Серік Сәлемов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары:
– Елбасының «Үш тұғырлы тіл» мәселесін қазіргі заман талабына қарай көтеріп жүргені баршамызға мәлім. Тіл саясатының осы негізгі ұстанымдары бойынша, елімізде қандай шаралар атқарылуда?
– 2007 жылы Елбасы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдауында: «Үш тілдің кеңістігі» мәдени жобасын кезеңдеп іске асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» деп атап көрсеткен болатын. Сондай-ақ ағымдағы жылдың 23 сәуірінде өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XXII сессиясында Президентіміз үш тілдің кеңістігі мәселесінің егемен еліміздің қарқынды дамуының негізгі ұстанымдарының бірі болатындығын баса айтты.
Елбасы «Әлемдегі негізгі ақпараттарға қолы жетпейтін ұлт бәсекеге қабілетті бола алмайды. Бұл – XXI ғасырдың заңы. Сондықтан ғылымда, медицинада жұмыс істейтін және мемлекеттік қызметтегі азаматтар ағылшын тілін тезірек игеруі қажет. Ұстаздар мен ата-аналарға айтарым – Қазақстанның білім беру саласында осы мәселе мұқият ескерілуі тиіс» деп болашаққа жол сілтей отырып, нақты тапсырмаларды белгілеп берді. Тілдерді білу жеке адамға ғана емес, қоғамның дамуында да маңызды. Тілдерді білу арқылы сол елдердің тарихы, мәдениеті, салт-дәстүріне ден қоямыз. Бұл елімізде халықаралық мәдениет пен экономикалық байланыстардың дамуын жандандырады.
Бүгінде шетелдік компаниялармен бірлесіп жұмыс атқаруда сол саланың маманы ғана болу шарт емес, кәсіби білімді қажетті шеттілдерінде қолдана білу де маңызды болып отыр. Мемлекеттік тіл, орыс тілі, ағылшын тілі және тағы басқа тілдерді білу азаматтардың білімін көтерумен қатар, жаңа шығармашылық тәжірибесін де арттырады. Ешқандай ел халықаралық аренада бір ғана тілмен шектеліп, оқшауланып қалмайды. ЮНЕСКО мамандарының пікірінше, үшінші мыңжылдықта адам баласы ең кемі үш тілді меңгерген болуы керек.
Көпұлтты Қазақстанның жағдайында «Үш тұғырлы тіл» мәдени жобасы қоғамдық келісімді нығайтудың басты факторы болып саналады. Алайда еліміздегі негізгі үш тілді дамытуға басымдық беру – басқа халықтардың тілдерін назардан тыс қалдыру деген сөз емес. Мәдениет пен тілдердің саналуандығы – біздің ұлттық байлығымыз. Шеттілдері – халықаралық ынтымақтастықтың негізгі желісі. Еуропада кез келген тілдің инновациялық қызметі өркениеттің ажырамас бөлігі ретінде танылады.
Қазақстанда шет тілдерінің ішінде ағылшын тілі ең танымал тіл болып отыр, зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың одан кейін түрік, қытай, неміс және француз тілдерін меңгеруге ден қоя бастағанын анықтаған. Сонымен қатар испан, итальян, чех, араб, корей және жапон тілдерін үйренуге ден қоя бастағанын зерделеген. Сондай-ақ елімізде ресми түрде қолданылатын орыс тілін меңгеру деңгейін сақтау да ұмыт қалған емес. Өйткені, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас пен интеграциялық қызметтердің діңгегі. Біріккен Ұлттар ұйымының алты ресми тілінің қатарына кіретін орыс тілін меңгеруге бәсекеге қабілетті ұлттың кез келген өкілі ұмтылуы тиіс.
«Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасының бір тармағы – ағылшын тілі және басқа да шет тілдерін меңгеру. Бұл – ғаламдық ақпараттар мен инновациялардың ағынына ілесу деген сөз. Ағылшын тілін білу – іскерлік қарым-қатынас және әлемнің кез келген нүктесінде бизнеспен айналысу үшін міндетті талап. Ағылшын тілін үйренуге ынталандыру мақсатында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Тіл оқыту орталықтарында азаматтардың ағылшын тілі курсына сұранысы жоғары. Қазіргі таңда мемлекеттік тіл оқыту орталықтарының өзінде 30 мыңға жуық азамат ағылшын курсынан өтуде.
Ресми түрде қолданылатын орыс тілімен бәсекеге қабілетті болу тіліне айналып отырған ағылшын тілінің қатарында ең негізгі түп қазығымыз – өз Ана тіліміз, қазақ тілі болып табылады.
Бірнеше тілді білетін жастарды ынталандыру мақсатында министрлік тарапынан үш тілді жетік меңгерген жастар арасында «Тілдарын» республикалық олимпиадасы, «Тіл шебері» республикалық байқауы, орыс тілі білгірлерінің республикалық байқауы бірнеше жыл көлемінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүр.
Министрлік тарапынан орыс және ағылшын тілдерін оқытудың оқу-әдістемелік құралдары да шығарылуда. Қазақша-ағылшынша салалық сөздіктер, «Репетитор по английскому языку» (School English), «Репетитор по русскому языку» оқулықтары дискісімен, «Star» мемлекеттік қызметкерлерге арналған ағылшын тіліндегі деңгейлік оқулықтар шығарылып, республиканың барлық өңірлеріне таратылды. Сондай-ақ мемлекеттік тілдегі тілдік ахуалға қатысты зерттеу бойынша мониторинг нәтижесі ағылшын тілін үйренуге талпынған азаматтар санының өскенін көрсетеді. Мемлекеттік органдардың Қазақстандағы үштұғырлы тілді дамыту бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарында жетістіктер бар екенін, үш тілді белгілі бір дәрежеде білетін азаматтардың үлесі 15 пайызға жақындағанын анықтады.
Сонымен қатар ҚР Премьер-министрінің орынбасары Б. Сапарбаевтың қатысуымен ағымдағы жылы 10 сәуірде елімізде алғашқы рет «ТІЛ – ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ» республикалық кеңесі өткізілді. Кеңес барысында «Тілдердің үштұғырлығы» жобасы, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуы, республикадағы Тілдерді оқыту орталықтарының қызметі туралы мәселелер талқыланды.
– Тілдерді қолдану мен дамыту бүгінгі таңда мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігіне айналып отыр. Себебі, тіл саясаты, оның ішінде мемлекеттік тілдің проблемалары еліміздің қауіпсіздігіне, оның мемлекеттілігінің нығаюына тікелей қатысты. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Елбасы Ұлытау төрінде берген сұхбатында «Мемлекеттік тілдің қолданылуы, оның өркендеуі үшін барлық жағдай жасалды. Біз тілімізді құрметтей білуіміз керек» деген болатын.
Еліміздегі тіл саясаты Конституциядан бастау алған «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы мен Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылуда. Министрлік тілдерді дамыту саласын үйлестіруді жүзеге асырушы орган ретінде бірқатар нәтижелі жұмыстар жүргізуде.
Әлеуметтік зерттеудің нәтижесі бойынша республикада қазақ тілін меңгерген ересек тұрғындардың үлесі 72 пайызды, орыс тілін меңгергендердің үлесі 86 пайызды, ағылшын тілін меңгергендердің үлесі 20 пайызды, үш тілді қатар меңгергендердің үлесі 15 пайызды құрап отыр. Бұл тілдердің өз деңгейінде дамып отырғандығын көрсетеді. Алайда, бүгінгі күн талабы мемлекеттік тілді одан әрі дамытуды қажет ететіндігі анық. Мемлекеттік бағдарлама аясында балалар әдебиеті, сөздіктер, оқу-әдістемелік құралдар, әлемдік классикалық шығармалар мен танымдық энциклопедиялық анықтамалықтар шығарылды.
Мемлекеттік тілді және басқа да тілдерді, оның ішінде мәдени ұлттық орталықтардың жексенбілік мектептері арқылы ұлттық тілдерді дамытуға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, 20 этностың тілі оқытылып жатыр.
Елбасы Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті сессиясында сөйлеген сөзінде: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз керек. Сонымен бірге елімізде тұратын барлық халықтардың өкілдері ана тілінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыру қажет» деп тіл дамыту мәселесінің маңызын аша отырып, Үкіметке арнайы бағдарлама жасау жөнінде тапсырма берген болатын.
Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясаты Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп отыр. Негізінен тіл саясаты үш негізге сүйеніп жүргізіледі. Ең бастысы – оның құқықтық негізін жасау, екіншісі – қоғамда тіл саясатын кеңінен насихаттау. Ал үшіншісі – үкімет тарапынан қаржылық қолдау. Еліміздің тіл саясатында осы үшеуі де ескерілген.
– Құжат айналымын мемлекеттік тілде жүргізу талабы қалай іске асуда?
– Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті орталық аппараттар мен жергілікті атқарушы органдардағы іс-қағаздардың мемлекеттік тілде жүргізілуін қадағалап, үнемі мониторинг жасап отырады. Бүгінде құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі жылдан-жылға артып келе жатқаны байқалады. Мәселен, іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу 2008 жылы 50 пайыз болса, 2014 жылы 88 пайызға жетіп отыр.
Өңірлерге тоқталар болсақ, өткен жылғы ең жоғарғы көрсеткіш Оңтүстік Қазақстан облысының еншісінде (100 пайыз) болды. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңның аясында біз Бас прокуратурамен бірлесіп, жыл сайын жоспарлы түрде тексеру жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Тексерулердің нәтижесінде анықталған кемшіліктер көбіне мемлекеттік органдардағы ішкі құжат айналымнан жиі байқалады. Ресми құжаттар негізінен, мемлекеттік тілде орындалып, өкінішке қарай, қосымшасы орыс тілінде берілетін жайттар да ұшырасады, ал шығыс құжаттары мемлекеттік тілде жүргізіледі. Сондықтан олардың көрсеткіші жоғары болып отырады.
Сонымен бірге ішкі құжат айналымының, мысалы, хаттама, қызметтік жазба, бұрыштама жазудың көбіне орыс тілінде жүргізілуі кездеседі. Тексеріс барысында анықталған осындай келеңсіздіктер бойынша біз сол органның басшылығына тәртіптік шара қолдану жөнінде ұсыныс береміз. Қазіргі кезде, әсіресе, қаржы-экономика салаларындағы іс-қағаздарының айналымы бойынша кемшіліктер жиі тіркеледі.
Бір айта кететін жайт, қазірде Мәдениет және спорт министрлігінде өткізілетін барлық іс-шаралар тек мемлекеттік тілде жүргізілуде. Осы жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша біздің министрлікте мемлекеттік тілдегі іс-қағаздар айналымы 100 пайызға жетті. Осылайша біз өзіміз үлгі бола отырып, барлық мемлекеттік органдарға іс-қағаздарынан бөлек өткізілетін жиналыстар, алқа мәжілістері, дөңгелек үстелдер мен семинарлар, қажеттілігіне қарай, ілеспе аудармасы қамтамасыз етіле отырып, мемлекеттік тілде өткізілсін деген ұсыныстар жіберіп отырмыз.
– Құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі жылдан-жылға өсіп, 88 пайызға жеткені көңіл қуантарлық көрсеткіш екен. Әйтеуір, сең сөгіліп жатқаны байқалады. Алайда, біз осы сан қуамыз деп, сапаға, яғни іс-қағаздардың сауатты жазылуына мән бермей кеткен жоқпыз ба? Олай дейтінім, кейде сауатсыз жазылған құжаттарды оқып, еріксіз қынжыласың. Мемлекеттік тілді меңгерген мамандар тапшы ма, әлде?
– Иә, мемлекеттік органдар іс-қағаздарында елеулі кемшіліктер болып жататыны рас. Мұндай жайттардың барлығын тексеріс барысында анықтап, тиісті ескертулер беріп жатамыз. Мамандарға келетін болсақ, 2014 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардағы іс-қағаздарды мемлекеттік тілде және орыс, ағылшын тілдерінде жүргізе алатын мамандардың саны ресми түрде анықталды. Өкінішке қарай, көрсеткіш көңіл көншітерлік деңгейде емес.
Қазірде біз Қазтест жүйесі бойынша азаматтардың тіл білу деңгейін белгілеуге басымдық береміз. Аталған жүйе бойынша сертификат алған мемлекеттік қызметшілердің санын 2017 жылға қарай 50 пайызға, 2020 жылға қарай 100 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Өз тарапымыздан, яғни Мәдениет және спорт министрлігі өзіне қарасты барлық мекемелердегі қызметкерлер мамыр айында диагностикалық тестілеуден өтпек. Бұл шара министрлікке қарасты барлық мекеме қызметкерлерінің тіл білуін 5 деңгей бойынша анықтау үшін қажет. Алдағы уақытта біздің тарапымыздан өзге де мемлекеттік органдарда қызметшілерді осындай диагностикалық тестілеуден өткізу жөнінде ұсыныстар әзірленуде. Бұл шара мемлекеттік қызметкерлердің тілді білуге деген қажеттілігін арттырып, айтарлықтай жауапкершілік жүктейтіні анық.
