Алматы облысы Ақсу ауданына қарасты ауылдық округтардың бірінің бухгалтері 1149000 теңге көлемінде мемлекет қаражатын жымқырғаны үшін бес жыл мерзімге бас бостандығынан айрылды. Бұл туралы «Қамшы» порталы Алматы облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Сот процесі барысында «Есеболат ауылдық округы» мемлекеттік мекемесінің бухгалтері мемлекеттік қызметтерді жүзеге асырушы лауазымды тұлға бола тұра ағымдағы жылдың наурыз-мамыр айлары аралығында бюджет қаражатын өзінің есепшотына еңбекақы түрінде заңсыз аударып келгені анықталды. Мемлекетке келтірілген шығынның жалпы көлемі 1149000 теңгені құраған. Бухгалтер ҚР ҚК-нің «Мемлекеттік қызметтерді орындауға өкілетті тұлғаның сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі көлемде иемденуі» бабы бойынша айыпты деп танылып, бес жыл мерзімге бас бостандығынан және өмір бойы мемлекеттік қызметке орналасу құқығынан айрылды.