Депутаттың негізгі міндеті Үкіметтің назарын қарашаның қамын күйттеуге бұрып, оның мәселесін оңынан шешу болса керек. Өйткені, әу баста депутатты қарапайым халық сайлағанда «біздің мәселемізді шешеді» деп таңдайды. Алайда, қарашаның қамын біздің мәжілісмендер биік мінберлерден абыроймен көтеріп жүр ме? Мәселен, сайлаушылармен кездесуді айтпағанда ең аяғы журналистердің өзіне пікір білдіргісі келмейтін депутаттар бар. Сондай-ақ, керісінше депутаттардың арасында БАҚ әрдайым пікір білдіріп тұратын азаматтар азда болса кездеседі.
Парламенттің төменгі палатасында 107 депутат жұмыс жасайтыны көпшілікке белгілі. Олардың басым бөлігі яғни 83-і – «Нұр Отан» партиясынан болса, 8-і – «Ақ жол» партиясының өкілі және 7-еуі – Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясының атынан сайланған. Ал қалған 9 депутат әртүрлі диаспорадан құралған Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері.
Бір қызығы осы 107 депутаттың ішінде бар-жоғы былайғы жұртқа белгісіз «партия қалаулылары» жетерлік. Тіпті олардың ішінде өмір тарихында депутаттық сауал жолдап көрмеген мәжілісмендер де бар. Алайда біз бұл мақалада бұхара халық пен журналистерге жақын мәжілістегі ең қол жетімді 10 депутатты анықтап көрмекпіз. Өйткені, халықтың сойылын соғуы тиіс депутаттардың басым көпшілігі «сен тимесең мен тиме бадырақ көз» болып отыр. Ал журналистерге үнемі пікір білдіріп, әрі халықпен тығыз қарым-қатынас орнатқан мәжілісмендер саусақпен санарлықтай ғана. Бұны біз сауалнама жүргізу барысында анық аңғардық.
Жуырда Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар туралы» заң жобасы мақұлданды. Аталған заң жобасын дайындау барысында Ауыт Мұқибек депутаттармен тағыз қарым-қатынас орнатқан болатын. Сондықтан да ол Мәжілістегі ең қол жетімді 10 депутаттың кім екенін көпшілігімізден қарағанда жақсы біледі. Оның айтуынша, Мәжілістегі ең белсенді депутат Нұртай Сабильянов, Алмас Тұртаев, Бақытбек Смағұл, Алдан Смайыл, Жамбыл Ахметбеков, Гүлнар Сейімаханбетова, Азат Перуашев, Меруерт Қазыбекова, Омархан Өксікбаев, Майра Айсина деп есептейді.
Ал белгілі журналсит Азамат Кеңесұлының айтуынша қазіргі Мәжілістегі деутаттар бұрынғыдай өткір мәселелерді көтермейді. Сондықтан да, Парламент Мәжілісінен 10 белсенді депутат табу инемен құдық қазғандай қиын деген пікірде. Алайда ол Мәжілістегі № 1 депутат «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев деп есептейді. Сондай-ақ ол Нұртай Сабильянов, Оразкүл Асанғазы, Бақытбек Смағұл, Гүлнәр Сейітмағанбетова, Бақытжан Ертаев, Розақұл Қалмұратов, Мұрат Тінекеев, Алмас Тұртаев, Мейрам Бегентаев сынды депутаттардың журналистер үшін қол жетімді екенін айтады.
Негізі Парламент Мәжілісіндегі ең қол жетімді әрі белсенді депутат кім дегенде жоғарыда аты аталған азаматтардың аты-жөні жиі аталады. Ал қалған депутаттар көрпені тас бүркеніп алып қалың ұйқыда жатыр. Өкінішке қарай оларды келер жылы өтуі мүмкін Парламент Мәжілісінің сайлауыда оята алмайтын сияқты. Себебі, олар халықтың қалаулысы болғаннан гөрі партияның қалаулысы болған артық деп есептейді. Өйткені, мәжілісмендердің тағдырын қараша халық емес партиялық тізім жасайтын басшылары шешеді. Сондықтан да Мәжілістегі жүзге жуық депутаттың екі қойы бір сом. Ал екі қойының бір сом болмағанын қалайтын ең белсенді әрі журналистерге қол жетімдің депутаттардың халық алдында әрдайым жүзі жарық. Сонымен Парламент Мәжілісіндегі 3 партия мен Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан сайланған көшбасшы депутат кім?