– Қазір жер-жерде тіл оқыту орталықтары жұмыс істеуде. Тілдерді дамытуға бөлінетін қаржының біраз бөлігі осындай орталықтарға жұмсалатыны белгілі. Олардың нәтижесі қандай?
– Бүгінгі таңда еліміз бойынша барлығы 351 тілдерді оқыту орталығы бар. Оның ішінде 91-і мемлекеттік, яғни республикалық және жергілікті бюджеттен қаржыландырылып құрылған орталықтар. Ал қалғаны жеке кәсіпкерлерлердің үлесінде. 2011 – 2012 жылы мемлекеттік оқыту орталықтарының саны 57 болса, 2013 жылы 89-ға жетті. Былтыр олардың саны тағы 2 есе көбейді. Олардың ішінде 20 орталық мемлекеттік тілді оқытады. Мемлекеттік тілді және ағылшын тілдерін оқытатын орталықтардың саны 47 болса, үш тілді оқытатыны – 24. Бүгінгі таңда тіл оқыту орталықтары мен мемлекеттік органдарда тілді үйренушілердің қатары жыл санап көбейіп келеді.
2011 жылдан бері ҚАЗТЕСТ жобасы жұмыс істеп келеді. Бұл жоба бойынша оқыту бағдарламалары әзірленді. Оны Комитет қаржыландырып жүзеге асырды. Қазір барлық тіл оқыту орталықтары осы жобаға жүгінеді. Онда мемлекеттік тілді меңгерудің 5 деңгейі бойынша бағалау жүргізіледі, атап айтқанда, қарапайым, базалық, орта, ортадан жоғары және жоғары деңгейлер. Аталған тіл меңгеру деңгейлері еуропалық тілдік референттілік жүйесіне сәйкестендірілген. Қазіргі кезде ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша қазақ тілін меңгерудің ерекшеліктеріне сәйкес 100 мыңға жуық тест тапсырмалары қалыптастырылды.
Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуының бір тетігі – қазақ тілін оқыту. Бұл республика бойынша барлық облыстар мен Алматы, Астана қалаларында өңірлік мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының қызметі арқылы жүзеге асырылады.
Сонымен қатар бұл – мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесін 2020 жылға қарай – 95 %-ға жеткізу индикаторы көрсеткішінің бірі.
Қазіргі таңда орталықтардың мемлекеттік тілді оқыту жұмыстары жандандыруды қажет етеді. Мәселен, тіл үйренушілердің басым контингенті орналасқан солтүстік, орталық, шығыс аймақтарда қазақ тілін оқытатын орталықтардың жұмысын жандандыру, мемлекеттік тіл оқыту орталықтарының деңгейін көтеру, мемлекеттік тіл оқыту орталықтарын жекешелендіруді тоқтату мәселесін қосымша қайта қарау, Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының жұмысын жүйелендіру, оқыту әдістемесінің бірыңғай жүйесін әзірлеу мақсатында негізгі үйлестіруші орган ретінде Орталықты белгілеу, мемлекеттік органдарда ұйымдастырылатын тілдерді оқыту курстары бойынша мәселелер жөнінде Орталықпен байланыс орнату қажет.
Жоғарыда айтып өткендей, ағымдағы жылдың сәуір айында 91 орталықтың өкілдеріне арналған кеңес өтті. Онда тіл оқыту орталықтарын жүйелендіру, олардың қолданыстағы әдістемелерін реттеу және оқыту саласында қордаланған басқа да ұсыныстар талқыланып, хаттамалық шешім қабылданды. Ендігі кезекте осы қабылданған шешім бойынша жұмыстарды тиянақты жүргізсек, біз үлкен міндет атқарған болар едік. Бұл өз кезегінде тіл оқыту жүйесін реттеудегі жаңаша реформа деп айтар едім.
