Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Сейітсұлтан ӘЙІМБЕТОВ мырзамен сұхбат:
Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Сейітсұлтан ӘЙІМБЕТОВ мырзамен сұхбат:
– Сейітсұлтан Сүлейменұлы, Мемлекет басшысының бастамасымен бүгінгі таңда бәсекеге қабілетті отандық өнімді өндіруге баса мән беріліп отыр. Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі саласының кешегісі мен бүгіні және болашағы туралы жан-жақты әңгімелеп берсеңіз.
– Дамыған елдерде де, дамушы елдерде де жеңіл өнеркәсіптің маңызы зор және ол тұтыну деңгейі бойынша тек азық-түлік өнімдерін тұтынудан кейін екінші орында тұр. Мысалы, жеңіл өнеркәсіптің үлесі АҚШ, Италия, Германия, Қытай, Түркия, Португалия сияқты дамыған елдерде 12-20%-ды құрап отыр.
Бәсекеге қабілетті өнім шығару жағдайында ол салынған ресурстардың жоғары айналымдылығы (жылына 2-3 есе) мен тиімділігін, кең ауқымды өңіраралық және салааралық кооперацияны қамтамасыз ете отырып, тауар өткізудің орнықты нарығын иеленеді.
Өткен кезеңге көз жүгіртсек, Қазақ КСР жеңіл өнеркәсібі республика бюджетін 25%-ға дейін қалыптастырғаны бәріміздің есімізде. Оның өңдеуші өнеркәсіп құрылымындағы үлесі 21%-ды құрады. Республикада 1 000-нан астам ірі және орта кәсіпорын, оның ішінде қала құрайтын кәсіпорындар жұмыс істеді. Мысалы, 10 мыңнан астам жұмысшысы бар Алматы мақта-мата комбинаты, 1 мыңнан астам жұмысшысы болған Алматы кілем фабрикасы, 9 мыңға дейін адамды жұмыспен қамтыған Қостанай мауыты-шұға комбинаты сияқты алып кәсіпорындар болғаны белгілі.
Ал бүгінгі таңда бұл көрсеткіштер бірнеше есеге қысқарғанын көреміз. 2014 жылы аталған салада жұмыспен қамтылғандар саны небары 13,7 мың адамды құрады. Бұл сала көп өзгерістерге ұшырады. 1990 жылдардағы қаржы дағдарысы кезінде жағдайы мүлдем құлдырап кеткені анық.
– Ендеше, аталған саланы дамытудың, оны қалпына келтіру мен жаңғыртудың қандай жолдары бар?
– Халықаралық бағалау бойынша отандық өндірістің үлесі ресурстардың жалпы көлемінде 30 %-ға жеткен жағдайда, елдің экономикалық қауіпсіздігінің шекті деңгейіне кол жеткізіледі екен.
Тәуелсіздік жылдарында отандық жеңіл өнеркәсіпті дамыту және елдегі ішкі нарықты қорғау үшін мемлекеттік қолдау шаралары тұрақты түрде қабылданып жатқанын атап өткім келеді.
Мысалы, жеңіл және тамақ өнеркәсібінде импортты алмастырудың 2001-2003 жылдарға арналған бағдарламасы, Мақта-тоқыма кластері – «Оңтүстік» АЭА құру, Қазақстан Республикасында жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарлама қабылданды. Сонымен қатар 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустрияландырудың мемлекеттік бағдарламасында жеңіл өнеркәсіп дамудың негізгі секторларының бірі болып айқындалды. Бұл ретте, 2008-2013 жылдарда жеңіл өнеркәсіптің негізгі капиталына салынған инвестициялар 37 млрд 910 млн теңгені құрады.
Бірақ бұған қарамастан, отандық кәсіпорындардың көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Мәселен, отандық тоқыма және тігін өнеркәсібі республиканың ішкі нарығы қажеттілігінің тек 8%-ын, аяқкиім 1%-ға жуығын ғана қамтамасыз етеді және жеңіл өнеркәсіп өнімінің 90%-дан астамы импорт үлесіне тиесілі.
