«Шұғыл араша сұраймыз»: Белгілі актер Ерлан Төлеутай Нәлібаевтан көмек сұрады

/uploads/thumbnail/20260818172931239_big.webp фото

Қазақстан киногерлер одағының басқарма мүшесі, өнертанушы әрі кинодраматург Ерлан Төлеутай Премьер-министрдің  бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа шұғыл хат жолдады. Оның айтуынша, Алматы әкімдігі киногерлермен келісімсіз Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» аумағының 5,5 гектарына «Кинематографистер паркін» салу жоспарланғанын көрсететін құрылыс паспортын киностудия қақпасына ілген.

Киногерлер бұл әрекетті бұрынғы жылдардағы «жерді иемдену» әрекеттерінің жалғасы деп санайды. Олардың айтуынша, бұған дейін де осы аумаққа қатысты даулар болған, ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге тосқауыл қойып, жердің қайтарылуына ықпал ету туралы тапсырма берген еді. Алайда, «Қаңтар оқиғасынан» кейін бұл іс соңына дейін жетпей қалған.

Ерлан Төлеутай бұл жағдайды киностудия жерінің тағдырына қатысты алаңдатарлық мәселе деп бағалап, «Қазақфильм» аумағын құрылыс нысандарына беруге жол бермеуді сұрады.

«Біз – киногерлер қауымы бұған қарсымыз әрі киностудияның бір сүйем жерін талан-таражға салуға жол бермейтінімізді мәлімдейміз!» – деді ол.

Ол бұған дейін де киностудияның 5,5 гектар жеріне қатысты дау болғанын еске салып, мәселені түпкілікті шешу үшін Нұрлыбек Нәлібаевтан киногерлермен кездесуді және жағдайға араша түсуді өтінді.

«Қазақфильм» төңірегіндегі дау-дамай бұған дейін де бірнеше рет көтерілген болатын. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық «Қазақфильм» киностудиясының барлық негізгі өндірістік нысандары мемлекет меншігінде қалатынын ресми түрде мәлімдеді. 

https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=pfbid0z8P8W1igDFLR6BmV92vQGzqJ6fTw5sGHuT6rsnExHeZpCBpWwLAEnqnUmYS1b23pl&id=100007153834900&mibextid=wwXIfr

Қатысты Мақалалар