– Мемлекет басшысы «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» екенін, сондай-ақ ол барша қазақстандықтарды біріктіруші фактор болып табылатындығын үнемі еске салып отырады. Елімізде мемлекеттік тілді оқытумен қатар, диаспора өкілдерінің тілдеріне де арнайы мектептер қарастырылғаны белгілі. Аталған мектептерде негізінен қай ұлттың тілдері оқытылады? Ондағы оқыту жүйесі қалай жүргізіледі?
– Иә, қазіргі таңда елімізде ұлттық-мәдени бірлестіктердің жексенбілік мектептері жұмыс істеуде. Аталған мектептерде «Қазақстан халқы ассамблеясының республикалық қорымен» жасалған шарт негізінде 20 этностың тілі оқытылады, атап айтсақ, армян, ассирия, әзірбайжан, балқар, башқұрт, грек, грузин, дүнген, ингуш, кәріс, күрд, қарашай, неміс, орыс, поляк, татар, түрік, украин, ұйғыр, шешен тілдері. Осы бағытта 2014 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының ұсынысымен әзірленген еліміздегі этникалық топтардың тілдерін оқыту бойынша көптілді инновациялық әдістеме әзірленді. Жалпы, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді еркін меңгере отырып, сонымен бірге өз тілдерін де ұмытпауға мейлінше жағдай жасалған.
Еліміздегі диаспора өкілдеріне арналған түрлі байқаулар, олимпиадалар дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Биыл өздеріңізге мәлім, еліміздің тұрақтылығы мен ынтымақ-бірлігінің кепілі бола білген Қазақстан халқы ассамблеясына 20 жыл толды. Елбасы Жарлығымен «2015 жыл – Ассамблея жылы» деп жарияланып отыр. Осы мерейлі күнге орай ақпан айында Астанада «Тіл – татулық тірегі» атты этнос өкілдері арасында республикалық байқау ұйымдастырылды. Оған еліміздің әр өңірінен 20 делегаттан қатысты. Байқауда этнос өкілдері шығарма жазу, өзін таныстыру талаптары бойынша сынға түсіп, жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында елдегі толеранттылық пен үштұғырлы тіл саясатын қолдауға басымдық беруді тапсырғаны мәлім. Осы бағытта да көптеген іс-шаралар өткізіліп жүр. Мәселен, жыл сайын атап өтілетін Тілдер күніне орай былтыр 18 қыркүйекте «Мәңгілік ел – мәртебелі тіл» іс-шарасы өтті.
– Мемлекеттік тілді дамытуға биылғы жылы бюджеттен бөлінген қаражат қандай мақсаттарға жұмсалмақшы?
– Биылғы жылы Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бюджеттен бағдарламаға сәйкес қаржы қарастырылып отыр. Бағдарлама аясында www.til.gov.kz порталын қамтамасыз ету, аударма және оқу әдістемелік құралдар, энциклопедиялар, сөздіктер, балаларға арналған аудиокітаптар шығару жоспарлануда. Одан бөлек, мемлекеттік тілді насихаттауға байланысты отызға жуық іс-шара, дөңгелек үстелдер, ғылыми кеңестер мен конференциялар, семинарлар, әртүрлі байқаулар өткізіліп отырады.
Сондай-ақ мемлекеттік тілді оқытудың интерактивтік, онлайн әдістерін жасап шығаруға, терминология және ономастика саласының жұмыстарын ұйымдастыру мен үйлестіруге де қаржы қарастырылған. Министрліктің қолдауымен шығатын «Балапан әлемі», «Тіл және қоғам», «Туған тіл», терминологиялық және ономастикалық хабаршылар бар. Балаларға арналған анимациялық фильмдеріміз де аз емес.
Өткен жылы «Күнікей қыз және оның достары» атты 50 бөлімнен тұратын жаңа анимациялық фильм шықты. Ол «Балапан» телеарнасы мен интернет порталдар арқылы да көрсетілуде. Қысқасы, мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржы аталған игі жобаларға жұмсалады. Тілдерді дамытуға бөлінетін қаржының әрбір тиыны өзін-өзі ақтайтынына шүбә жоқ.
