Венесуэла АҚШ-пен мұнай келісіміне дайын — Трамп әкімшілігі елдің ресурстарына толық бақылау орнататынын мәлімдеді.
Венесуэланың уақытша президенті Дельси Родригес АҚШ-пен мұнай саласында келісім жасау мүмкіндігін қорғап, Вашингтонмен энергетикалық ынтымақтастыққа ашық екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ-тың бұрынғы президент Николас Мадуроны биліктен күшпен кетіруі екі ел арасындағы қатынастарға «дақ түсіргенімен», Америкамен сауда жасау тосын жағдай емес.
Бұл мәлімдеме Трамп әкімшілігі Венесуэла мұнайына тікелей бақылау орнатуға көшкенін мәлімдеген тұста айтылды. Осы аптада АҚШ санкцияланған екі мұнай танкерін тәркілеп, болашақта Венесуэладан өндірілетін мұнайдың барлық сатылымын өзі басқаратынын хабарлады.
АҚШ-тың энергетика министрі Крис Райттың айтуынша, Вашингтон Венесуэладан шыққан мұнайды халықаралық нарықта өзі өткізеді және бұл бақылау ұзақ мерзімге жалғасады.
Ал вице-президент Джей Ди Вэнс Венесуэла мұнайын сату АҚШ-тың ұлттық мүддесіне сай болған жағдайда ғана мүмкін болатынын ашық айтты. Оның сөзінше, Венесуэла өз ресурстарын тек Америка талаптарына сәйкес пайдалана алады.
Осы аптада Дональд Трамп Венесуэла мұнайына қол жеткізуге арналған 2 миллиард долларға дейінгі келісім жариялап, ел билігі АҚШ компанияларына нарықты ашуға мәжбүр екенін аңғартты. Әйтпесе, жаңа әскери қысым болуы мүмкін екенін де жасырмады.
Ақ үйдің мәліметінше, Венесуэлаға кіріп-шығатын мұнай тасымалы тек АҚШ мақұлдаған арналар арқылы жүзеге асады. Бұл — әлемдегі ең ірі дәлелденген мұнай қорына ие елдің энергетикалық секторына бұрын-соңды болмаған деңгейде бақылау орнату деген сөз.
Трамп Венесуэла мұнайынан түскен табысқа елдің тек америкалық өнімдерді ғана сатып алатынын да мәлімдеді. Алдағы күндері ол Ақ үйде ірі мұнай компанияларының басшыларымен кездесіп, Венесуэлада өндірісті арттыру жолдарын талқылайды.
Financial Times басылымының хабарлауынша, америкалық мұнай алпауыттары Венесуэлаға ірі инвестиция салу үшін Вашингтоннан қатаң құқықтық және қаржылық кепілдіктер талап етіп отыр.
Сарапшылар бұл жағдайды АҚШ-тың Латын Америкасындағы ықпалын күшейту ғана емес, жаһандық мұнай нарығына әсер ететін жаңа геосаяси кезеңнің басталуы деп бағалап отыр.