2008-2013 жылдар аралығында жеңіл өнеркәсіп тауарларының импорты бес есеге жуық өскен, өсу қарқыны рекордтық көрсеткішті – 481,5%-ды құрады, ал экспорт небары 5 %-ға өсті.
Бұл үрдіс әлі жалғасуда. 2014 жылғы талдау жеңіл өнеркәсіп тауарларының импорты экспорттан 12 есеге жуық асып түсіп, 2 млрд 241 млн 492 мың долларды құрағанын көрсетті.
– Біздің еліміз шикізат пен еңбек ресурстарына бай емес пе? Неге біз импортқа тәуелді болып отырмыз?
– Мемлекеттің шикізат пен еңбек ресурстары бойынша орасан әлеуеті бола тұра, толықтай импортқа тәуелді болып отырғанымыз рас. Тауарлар импорты мен шикізат экспорты ғана болған кезде нақты экономиканың қандай да бір өсуі туралы сөз қозғау артық шығар.
Өндірушілер үшін тең емес экономикалық жағдайлар отандық тауар өндірушілерге ішкі нарықтарда да, сыртқы нарықтарда да өндірісті тиімді дамытуға мүмкіндік бермейді. Оның үстіне жеңіл индустрия өніміне жыл сайынғы қажеттілік 5 млрд долларға жуық деп бағаланып отыр.
Біздің ойымызша, елдің ішкі нарығын қорғау үшін жеңіл өнеркәсіптегі өз өндірісіміздің планкасын экономикалық қауіпсіздік деңгейіне дейін жеткізу, яғни, отандық өндіріс үлесін 30 %-ға дейін жеткізу керек. Ішкі нарықты отандық сапалы өніммен толтыру үшін қолайлы жағдайлар жасағанымыз абзал. Шикізатты дайын өнімге дейін терең өңдеуді жүзеге асыратын жеңіл өнеркәсіп өнімін өндірушілер үшін жеңілдіктер беру тетігін енгізу қажет. Оларды қосылған құн салығынан босатуға, преференциялар мен субсидияларды және басқаларды беруге болады. Санитариялық-гигиеналық нормативтерге, техникалық регламенттер мен стандарттарға сәйкес келмейтін тігін, тоқыма, тері-былғары және аяқкиім өнімін өткізу үшін жауаптылықты қатаңдатқан жөн. Отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілетті тауарларын сыртқы нарыққа жылжытуына қолдау жасау қажет.
– Қандай кедергілер бар екені байқалып отыр?
– Әуелі сапалы шикізатты терең қайта өңдеу және олардың жетіспеушілік проблемасын шешу қажет. Мысалы, қазіргі уақытта мақта талшығының тек 2%-ы ғана дайын өнімге дейін қайта өңделеді, жүннің 12%-ы бастапқы өңдеуге жатқызылады. Статистика деректері бойынша, шитті мақта, өңделмеген тері, жуылмаған жүн түріндегі шикізаттың 90%-ға жуығы шет елге экспортталады. Тігін өнеркәсібі іс жүзінде Қазақстанда өндірілмейтін импорттық маталарды, иірілген жіпті, фурнитураны пайдалануға мәжбүр болып отыр. Бұл бұйымдар құнының жоғары болуына және бағасы бойынша олардың импорттық өніммен бәсекелесуге қабілетсіздігіне әкеп соғады. Сондықтан отандық өндірушілер шетелдік өндірушілермен бәсекелестік күресте жеңіліп жатады.
Бұл проблеманы шешу үшін шикізат экспортын тежеу және өңделу дәрежесі төмен өнімді әкетуге жоғары баждарды енгізу бойынша шаралар қолданылуға тиіс.
Сондай-ақ отандық жеңіл индус-трияны дамыту үшін өндірісте шикізатты алудан дайын өнімді жасауға дейінгі толық циклі аса қажет. Мысалы, өсірілген мақтадан шитті мақтаны алу ғана емес, сонымен бірге одан мата дайындалғаны және дайын киім тігілгені біз үшін маңызды.