– Терминология саласында да қордаланған мәселе шаш етектен. Бірізділік жоқ, терминологиялық ортақ қор қалыптаспағандықтан әркім терминдерді өз бетінше тәржімалап, сөз құрап алатын болды. Терең зерттеуді, зерделеуді қажет ететін саланың түйінді мәселелері қалай шешілуде?
– Терминология – мемлекеттік тілді дамытудың негізгі факторының бірі. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін бұл сала кенжелеп келеді. Расында, бізде қазақ тілінде терминологиялық қор қалыптаспаған, оның нақты санын ешкім дөп басып айта алмайды. Бұл – бір. Екіншіден, термин дегеніңіз – тірі ағза секілді, қоғамға тікелей байланысты. Белгілі бір уақыт ішінде пайдаланылып, кейін жоғалып кетуі де мүмкін. Жақында осы терминологияға қатысты Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған ауқымды дүние жасадық.
Аталған проблемалардың барлығын зерделей, зерттей келе, терминологиялық қорды қалыптастырдық. Үш жылдан бері осы терминологиялық қорды қалыптастыру жұмыстарына министрлік тарапынан қаржы жұмсалып, еліміздегі 350-ге жуық сала мамандарын, ғалымдарды жұмылдыра отырып, 30 томдық салалық терминологиялық сөздік әзірлеп шығардық. Осының нәтижесінде қазақ тілінің 300 мыңнан аса салалық ғылыми терминдер қоры жасалып, қазақ тілі терминологиясының ғылыми негізде дамып, кемелдене түсуіне негіз қаланды.
Айта кету керек, ТМД елдерінде мұндай терминологиялық сөздік жоқ. Тіпті Ресей ғалымдарының өзі бұған қызығушылық танытып, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде тұсаукесерін өткізейік деген ұсыныстарын білдіріп жатыр. Бұл сөздіктер барлық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктеріне таратылды. Алдағы уақытта салалық терминологиялық сөздік жасайтын ғалымдар мен мамандар тыңнан түрен салмай, осы қорды негізге алып, оны жетілдіріп, толықтыру мақсатында жұмыстар жүргізетін болса, онда қазақ тілі шын мәнінде, өркениетке иек артқан, қай уақытта болсын заман талабына сай дамып-жетіліп отыратын тілдердің санатында болар еді. Бұл бәріміздің ортақ асыл арман-мұратымыз дер едім.
– Расында да, тау-тау құмнан түйір-түйір алтынды аршып алғандай бейнетті де ауқымды жұмыс атқарылған екен. Әйткенмен, терминология саласында тағы басқа қандай мәселе бар?
– Әлемдік тәжірибені алып қарайтын болсақ, дамыған елдерде терминология саласына қатты көңіл бөлінеді. Әсіресе, Германия, Жапония елдерінде терминдер Үкімет қаулысымен бекітіліп, міндетті сипатқа ие болады және сол терминді қолданбай, басқа терминді пайдаланса, оған айыппұл салынады екен. Бізге ондай деңгейге жетуге әлі біраз бар.
Себебі бізде нақты осы мәселемен айналысатын мекеме немесе орган жоқ. Тіл комитеті тек үйлестіруші ғана. Осы бүкіл терминология саласы бойынша біздің комитетте бір ғана маман қызмет атқарады. Ал Терминкомның мүшелері қоғамдық негізде жұмыс істейді, арнайы жалақы алмайды.
Былтырдан бері біз осы мәселені «Нұр Отан» партиясының жиналысында, Парламент Мәжілісінің отырысында да қозғап, наурыз айында Үкімет қаулысымен мемлекеттік тапсырыс аясында Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығына қаржы бөлінуіне қол жеткіздік.
Қазір аталған орталықтың ішінен осы сала бойынша екі бөлім ашып жатырмыз. Бұйырса, арнайы мамандар жасақталып, мамыр айында терминология бөлімі толықтай жұмысқа кіріспек. Бұл бөлім терминологиялық қорды реттеу, яғни стандарттау жұмыстарын жүргізеді. Оны халыққа жария етеді, ой-пікірлерін жинастырады, арнайы сала мамандарымен жұмыс жасайды, басқа да халықаралық тәжірибелерді зерттеп, олармен байланыс орнатады.
