияларында елді бірігуге үндеп, ортақ мақсатқа жұмылдыра білді. Біздің бүгінгі табыстарымыз бен жеңістеріміздің бәрі - Елбасы жүргізіп отырған саясаттың арқасы.
Ел патриоты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде ортақ үйіміз - Қазақстанның одан әрі гүлденіп, қарқынды дамуына барынша үлес қосып келеміз. Біз әр елді мекенде, мектепте этномәдени бірлестіктердің қатысуымен жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуге атсалысудамыз. Аталмыш форумда ғарышкер Айдын Айымбетов биыл жазда суға батып бара жатқан қос бірдей қызды құтқарып қалғаны үшін «Жыл патриоты» атанған батысқазақстандық оқушы Никита Тюкинге «Ерлігі үшін» аталымын табыс етті. Осы сәтте біз жас жеткіншектеріміздің осылайша, ата-бабаның ерлік дәстүріне сай өсіп келе жатқанын сезініп, көңіліміз аспандай түсті.
«Корей этномәдени бірлестігі облыста әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Мұның көпшілігі қайырымдылық пен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетуге арналған. Айталық, «20 ізгі іс» аясында «Арба» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп арбада отыратын мүгедектерге тегін дәрігерлік жәрдем беруді көздейтін «Келешекке көзқарас» жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі кезде аталмыш қоғамдық бірлестік ғимаратында мүгедектерге арналған сылау кабинеті жұмыс жасайды. Әрине, ізгі істер ҚХА жылымен шектелмейді. Ол алдағы уақытта да жалғасады. «Мәңгілік елге» айналу үшін «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес ортақ Отанымыздың туын көтеріп, бір-бірімізге дем беріп, жарқын болашаққа қол созу - баршамыздың парызымыз», деп түйіндеді ойын М.Пак.
"Қамшы" сілтейді
Дереккөз: ҚазАқпарат