Бұл мәселеде біздің кеңестік дәуірден көп жылғы тәжірибеміз бар. Біздің өз шикізат қорымыз болған, толық қайта өңдеуді және дайын өнім шығаруды жүзеге асырдық. «Алматыкілем», Шымкент қаракүл зауыты, Семей тері-былғары комбинаты, Алматы мақта-мата комбинаты, Жамбыл жүн өңдеу комбинаты және Алматы қаласындағы «Жетісу» аяқкиім фабрикасы сияқты қазақстандық жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары әлемге әйгілі болды, өнімдері жоғары сұранысқа ие болған еді.
Қазіргі кезде республикада шикізат қорын дамыту мәселелері мемлекеттің агроөнеркәсіптік кешенді мықты және жүйелі қолдау бағдарламаларын іске асыру арқылы шешілуде. Сондықтан Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін бұрынғы қарқынына жеткізу үшін барлық алғышарттар бар.
– Ол үшін іс-шараларды қолға алған жөн.
– Бірінші кезекте, бәсекеге қабілетті дайын өнімді шығаратын кәсіпорындарды қолдау және ішкі нарықты қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ өткізілген өнім бірлігіне қосымша жеңілдіктер беру жолымен одан әрі экспортын ынталандыру қажет. Мысалы, дайын өнімнің экспортын ынталандырудың мұндай әдісі Қытайда, Өзбекстанда табысты қабылданған. Мұндай шаралар шикізатты дайындау мен өңдеу, материалдарды сапалы дайындау, халықтың, әсіресе, әйелдердің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету және ең бастысы, аталған салада және жалпы республикада қосымша жұмыс орындарын ашу бойынша жеңіл өнеркәсіпті дамытуға жаңа серпін береді.
Сондай-ақ қазіргі заманғы жеңіл индустрияның ғылымды қажетсінетінін ескеру керек. Қазіргі уақытта бұл саланың бәсекеге қабілеттілігінің технология мен инновацияға салынатын инвестицияның деңгейіне тәуелділігі жоғары.
Өкінішке қарай, отандық кәсіпорындардың көпшілігінде жабдықтардың, сондай-ақ өндірістің технологиялық үдерістерінің физикалық және мораль-дық жағынан тозуы еңбек өнімділігіне, өнім сапасына теріс әсер ететіні сөзсіз.
Біз өз өнімдерімізді таныстыра білуіміз де керек-ақ. Отандық өндірушілердің технологиялар трансфертінде белсенді әрі ұтқыр болмауы – тағы бір маңызды мәселенің бірі. Мысалы, «Mango», «Zara» сияқты көпшілікке қолжетімді брендтер жаңа киім үлгілері таныстырылғаннан кейін, 10-15 күннен соң, бүкіл әлемде сатыла бастайды екен.
Тағы бір мәселе, әлеуетінің жоғары болуына қарамастан, жеңіл өнеркәсіп 2015-2019 жылдарға арналған индустрияландырудың екінші кезеңінің бағдарламасына енгізілген жоқ. Демек, біз осы салада жоғары нәтижеге қол жеткізбей, жарты жолда тоқтап қалдық.
– Нарық заманында тері бұйымдарының бағасы артып тұр. Ал біз бар байлықты іске асыра алмай отырмыз. Тері өндірісін қалай жолға қоюға болады? Осы салаға арнайы тоқталып өтсеңіз.
– Қазақстанда климаттың, сапалы жем-шөп базасының және табиғи селекцияның арқасында тері сапалы әрі жоғары сұранысқа ие. Жеңіл өнеркәсіп кәсіп-орындары қауымдастығының деректері бойынша, 2012 жылы елімізде толық өңделмеген 10 млн дана тері өндірілген. Оның ішінде 2 млн дана экспортталған, ішкі өңдеуге 1,7 млн дана жіберілген. Импорт мүлдем жүзеге асырылмаған дерлік. 6,3 млн дана өңделмеген тері «көлеңкеде» қалып отыр және «қара» және «сұр» экспорт схемасы арқылы заңсыз жолмен елден шығарылған.
Жалпы, тері – стратегиялық өнім, оны жоғары өңдеуге дейін жеткізіп, дайын өнімді экспортқа шығаруға болады. Мәселен, практика көрсеткендей, өңделген теріні сатқанға дейін тері шикізатының сатып алу бағасын 20 есеге, ал дайын өнім (аяқкиім, күртеше, сөмке) шығарған кезде оны 70 есеге дейін көтеруге болады. Мысалы, Қазақ КСР-нің аяқкиім саласының қалыптасу кезеңінде аяқкиім өндірісінің көлемі жыл сайын шамамен 390 млн жұп болған.
Тері дайындау осы саланың тағы бір маңызды проблемасы әрі тежеуші факторы болып табылады. Қазақстан аграрлық ел болғанына қарамастан, бізде тері дайындау және өңдеу жөніндегі кәсіпорындар қалған жоқ десек те болады. Сондықтан облыстық әкімдіктер бизнеспен бірлесіп, сатып алу-дайындау кеңселерін ашу жұмыстарын жүргізуі керек. Бұл ретте, дайындау кеңселері теріні кейіннен отандық тері зауыттарында өңдеу үшін оны бастапқы өңдеуді өз міндеттеріне алғаны жөн.
Алдағы уақытта осы салаға терең мән беріліп, еліміз өзінің артықшылықтарын, яғни тері өндіру бойынша Орталық Азиядағы үстем жағдайын, географиялық жағынан қолайлы орналасуын пайдалануы керек-ақ. Оның үстіне бізге Қытай нарығы жақын, ол да тиімді болмақ. Мұның барлығы Қазақстанға бүкіл Орталық Азияда тері шикізатын өңдеу жөніндегі өңірлік процессингтік орталықтың орнын иеленуге мүмкіндік береді.
Сол секілді жүн өңдеу саласында да проблемалар бар. Жыл сайын қырқылатын 40 мың тонна жүннің шамамен 30%-ы, оның ішінде 17%-ы жуылмаған күйінде экспортталады. Бұл төмен бағаға кетіп жатқанын білдіреді.
Жүннің 70%-нан астамы жоғалады, өңделмейді. Берекетсіз жүн нарығының болуынан жүн арзан бағамен бақылаусыз және сертификатсыз Қазақстаннан тыс жерлерге, ал түскен қаражаттың айтарлықтай бөлігі «көлеңкелі айналымға» кетіп жатыр, бұл үлкен шығындарға әкеліп, осының салдарынан мемлекет жыл сайын 6,0 млн доллар жоғалтып отыр.
Егер жүн өндірісінің шығындарын барынша азайтсақ, ол елдің бюджетін толтырып қана қоймай, сонымен қатар халықтың жүн өндіру мен оны өңдеуде, оның ішінде ауылдық жерлердегі азаматтарымыздың жұмыспен қамтылуын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
– Мақтаны ел ішінде «ақ алтын» деп атайтыны белгілі. Оңтүстік өңірде мақта өсіргенімізбен, шын мәнінде, оның табысы артуына қандай кедергілер себеп болуда?
– Бізде жыл сайын шамамен 100 мың тонна мақта талшығы өндіріледі, оның 90%-ы экспортталады. Бүгінгі күні Оңтүстік Қазақстан облысында 15 мақта өңдеу зауыты бар, бірақ олардың жабдықтары энергияны көп қажетсінетіні, шығарылатын талшық сапасының төмен болуы және өз шикізатының жетіспеушілігі – басты проблемалар.
Бұл ретте, мақта шитін егудің жаңа технологияларын, яғни өсірудің қазіргі заманғы әдістемелерін, пленка астында тамшылатып суару әдісін қолдануға назар аудару қажет, бұл егіс алқаптарын ұлғайтпай-ақ, оның өнімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, субсидиялау тетігін қайта қарайтын кез келді. Оларды жанар-жағармайға, суаратын суға және минералдық тыңайтқыштарға бөлудің орнына, субсидияны өндірілген өнімнің бірлігіне, яғни шитті мақтаға бөлу тиімдірек болар еді.
Қысқа мерзім ішінде спутниктік байланыс пен хабар таратудың ғарыштық жүйесі, автомобиль, радиоэлектроника, өнеркәсіп жабдығын өндіру, машина жасау кешені сияқты ғылымды қажетсінетін және инновациялық күрделі өндірістерді іске асыра білген тәуелсіз елімізде жеңіл өнеркәсіпті де «аяғынан тұрғызу» қиынға соқпас деп ойлаймын. Осы орайда, Үкімет жеңіл өнеркәсіпті экономиканың басым секторларына қосып, оған деген көзқарасын қайта қарауы қажет. Елбасы айтып өткендей, өндірушінің сапасы мен кепілдігін білдіретін «Қазақстанда жасалған» деген жазуы бар танымал бренд жасау керек.
