Ұлттық тіл қоры және әдеби мұра: ЖИ дәуіріндегі ортақ міндет

/uploads/thumbnail/20260601192434676_big.webp Author

2026 жылғы 1 маусым күні ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында «Ұлттық тіл қоры және әдеби мұра: ЖИ дәуіріндегі ортақ міндет» атты тағылымды кездесу өтті.

Бұл басқосу қазақ сөзінің бүгіні мен ертеңі, заманауи технологиялар кеңістігіндегі орны туралы салмақты ой алмасу алаңына айналды. Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов бастаған көрнекті қаламгерлер, ғалымдар мен жас зерттеушілер бас қосып, ұлттық тіл қоры, әдеби мұра және жасанды интеллект дәуіріндегі ортақ жауапкершілік туралы пікір алмасты.

Кездесудің басты өзегі қазақ тілінің жаңа технологиялар дәуіріндегі болашағы, әдеби мұраны цифрлық ортаға бейімдеу және жасанды интеллект жүйелері үшін сапалы тілдік дерек қалыптастыру мәселелері болды.

Жиынды ашқан ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов қазақ тілін цифрландыру мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллект енді тек технология саласының құралы ғана емес, тілдің, білімнің, ғылымның, мәдениет пен руханияттың дамуына тікелей әсер ететін жаңа өркениеттік құбылысқа айналды.

Вице-министр өз сөзінде жасанды интеллект үшін ең басты ресурс сапалы дерек екенін айтты. Қазақ тіліне қатысты мұндай дерек көлемді болумен қатар, ғылыми, әдеби, стильдік және мағыналық тұрғыдан бай болуы қажет. Осы тұрғыда «Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры» мемлекеттік ақпараттық жүйесінің маңызы ерекше. Министрдің бұйрығымен аталған жұмысты жүзеге асыратын оператор ретінде «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы айқындалған.

Кездесу барысында «Тіл-Қазына» орталығының жас ғалымдары әдістеме, терминология және қолданбалы лингвистика салаларындағы жекелеген жобаларды таныстырды.
«Тіл-Қазына» Басқарма төрағасы Мақпал Жұмабай «Қазақ тілінің цифрлық әлеуеті» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде орталықтың ұлттық тіл модельдерін әзірлеу ісінде табиғи тіл қорын жинақтау, өңдеу, метабелгілеу және сақтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын атап өтті.

«Бұл бағыттағы маңызды нәтижелердің бірі — Til-Qazyna LLM дербес салалық тіл моделінің жасалуы. Бүгінде бұл модель Hugging Face платформасында ғылыми және технологиялық қауымдастыққа, сондай-ақ отандық әзірлеушілерге қолжетімді. Орталықта әзірленіп жатқан бірқатар қолданбалы шешім де қазақ тілінің цифрлық ортада нақты әрі сапалы қызмет етуіне бағытталған», — деді Мақпал Жұмабай.

Жиында әдеби мұраның жасанды интеллект дәуіріндегі орнына да ерекше назар аударылды. Қатысушылар цифрлық ортада қазақ тілінің табиғи қалпын, бейнелі ойлау жүйесін, стильдік байлығын және ішкі болмысын сақтауда әдебиеттің маңызы зор екенін атап өтті.
Осы ретте «Тіл-Қазына» орталығы тарапынан «Әдеби цифрлық қор» және «Тіл үйретуде көркем мәтіндерді бейімдеу» жобалары ұсынылды. Бұл бастамалар әдеби мұраны жаңа технологиялармен сабақтастырып, қазақ тілінің цифрлық ортадағы қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған.

Кездесуде Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлен Әбдік ұлттық әдеби мұраның рухани салмағы мен оны сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Роза Мұқанова әдебиет пен жаңа технология арасындағы байланыстың мәні туралы ой қозғады.
Сондай-ақ Алдан Смайыл, Сауытбек Абдрахманов, Әлібек Асқар, Есберген Алауханов, Амантай Шәріп және өзге де қаламгерлер ой қосып, ұлттық тіл қоры, әдеби мұра, көркем мәтіндердің цифрлық ортадағы орны туралы мазмұнды пікір білдірді. Қатысушылар қазақ тілінің жасанды интеллект дәуіріндегі болашағы тек технологиялық шешімдерге емес, сапалы әдеби мәтінге, тіл мәдениетіне және қаламгерлік жауапкершілікке де тікелей байланысты екенін атап өтті.

Жиын соңында ҚР Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов қорытынды сөз сөйлеп, қазақ тілін цифрландыру бағытындағы бастамаларға қолдау білдірді. Ол тіл мәселелерімен жүйелі айналысатын «Тіл-Қазына» секілді орталықтардың жұмысы ұлттық руханият үшін айрықша маңызды екенін атап өтіп, қазақ тілінің жаңа технологиялық кеңістікте дамуына ҚР Жазушылар одағы да мүдделі екенін және бұл бағыттағы жұмыстарға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Ашық әңгіме, кәсіби талқылау және еркін ой алмасу форматында өткен басқосуда әдеби мұраны цифрландыру, ұлттық тіл қорын дамыту және қазақ тілінің заманауи технологиялар дәуіріндегі әлеуетін арттыру мәселелері кеңінен сөз болды.

Қатысушылардың ортақ пайымынша, жаңа кезеңдегі басты міндет — қазақ тілінің технологиялық кеңістікте табиғи, сауатты әрі бәсекеге қабілетті тіл ретінде дамуына жағдай жасау. Осы оймен тағылымды кездесу қорытындыланды.

 

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар