«100 нақты қадам» – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет құру

/uploads/thumbnail/20170708201705120_small.jpg

Марат ТОҚАШБАЕВ, Республикалық қоғамдық-саяси «Президент және Халық» газетінің Бас редакторы, Мәдениет қайраткері, профессор:
– Тек еліміздің ғана емес, шетелдің белгі­лі сарапшылары, саясаттанушылары, мем­ле­кет қайраткерлері Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың 5 институционалдық рефор­ма­сы жөнінде өте жағымды пікірлер айтуда. Иә, мұндай ірі реформаны жүзеге асыру үшін, «100 нақты қадам» жасау керек. Мұны Елбасы «Ұлт Жоспары» деп атады. «Егер де осы «100 нақты қадам» ойдағыдай жүзеге асатын болса, Қазақстан үлкен бір белеске шығады» дейді көптеген сарапшылар. Сіз не айтасыз? 
 – Сөз жоқ. Бұл – өте ауқымды жоспар. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылғы 6 мамырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамын белгілеп бер­ген болатын. Ол – іс жүзінде, ең алдымен, жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен қатар жаңа тарихи жағдай­ларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыз­дығына кіруі жөніндегі өзіндік жос­пары. Жоспар экономикалық дерттер­дің сыртқы белгілерін сылап-сипап қоюды емес оны жүйелі емдеуді, қоғам мен мемле­кетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қа­лауды мақсат етеді.100 нақты қадам – бар­шаға арналған қазіргі заманғы мемлекет құруға бағытталған. Бұл үшін, ең алдымен, кәсіби мемлекеттік аппарат құру қажеттілігі назарға алынған. Ол әлбетте негізінен, кәсіби кадрлардан басталатыны мәлім. Елбасы бұл жерде үш сатылы іріктеу жүйе­сін енгізуді ұсынады. Еңбекақыны нәтиже бойынша төлеуге көшу шынында да, мемлекеттік қызметкерлерді ынталанды­ратыны сөзсіз. Ауыстырылатын мемле­кет­тік қызметкерлерге лауазымдық мін­дет­терін атқару кезеңінде оларға жеке­­­ше­­лендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлерді міндетті түрде беру де істі алға бастыруға айтарлықтай жәрдемдеседі. Бұған мемлекеттік қызметтің жаңа этикалық кодексін түзу де көзделген. 
– Бес институционалдық реформаның екінші бағыты заңның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталғаны белгілі.
– Иә. Ол азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыруды көздейді. Бұрынғы бес сатылы сот жүйесі енді үш сатылы сот төрелігіне ауысты­рылмақ. Судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін жетілдіру мен біліктілік талаптарын күшейту өте орынды. Бес институционалдық реформаның үшіншісі Индустрияландыру мен экономикалық өсімді қамтиды. Бұл арада жер телімдерін мақсатты пайдалану түрін өзгертуге рұқсат алу ресімдерін жеңілдету көп адамдарды қуантатыны сөзсіз. Өйткені осы мәселе жаңа құрылыстар салуға көп кедергі болып келген. Жұрттың жаңа жер кодексінен де күтері көп. Ары қарай құрылысқа рұқсат алудың үш сатылы қағидаты енгізілмек. 
– Нақты 100 қадам ішінде Қазақстанды халықаралық көлік-коммуникациялық ағымдарға интеграциялану талаптары да көрсетілген.
– Әсіресе, «Еуразиялық транскон­ти­нен­талдық дәліз» мультимодельдік көлік дәлізін құру жөніндегі жобаны іске қосу зор мүмкіндіктер ашады. Ол Азиядан Еуро­паға жүктер транзитін кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Көлік дәлізі: бірінші бағыт – Қазақстан аумағы арқылы Ресей Федерациясына және одан әрі Еуропаға өтеді. Екінші бағыт – Қазақстан аумағы арқылы Қорғастан Ақтау портына дейін, одан әрі Каспий теңізі мен Әзербай­жан, содан соң Гүржістан арқылы. Жобаға болашақта 2014 жылдың аяғында құрылған Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкін тарту жоспарланып отыр.
Осы бағытта елімізде халықаралық авиациялық хаб құру идеясы да өте орын­ды. Стратегиялық инвесторды тарту ар­қылы Алматы іргесінен әлемдік стан­дартқа сай келетін халықаралық жаңа әуежай салынатын болады. ASTANA EXPO – 2017 инфрақұрылымдары арқауында арнаулы мәртебе бере отырып, Астана халықаралық қаржы орталығын (АІҒС) құру экономи­калық мәселелерді шешуге көмектеспек. Қаржы орталығының даму стратегиясы капитал нарықтарына қызмет көрсету және исламдық қаржыландыру маманды­ғына сәйкес әзірленетін болады. Элиталық қаржы қызметінің жаңа түрлерін, соның ішінде private banking активтерді басқару саласындағы қызметтер дамытылады. Қаржы орталығы аумағында ресми тіл ретінде ағылшын тілін енгізу де өзін-өзі ақтайтын шаруа. Әйтпесе, қит еткеннің бәріне күні өтіп бара жатқан орыс тілін қолдану абырой бермесі анық. Экономи­каның алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қа­тарлы колледж бен он жоғары оқу ор­нын­да білікті кадрларды әзірлеу, кейін­нен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орын­дарына тарату құптарлық іс. Білім беру жүйесінде – жоғары сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу нысанасы көкейге қонады. 
– Бұдан былай, мемлекет қызметкер­ле­рінің жұмысы, түрлі жоспарлар мен бағдар­ламалардың ашықтығы да жүзеге аспақ.
– Мемлекеттік органдар басшыла­ры­ның халық алдында стратегиялық жос­парлар және аумақтық даму бағдар­лама­ларының маңызды көрсеткіштеріне қол жеткізілгендігі туралы жыл сайынғы ашық баяндамалар жасауларын және олардың есептерін ресми веб-сайттарда орналасты­руды тәжірибеге енгізу биліктің ашықты­ғына қол жеткізеді. Ең кереметі селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыз­дағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілетін бо­лады. Облыс орталықтарында және рес­пуб­ликалық маңыздағы қалаларда аза­мат­тардың тиісті бюджеттік жобаларын тал­­қы­лауға қатысуының тетіктері жұмыс істейді. Қазақстан азаматтары мемлекеттік қызметтерді бір жерден алатын болады. Бұл мақсаттар жүзеге асуы үшін ел Пре­зиденті жанынан бес жұмыс тобынан жа­сақталған жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Комиссия бұл міндет­терді жүзеге асыруға қазірдің өзінде кірісіп кетті десек те болады.

Дереккөз: Айқын-ақпарат

 

Қатысты Мақалалар