– Елімізде жеңіл өнеркәсіпті серпінді дамыту туралы қандай ұсыныстарыңыз бар?
– Ол үшін тұрып қалған кәсіпорындарды жеңіл өнеркәсіпті басқару жөнінде дербес ұлттық оператор құру арқылы іске қосу үшін мемлекеттік даму институттарының, оның ішінде «Kaznex Invest» акционерлік қоғамының, «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» акционерлік қоғамының құралдарын пайдалану қажет. Өндіріске инвестиция қажет. Сондықтан шетелдік инвесторлар үшін де, өзіміздің өндірушілерді ынталандыру үшін де тартымды жағдай жасаудың маңызы зор. Шетелдіктер үшін келісімшарттың қолданылу уақытына оңайлатылған визалық режим мүмкіндігін қарау керек. Сондай-ақ өндірістерде техникалық бақылау бөлімдерін жаңғыртқан жөн. «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар тауарларды танымал ету және қазақстандық тауар өндірушілер және киім мен аяқкиім брендтері туралы танымдық теле-радио бағдарламаларын шығару арқылы қайта қарау керек.
– Көп байқалмай жүрген тағы қандай маңызды мәселе бар деп ойлайсыз?
– Бұл ретте, балалар тауарларын өндіру мен қамтамасыз ету проблемасын ерекше атап өткім келеді. Өйткені бүгінгі күні, сарапшылардың бағалауы бойынша, балалар киімі мен аяқкиімі нарығының көлемі жыл сайын 200,0 млрд теңгені құрайды екен! Алайда отандық балалар тауарларымен қамтамасыз етілуі 1 %-дан аспайды.
– Оқушыларды сапалы әрі денсаулығы үшін қауіпсіз мектеп формасымен қамтамасыз ету мәселесі де ерекше алаңдатады. Мәселен, жыл сайын күзде ата-аналар мектеп формасын іздеу мен оған тапсырыс берудің әлегіне түседі. Өйткені оларды бізге Қытайдан, Түркиядан, Қырғызстаннан әкеледі. Неге бұлай?
– Осы біз «Балаларымыз үшін қандай киім сатып алып жатырмыз?» деген сұраққа ойланып көрдік пе? Бізге бағасы қымбат, бірақ сапасы төмен, қауіпсіздік сертификаттары, шығарылу сертификаттары жоқ, инвойстары жоқ тауарлар ұсынады. Ең сорақысы, сол мектеп формасына балаларымыздың денсаулығына зиян келтіретін синтетикалық маталарды жиі қолданылады.
Біз өз өндірушілерімізді қолдаудың орнына, іс жүзінде басқа елдердің экономикасына инвестиция салып, оларды көтеріп әрі байытып отырмыз. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының ақпараты бойынша, қазақстандық оқушылардың саны шамамен 2 млн болса, 1 балаға шаққанда мектеп формасының бағасы шамамен 15 мың теңге деген есеппен алғанда, бұл нарықтың көлемі жыл сайын шамамен 30,0 млрд теңге деп бағаланып отыр. Міне, қаражат қайда кетіп жатыр?!
Сондықтан Үкіметке бірыңғай мектеп формасын енгізу және оны тек Қазақстанда ғана өндіруді міндеттеу мәселесін қарайтын уақыт келді.
Бұл бір жағынан – мәжбүрлі әрі қажетті шара, екінші жағынан – балаларға арналған мектеп формасын, спорт костюмдерін, киім және аяқкиім шығаратын, патриоттық рухта жұмыс істеп жатқан отандық тауар өндірушілерді нақты қолдау.