Сондай-ақ биыл сәуір айынан бастап «Қазақстан» Ұлттық арнасынан арнайы 1 сағаттық «Термин және қоғам» деген бағдарлама шықпақшы. Бағдарлама аясында Терминком бекіткен терминдерге талдау жасалып, олардың шығу тарихы, баламасы, халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. «Қазақ радиосынан» да осы бағдарламаның радионұсқасы өз жұмысын бастамақ. Тағы бір жаңалық, Терминком бекіткен терминдер телеарнада жүгіртпе жол арқылы беріліп отыратын болды. Бұл шаралар терминдерді біріздендіріп, жүйелеу үшін қажет.
– Жасыратыны жоқ, біз ауылға, көшеге кісі есімін беруге құмармыз. Көп жағдайда еңбегі сіңді ме, сіңбеді ме, байыбына барып жатпаймыз. Жер-су, көше атауларын өзгертуге қайта-қайта шектеу қойылғанына қарағанда, мәселе тым күрделі сияқты ма, қалай?
– Иә, бұл салада да күрмеуі қиын күрделі мәселелер баршылық. 2007 – 2012 жылдар аралығында елімізде ономастикалық жұмыстарды жүргізуге, нысандарға атау беруге және оларды қайта атауға уақытша мораторий жарияланған болатын. Осындай олқылықтардан кейін, атау беру мәселесі уақытша тоқтатылған еді. Артынша 4 заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, алты нормативтік құқықтық акті Үкімет қаулысымен бекітілген болатын. 2013 жылы бұл мораторий күшін жойды.
Бұдан кейін ономастикалық комиссияның қарауына келіп түскен 609 ұсыныстың 470-і Республикалық ономастика комиссиясы тарапынан қолдау тапты. Дегенмен, бұл бағытта әлі де болса шешімін таппаған мәселелер жетерлік.
Осы мақсатта сала мамандары, ономастика ғалымдары, жергілікті жерлердегі практик мамандар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері тартылған жұмысшы топ өз жұмысын жүргізуде. Басты міндет– еліміздегі ономастика саласын реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді пысықтап, оларды ретке келтіру. Сондай-ақ республикадағы барлық әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне, басқа да физика-географиялық объектілерге талдау жасай отырып, ортақ электрондық база жасау.
Аталған топтың бүгінгі таңда 2 отырысы өткізілді. Бұл жұмыс өте маңызды, күрделі әрі ауқымды. Дегенмен, еліміздегі ономастика саласының төңірегінде жүрген барлық азаматтардан құралған жұмысшы топ нақты шешу жолдарын ұсынады деп ойлаймын.
– Электронды бұқаралық ақпарат құралдарындағы мемлекеттік тілдің үлесін арттыруға қатысты қандай шаралар жүзеге асуда?
– Жасыратыны жоқ, телеарналар арасында заңда көрсетілген «мемлекеттік тілдің үлесі кем дегенде 50 пайыздан төмен болмауы керек» деген талапты орындамай келгендері де бар көп жағдайда. Алайда, бүгінгі таңда аталған норма бойынша талап күшейтіліп, телеарналар тілі біраз қазақшаланып қалды.
Аталған мәселе жөнінде Үкіметте екі рет арнайы жиын өткізілді. Бұл жиындарда заңға сәйкес нақты тапсырмалар беріліп, хаттамалық шешімдер қабылданды.
2014 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік тапсырысты 100 бұқаралық ақпарат құралдары жүзеге асырды. Олардың ішінде, барлық телеарналар (эфирдің 50 пайызы қазақ тілінде), 18 газет, 21 журнал және 20 интернет-ресурс қазақ тіліндегі ақпаратты жарыққа шығарды. Жалпы алғанда, 2014 жылы мемлекеттік БАҚ-та қазақ тіліндегі контенттің үлесі 55 %-ды құраса, 2015 жылдың 1-тоқсанындағы мәлімет бойынша 69 пайызды құрап, телеарналардағы заңнама бұзушылықтың саны 29%-ға азайды.
Бір айта кетерлігі, біздің қоғамымызда интернеттің ролі уақыт өткен сайын артуда. Қазақстандағы интернетті пайдаланушылардың саны да жыл өткен сайын көбеюде. Әлемдік желідегі қазақ тіліндегі контентті арттыру заман талабы болып отыр.
Қазақ тілді интернет-ресурстарды, контенттерді дамыту мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында 2014 жылдан бастап мемлекеттік тілді онлайн режимінде үйрететін «Мемлекеттік тілді дамыту» қорының ұйымдастыруымен «Soyle.kz» интернет порталы өз жұмысын атқарып келеді.
