Діни үнқатысу алаңына айналған Астана қаласында үш жыл сайын әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі өткізіліп келеді.
Қазақстанның бұл бастамасы әлемдік қауымдастық пен одақтар тарапынан жоғары бағаланып үлгерді және Қазақстан жаһандық дінаралық диалог мекеніне айналды. Діннің негізгі мақсаты адамдарды адамдықтан ажыратпау екенін ескерсек, Қазақстанда өтіп тұратын Әлемдік дін басшыларының съездері адамзатты бейбітшілік пен келісімге бастайтын айқын әрекет. Таяу күндері, яғни 10-11 маусымда елордамыз Астана қаласында өткелі отырған V әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі қарсаңында ОҚО ішкі саясат және дін істері басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығы» МКМ-нің директоры Нұржан ТҰРСЫНБАЙДЫ әңгімеге тартқан едік.
– Бейбітшілікке, бейбіт тыныш өмір сүруге ұмтылу – қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі емес пе, қалай ойлайсыз?
– Әрине, ол бұрыннан да солай ғой.«Сырт көз – сыншы» дегендей, арғы-бергі заманда қазақ жерінде болған саяхатшылар, ғалымдар, елшілер қазақ ұлтының меймандос, сабырлы, момын, ешкімге жамандық, қаскөйлік жасамайтын халық екенін, қазақ елі ежелден бейбітшілік сүйгіш ел, өз бетінше ешкімге ұрынбаған, соғыс ашпаған ел екенін сүйсіне жазған. Тәуелсіздікке қол жеткен тұста да, Елбасымыздың және елдің бетке ұстар азаматтарының қажырлы, табанды еңбегінің арқасында біз осы асыл қасиетімізді тағы да бір дәлелдеп, оны әлемге паш ете білдік. Дәл сол тұстан бастап әлем Қазақстанды бейбітсүйгіш ел екенін тани бастады.
– Діндер, өркениеттер, мемлекеттер арасындағы ынтымаққа, бейбітшілік пен келісімге үндейтін диалог алаңы ретінде халықаралық қауымдастықпен мойындалып үлгерген Қазақстан бастамаларының ауқымы мен маңызы жөнінде не айтуға болады?
– Соғысты болдырмау үшін, әлемдегі одақтар мен мемлекеттердің, ұлттар мен ұлыстардың бейбітшілікте күн кешуі үшін олардың өзара келісімі болуы керек. Бұл идея сонау 90-жылдары ескерілгенмен, бүгінде мұны әлемдік саясатта мәселе ретінде көтеріп, іс жүзінде бейбітшілік пен келісімнің туын тіккен ел – Қазақстан. Жаһандағы мемлекеттердің өзара бейбітшілігі мен келісімін нығайтуда Қазақстанның, жалпы, осы мемлекеттің атынан әлемдік саяси аренаға шығып жүрген Президент Н.Назарбаевтың үлесі орасан зор. Мәселен, бір ғана Қазақстан Республикасының дін жөніндегі саясаты дінаралық және конфессияаралық келісімге негізделіп жүргізілуде. Әлемдік діндер съезі алғаш рет қазақ даласында туын тіккенде оған қатысушылар саны 17 елден 17 делегатты ғана құраған еді. Ал соңғы съезде әлемнің 50 мемлекетінен 100-ге жуық делегация жиналды. Қазақстанның беделінің өскені шығар, делегация құрамында әлемдегі ықпалды дін басшылары болды. Атап айтсақ, Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысы Шейх Абдалла бен Абдель Мұхсин ат-Түрки, Мәскеу және бүкіл Ресейдің Патриархы Кирилл, Папаның Киелі тағының делегация басшысы кардинал Джованни Лайоло, Ислам мазхабтарын жақындастырудың дүниежүзілік ассамблеясының Бас хатшысы аятолла Мұхаммад Али Тасхири, Израильдің бас раввиндері Йона Мецгер және Шломо Амар және т.б. Елбасы айтпақшы, бұл процестер съездің жаһандық маңызының жыл сайын артып, салмағының сапалы түрде өсіп келе жатқанын дәлелдейді.
ХХІ ғасырдың ең басты заңы – татулық. Президентіміз бұл заңдылықтың құдіретін ерекше түсінетін әлемдегі көреген басшылардың бірі. Бейбітшілік пен келісімсіз әлемнің құрдымға кетуін, адамдардың қырылып кетуін, табиғат анамыздың экологиялық проблемаларға ұшырау мүмкіндігін біздің еліміз бен Елбасымыз өте жақсы біледі. Мемлекеттердің тәуелсіздігінен айырылу қаупі туралы елбасымыз Н.Назарбаев Жолдауында: «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама» дейді де, жалпы, әлемдегі мемлекеттердің мемлекет болып қалу кепілдігі «бейбітшілік пен келісімде» жатқанын тілге тиек етеді.
Жалпы, Елбасымыз бүгінгі әлемнің жаңа тарихында бұрынғы халифалар мен сұлтандардай бір басшы, бір жолбасшы ретінде дінаралық және ұлтаралық татулық пен үндестік идеологиясын жүргізіп, әлемге бейбітшілік шаңырағын тұрғызуға қадам жасауы – біздің еліміздің бейбітсүйгіштік қасиетінің үлкен айғағы. Мемлекетіміздің көптеген азаматтары Қазақстан халқының діни және этносаралық татулықты ту еткен асыл қасиеттерін әрдайым мақтан тұтады. Бұл жетістіктеріміз әлем жұртшылығына үлгі екені де мәлім. Жаңа мыңжылдықта толастамай отырған әлемнің әр бұрышындағы діни текетірестер мен ұлттық қақтығыстардың алдын алуға ықпал ету үшін еліміз көптеген іс-шараларды қолға алуда. Астанадағы әлемдік Діндер съезі – еліміздің осындай табанды ұстанымының бір көрінісі. Сондықтан әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының әр үш жылда бір рет өтіп тұратын съезі дүниежүзінде дінаралық келісімнің өркен жайып, өркениеттердің өзара үндестік табуы ісінде айтарлықтай маңызға ие.
– Елбасының таяуда жариялаған «100 нақты қадам» атты бағдарламасына қаныға алдыңыз ба?
– Әрине, баршамыз Елбасы ұсынған реформаға қанықпыз. Оны орындау үшін Қазақстан халқы мен билігінің күш-жігер жұмылдыруы қажет. Бұл ретте біз де өз жауапкершілігімізді сезiнуіміз керек. Алдымызда ұлы реформалар тосып тұр. Ұлт жоспарына сай түбегейлі өзгерістер болатын секілді. Бізге ұлттық сипат, елдік мүдде, ауызбіршілік пен адамгершілік, барша ұлтты біріктіретін патриоттық керек.Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан – бұл ортақ мекен, ортақ ұлт пен діннің тоғысқан жері. Барлық қазақстандықтарды ұлтаралық және дінаралық келісімдерді сақтауға шақырамын. Бұл біздің мәңгі құндылығымыз. Бұл біздің мәңгі еліміз бен Астанамыздың мақтанышы» дегені бар. Мұндай сөздер біздің ішкі саясатымыздың өзі бейбітшілік пен келісімді ту етіп, басқалар құра алмаған қоғам бізде орнағанын нық көрсетеді.