ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 2030 жылға дейінгі миграциялық саясат концепциясының негізгі бағыттарын таныстырды.
Енді мигранттар тек нақты кадр тапшылығы бар салаларға тартылатын болады, ал олардың ағымы ел экономикасы мен өңірлердің қажеттіліктеріне сәйкес реттеледі.
«Миграциялық заңдарды сақтау қатаң бақыланады, ал заң бұзғандар – мигрант та, жұмыс беруші де – жауапқа тартылады. Қауіпсіздік елге кірген сәттен бастап шығуға дейін қамтамасыз етілуі тиіс», – деді министр.
2026 жылғы қаңтардан бастап, шетелдіктердің тұрақты тұруға өтініш беруі үшін алдын ала бағалау жүйесі енгізіледі. Этникалық қазақтарға жеңілдіктер қарастырылған бөлек рәсім әзірленді. Бұл азаматтар «қандас» мәртебесін алып, еңбек тапшылығы бар өңірлерге – Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстанады.
Қандастар өңірлік квота бойынша көшкен жағдайда бес жылдық әлеуметтік келісімге қол қояды. Егер белгіленген мерзімнен бұрын кетсе, алған қаражатты қайтаруға міндетті. Сонымен қатар, қарапайым көші-қон тәртібі де қолданылады, бірақ ол жеңілдіктер мен қолдаусыз жүзеге асады.
Аида Балаева жаңа саясат кезең-кезеңімен енгізілетінін, оған қоғам, бизнес пен аймақтардан алынатын пікірлер ескерілетінін атап өтті.
«Миграция тек заңды, реттелген және қауіпсіз жағдайда ғана мемлекеттің және азаматтардың мүддесіне қызмет етеді», – деп қорытындылады А. Балаева.