Жеңіл өнеркәсіптің отандық кәсіпорындарының қарулы күштер, ішкі істер органдары, құтқару және басқа да қызметтердің қызметкерлері үшін нысанды киім-кешек тігуі екінші қадам болуы мүмкін. Біз Қазақстанның барлық өңірлері мен қалаларында сапалы мектеп формасы мен нысанды киім-кешек тігіп, жемісті жұмыс істегісі келетін кәсіпорындар бар деп сенімді түрде айта аламыз.
Бұл үшін тауарларға үнемі мониторинг жүргізу, бірыңғай ақпараттық портал құру, облыстық әкімдіктердің сайттарында ақпарат орналастыру, жеңілдікті шарттармен сауда алаңдарын ұсыну қажет.
– Ойыңызды қорытындылай келгенде, аталған салаға тың серпін беру үшін тағы да қандай мәселелерді ескерген жөн болар еді?
– Бүгінгі күні қазіргі заманның талаптарына сай келетін білікті кадрлардың жетіспеушілігі Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі үшін өткір проблема болып отыр. Жұмысшылар, тігіншілер ғана емес, жоғары және орта буынның техникалық жұмыскерлері де жетіспейді. Елде әртүрлі деңгейдегі жеңіл өнеркәсіп мамандарын дайындайтын оқу орындары жеткілікті болғанымен, көптеген түлектер өзінің мансабын өндіріспен байланыстырғысы келмейді. Бұл еңбек жағдайының ауырлығы мен жалақының төмендігіне байланысты. Кәсіпорындарда кадрлардың басқа салаға кетуі байқалады.
Сондықтан кадр мәселесі персоналды басқару мен кәсіптің беделін көтерудің жаңа тәсілдерін енгізуді талап етеді. Бүгінгі күні мамандар даярлаудың сапалық көрсеткіштерін жақсартуға баса екпін берілуге тиіс және мұнда білім мен кәсіби шеберлік өндірістің маңызды ресурсы ретінде қаралуға тиіс. Бұдан басқа, білім беру мен экономиканың нақты секторы арасындағы алшақтықты жою қажет.
Бұл үшін біздің білім беретін ведомстволарымыз бизнес мұқтаж болып отырған мамандарды даярлауға мемлекеттік тапсырысты қалыптастыруы керек, сондай-ақ оқу стандарттарын нақты бизнес өкілдерімен және салалық қауымдастықтармен келісуге тиіс. Сондай-ақ бұл кәсіптің беделін көтеру үшін «Өндіріс озаты», «Ерен еңбегі үшін», «Үздік тігінші», «Үздік өндіріс шебері» атақтарын жаңғырту қажет.
Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру жөнінде Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындау мақсатында депутаттық корпус жеңіл өнеркәсіп саласындағы ахуалды жақсарту бойынша үлкен жұмыс атқаруда. Партиялардың қоғамдық қабылдауының, «Нұр Отан» фракциясы жанындағы маңызды кеңестердің диалог алаңдарында жеңіл индустрияның және агроөнеркәсіптік кешеннің онымен өзара байланысты салаларының еңбек ұжымдарымен, қоғамдық бірлестіктерімен және кәсіпкерлерімен кездесулер мен талқылаулар өткізілуде. Мұнда депутаттар аталған саланың жағдайын жақсарту және саланың тұтынушылары мен қызметкерлерінің құқықтарын қорғау бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуде.
Сонымен қатар қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде мақта саласының дамуын жетілдіру, арнайы экономикалық аймақтар мәселелері жөнінде маңызды заң жобалары қаралуда. Кәсіпкерлік кодексінің жобасын жан-жақты талқылау және пысықтау жұмысы жүргізіліп жатыр. Ағымдағы сессияда Парламент кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту, мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу мәселелері жөнінде заңдар қабылдады, бұл заңдар бизнес жүргізу жағдайын жақсартуға, кәсіпкерлікті қолдауға және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Елімізде алға қойылған міндеттерді шешу үшін барлық мүмкіндіктер бар. Бүгінгі күні жеңіл өнеркәсіптің жедел дамуына серпін беруге қабілетіміз де жеткілікті. Ол үшін кешенді жұмыстар атқарылуы керек.
– Еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласының үлкен мәселелерін қозғап, өз ойларыңыз бен ұсыныстарыңызды айтып бергеніңізге рақмет!
Дереккөз: Айқын-ақпарат