АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Неміс инвестициясының Қазақстанға келуі - мүмкіндіктер мен кедергілер» тақырыбында 17-ші Германия экономикасының Күні басталды.
Осы шара аясында ұйымдастырылған халықаралық конференцияға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау, Германия Федеративтік Республикасы Парламетінің депутаты Хартмут Кошык, Қазақстан мен Германия арасындағы бірлескен кәсіпорындардың басшылары және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.
Өз сөзінде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек кезінде өзінің Германияда оқығандығын, сондықтан осы елден келген қонақтармен кездескеніне қуанышты екендігін білдіріп, осы мүмкіншілікті пайдаланып баяндамасының бір бөлігін неміс тілінде оқыды.
«Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық байланыс бүгінде нығайып келеді. Бұл жерде Алматы қаласының алар орны ерекше. Алматы мен Германия арасындағы ынтымақтастық жоғары қарқынмен дамып жатыр. Бүгінгі таңда Алматыда 195 бірлескен кәсіпорын және неміс капиталының қатысуымен 200 кәсіпорын табысты жұмыс істеп келеді. Яғни, Қазақстанда екі ел капиталының бірлесуімен құрылған компаниялардың 60 пайызы Алматыда шоғырланған. Бұл қуанарлық жағдай. Бұл қарым-қатынастың алдағы уақытта да дами түсетіндігіне және германиялық инвесторлардың Алматыда экономиканың басымды бағыттары бойынша қолға алынатын ірі жобаларға белсенді түрде қатысатындығына сеніміміз мол», - деді Б. Байбек.
Бүгінгі конференция барысында екі жақты ынтымақтастықты жақсарту мүмкіндіктері және болашақ жобаларды қолға алу мәселелері талқыланды.
Айта кетелік, қазіргі таңда Қазақстанда барлығы 350-ден астам неміс кәсіпорны қызмет атқарады. Олар инфрақұрылымдарды дамыту, сауда, құрылыс және басқа да салаларда жемісті еңбек етіп келеді.
Конференция жұмысы одан әрі жалғасуда.
Дереккөз. ҚазАқпарат