Нұртай Сабильянов. «Нұр Отан» партиясы парламенттік фракциясының мүшесі. Ол өзге әріптестерінен қарағанда халықтың әлеуметтік мәселелеріне үнемі назар аударып келеді. Сондықтан да оның қарапайым халықтың алдында әжеутәуір беделі бар. Жалпы 1986 жылғы Желтоқсан ұлт азаттық көтерілісіне қатысқан азаматты халық жақсы көрсе керек. Оның үстіне көпшілігіміз «оқиға» деп айтып жүрген 1986 жылғы қанды қырғынды депутат ресми түрде «Желтоқсан ұлт азаттық көтерілісі» деп атаған болатын. Міне, келер жылы өзі әділ бағасын берген Желтоқсан ұлт азаттық көтерілісіне 30 жыл толады. Өкінішке қарай қанды қырғынның тарихи салмағы жыл өткен сайын жоғалып бара жатыр. Алдағы уақытта Нұртай Салихұлы осы олқылықтың орнын толтырып, Үкіметке тиісті депутаттық сауал жолдаса нұр үстіне нұр болар еді.

Азат Перуашев. «Ақ жол» ҚДП фракциясының төрағасы. Азат Тұрлыбекұлы «Ақ жол» «Алаш» партиясының рухнаия ізбасары» деп мәлімдеседе алашшылдығынан гөрі, кәсіпкерлігі басым болып тұр. Нақтырақ айтсақ, ол Парламент Мәжілісінде кәсіпкерлердің құқығын қорғап, өткір мәлімдемелер жасап жүр. Бұған әрине «Бәрекелді» дегеннен басқа айтарымыз жоқ. Алайда партияның ұстанымы алаш идеясы болғандықтан «Ақ жолдың» алашшыл болғаны абзал-ау деп ойлаймыз. Мәселен, келер жылы Алашорда мемлекетінің басшысы Әлихан Бөкейханның 150, ал 2017 жылы Алашорда мемлекетінің 100 жылдығы болады. Аталған мерейтойлардың жалпыұлттық деңгейде аталып өтілуі «Ақ жол» партиясыны сын болмақ. Осыны анық аңғарған Азат Тұрлыбекұлы қос мерейтойға байланысты Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың атына депутаттық сауал жолдады. Әрине мәселенің барлығы депутаттық сауал жолдаумен ғана шешілмейтіні белгілі. Сондықтан да, аталған патия Үкіметті қос мерейтойды жоғары деңгейде атап өтуге мәжбүрлеу керек.

Жамбыл Ахметбеков. Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының ОК-тің хатшысы. Қанша жерден «коммунистік партияның өкілі» деп жақтырмағанымызбен әзірге Жамбыл Аужанұлынан артық Мәжілісте депутат болмай тұр. Өйткені, ол Парламент Мәжілісіндегі ең қол жетімді әрі белсенді депутат. Мысалы Жамбыл Ахметбеков өзге әріптестері сияқты «телефон арқылы сұхбат бермеймін» деп бәлсінбей, кез келген сұраққа жауап береді. Біздің елдің жағдайында кез келген сұраққа именбей жауап беруде ерлік болып саналады. Жалпы Аужанұлының кісілік танытпай, кішілік көрсетуі қарапайым ортадан шыққандығында болса керек. Бұл деген сөз Парламент Мәжілісіне кәсіпкер депутаттар емес, керісінше Жамбыл Ахметбеков сынды қарапайым азаматтар баруы керектігін көрсетеді.

Розақұл Қалмұратов. Мәжілістің Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған депутаты. Розақұл Сатыбалдыұлы Парламент Мәжілісінде қазақ тілінің мәселесін ең жиі көтеретін өзге ұлт өкілдерінің бірі. Мәселен, ол жуырда Білім және ғылым министрі Аслан Сәржіповке «2020 жылы мектеп бітірушілердің 100 пайыз қазақ тілін меңгеруі мүмкін бе?» деп сұрақ қойды. Өте әдем сұрақ. Өйткені, 2020 жылға кейін еліміздегі 95 пайыз халықтың қазақ тілінде сөйлеп кетуі мүмкін емес. Сондықтан да, Үкімет арқаны кеңге жаймай ертерек мемлекеттік тілдің мерейін үстем етуі керек. Ал Розақұл Сатыбалдыұлы ең бірінші болып еліміздегі өзбек балаларын қазақ мектептерінде оқытуды мәселе етіп көтерсе нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, Оңтүстік Қазақстан облысында өзбек мектептерінде оқып жатқан оқушылар мыңдап саналады.
Серік ЖОЛДАСБАЙ
Астана