Сонымен қатар “WikiBilim” қоғамдық қоры Beeline компаниясымен бірлесе GoogleTranslate – автоматтандырылған аударма жүйесі қызметін жүзеге асырды. Википедиядағы қазақша жазылған мақалалар саны бүгінгі таңда 208 мыңға жетіп, Википедияның тілдер рейтингісі бойынша 32 орынға көтерілді.
Сондай-ақ «WikiBilim» қоры Қазақстанның ашық кітапханасы (kitap.kz) жобасын жүзеге асырып, 5000-ға жуық шығарманың электрондық нұсқасын орналастырды.
2014 жылы Қазақстан нарығына өз өнімдері мен сервистерін ұсынатын жетекші халықаралық компаниялармен мемлекеттік тілдің интеграциялануы тұрғысында келіссөз жүргізілді. Келіссөзге Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар», «Казконтент» акционерлік қоғамдары мен «Microsoft Kazakhstan», «Wikibilim», Қазақстандағы «Lenovo» компаниясының «IBM Шығыс Европа/Азия» ЖШС-ның, «Қазақтелеком»АҚ-ның, Қазақстандағы IT-компаниялар Қауымдастығының өкілдері қатысты.
Компания өкілдері келіссөздер барысында ақпараттық технологиялар саласында атқарған жұмыстары мен мемлекеттік тілдің интеграциялануы процессінде кездесетін проблемалары мен ұсыныстарын талқылады.
Алдағы уақытта мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге және қазақ тілінің сауатты қолданылуына септігін тигізетін www.sauat.kz ақпараттық-анықтамалық порталын ашпақпыз. Жоба мектеп оқушыларына, қазақ тілін меңгеруге ниетті қалың көпшілікке арналған. Бүгінгі таңда компьютерлік лингвистика тіл білімінің іргелі саласына айналды. Технология тілді сауатты пайдалануға, қате болса, оны бірден тауып жөндеуге мүмкіндік беретін дәрежеге жетті. Бұған дейін қазақ тілінің ережелері және проблемаларына арналған сайт болған жоқ. www.sauat.kz порталы қазақ тілінің күнделікті өмірде, іскерлік қарым-қатынаста кеңінен сауатты түрде пайдалануға ықпал етеді деп күтілуде.
– Баспасөзде көшеге ілінетін жарнамалардағы кемшіліктер мәселесі жиі сыналады. Мұндай өрескел қателер мемлекеттік тілімізге нұқсан келтіретіні рас. Аталған келеңсіздіктерге жол берген тиісті адамдарға талапты күшейткен жағдайда ғана қазақ тілінде жазылған мәтіндерге өте мұқият әрі жауапты қарауды міндеттей алатынымыз сөзсіз. Жалпы, осы уақытқа дейін айтыла-айтыла жауыр болған мәселені бір реттейтін уақыт жеткен сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?
– Көшеде орналасқан маңдайша жарнамаларында кеткен қателіктерді қадағалау заң бойынша жергілікті атқарушы органдардың құзырына берілген. Заң бұзылған жағдайда, жергілікті атқарушы органдары тарапынан арнайы хаттама толтырылады және әкімшілік құқық бұзу кодексіне сәйкес алдымен ескерту беріледі, егер заң бұзушылық қайталанған жағдайда тиісті есептік көрсеткіш бойынша айыппұл салынады.
Тағы бір айта кететін мәселе, аймақтардың атаулары әлі күнге дейін қате, бұрынғы кеңестік кезде жазылған қалпы көрсетілуде. Мәселен, теміржол билеттеріне Жамбыл «Джамбул» деп, Шымкент «Чимкент» деп жазылуда. Осы мәселе ақпарат құралдарында үнемі сынға ілігіп жүрсе де, аяқсыз қалып қойып жүрген. Біздің ұсынысымыз бойынша еліміздегі теміржол бекеттері мен разъездерінің атаулары бірізділендіріліп, бір жүйеге келтірілмекші. Бұған қатысты тиісті шаралар жүргізіліп жатыр, алғышарттары дайын. Арнайы қаулы шығып, ол бекітілген соң, барлығын да реттейтін боламыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Бердібек Хабай