Отандық ғарыш саласына инвестиция ауадай қажет

/uploads/thumbnail/20170708201706823_small.jpg

Қазақстанның ғарыш қызметі – қазір ел аузында қоғамдық пікірдің төрінде.Айтарлықтай қол жеткізген нәтижелерімен бірге шешуін күткен мәселелер де жеткілікті.
Осыған орай «Аэроғарыш комитеті» басшысының орынбасары, ҰҒА академигі Мейірбек Молдабековті ғарыш ғылымы туралы әңгімеге тарттық.
 
 
– «Соңғы 10 жыл ішінде Қазақ­станда ғарыш саласындағы жоба­ларға 1 млрд долларға жуық қаржы жұм­сады» деген әңгіме бар, «Бәйте­рек», «Есіл», «KazSat-1» жобалары жа­бы­лып қалды деуге болады. Ай­тыңызшы, ел бюджетінен жұмсалып жатқан қыруар қаржының нәтижесін қашан көреміз?
– Жалпы, үлкен ғарыштық дер­жавалардың өзі ғарышты игеруге ондаған жылдар арнап, белгілі бір нәтижеге жету үшін миллиардтаған қаржы жұмсайды. Өйткені ғарыш саласы қомақты инвестицияларды талап ететін сала. Бірақ соңғы нәти­жеде пайда бірнеше есе болып қай­та­тыны рас. Жоғарыда айтқан жоба­лардың бәрі агенттік құрылғанға дейін болды. Біз қате тәжірибенің өзі тәжірибе екенін ескере бермей­міз. Сол себепті тиімділігі жоқ бол­ған­дықтан, «Есіл» жобасы бюджет ақ­­ша­сын босқа шашпау үшін уақы­тында тоқтатылды. Одан басқа «Бәйтерек» жобасы бойынша біз әлі де жұмыс істеп жатырмыз.
– Әлемдік тәжірибеде мұндай күрделі жобаларды жүзеге асыруға қанша уақыт кетеді?
– Осындай күрделі зымыран жүйесін жасау үшін ғарыштық дер­жавалардың өзі 20-30 жыл уақыт жұмсап, бізден он есе кейде жүз есе артық шығынданғанын ескеру ке­рек. Есесіне біз «Бәйтерек» жобасын дайындау барысында зор кадрлық әлеуетке ие болғанымызды айтуы­мыз қажет. Ал «KazSat-1» жобасына келсек, оған тапсырыс берген кезде олқылықтар болды. Бірақ ол Жер серігі сәтті ұшып, бастапқыда 3 млрд теңгеге жуық пайда әкеліп үлгер­генін ескеріңіз. Оның жұмысы тоқ­татылған күннің өзінде біз сақ­тан­дыру бойынша шығыс қаржысын толығымен қайтарып, «KazSat-3» жобасын іске асыруға жұмсадық. Нәтижесінде, бізде «KazSat-2» мен «KazSat-3» байланыс спутниктерінен тұратын толыққанды байланыс жүйе­сі жұмыс істеуде. Мұндай отан­дық жүйе екінің бірінде жоқ. Екінші­ден, бізде жерді қашықтықтан зонд­тау үшін пайдаланылатын жүйе іске қосылуда. Оның құрамында фран­цуз­дар дайындаған «KazЕОSat-1» және «KazЕОSat-2» спутниктері бар.  Қысқасын айтқанда, жоға­ры­да ай­тылған қаржы он есе елге пайда әкеле бастады. Ал шындығына кел­генде, ғарышқа қатысты әлем ры­ногын алсақ, онда спутниктерден, зымыран ұшырудан, ғарыштық ғы­лымда жасалған технологиялардан түсетін пайданың әлдеқайда мол екенін мойындау шарт. Сол себепті сөз жоқ, ғарыш ғылымына мол ин­вестиция керек! Бұл саладағы инно­вацияларды дамытудың негізгі серпінді күші индустриялық дамы­ған елдердің әлемдік тәжірибесі дә­лелдегендей, қолданбалы ғылыми зерттеулер болып табылады. Бұл мін­детті шешуде мамандар мен не­гізгі қозғаушы күш беруші ретінде Қазақстанның ғарыш ғылымы бол­ды және бола береді де. Өйткені ғарыш саласы ғылымды аса қажет етеді. Оның өнімдері – жоғары тех­но­ло­гиялық өнім. Ғарыш техникасы мен технологияларын әзірлеу эко­номика салаларының міндеттерін шешуге арналған.
– Десек те, ғылым саласында қан­­дай шаруалардың басы қайырыл­ды? Нәтиже бар ма?
– Біз кезінде астрофизика, Жердің ионосферасы және Жерді қа­шық­тықтан зондтау (ЖҚЗ) сала­сын­­дағы ғылыми зерттеулердің дәс­түрлі бағыттарын дамытушы үш ғылыми институтты: В.Г. Фесенков атындағы Астрофизика институтын, Ионос­фера институтын және Ға­рыш­тық зерттеулер институтын бірік­тіретін академик Ө.Сұлтан­ғазин атын­дағы Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орта­лығын құр­дық. Бұлар – біздің бұ­рын­ғы агент­тіктің, қазіргі минис­тр­лік құра­мындағы Аэроғарыш ко­ми­тетіндегі жұмыстардың тео­риялық-ғылыми іргетасы.
– Ал ғарыш саласын аяққа тұр­ғызу, жаңа бағыттарды ашу үшін ға­рыш техникасы мен техноло­гия­ла­рының отандық үлгілерін әзірлеуді қажет ететіні даусыз. Бұған біздің шамамыз келе ме?
– Бұл бағытты іске асыру үшін 2010 жылы Ұлттық ғарыштық зерт­теулер мен технологиялар орталы­ғының құрамында Ғарыштық техни­ка және технологиялар институты (ҒТТИ) құрылды. Осы кезең ішінде ҒТТИ келесі түпкілікті нәтижелерге алып келген ғарыштық техниканың отандық үлгілерін жасау бойынша ғылыми-зерттеушілік және тәжіри­белік-конструкторлық жұмыстарды жемісті атқарды. Атап айтқанда, жо­ғары дәлдікті спутниктік нави­гация жүйесіне (ЖДСНЖ) арналған диф­ференциалды станцияларды /ДС/ әзірлеу бойынша тәжірибелік-конс­трукторлық жұмыстар аяқталып, 50 данадан тұратын үлгілік партиясы әзірленді. Олардың бәрі Қазақстан аумағында орналастырылып, жоға­ры дәлдікті спутниктік навигация жүйесінің құрамында жұмыс істеуде. ЭВАК жүйесі үшін (автожолдарда авария және апаттар кезінде шұғыл шақыру жүйесі) борттық терми­налының тәжірибелік 10 үлгілік түрі мен диспетчерлік орталығы жасал­ды, олардың пилоттық нұсқасы Ин­в­естициялар және даму минис­трлігі Ахуалдық орталығында сынақтан өтуде. Сондай-ақ ЖШС «ПФ Взлет-Казахстан» жылу тораптары үшін жинақтау мен деректер берудің 1000 модемі жасалып, өндіріске енгізілді.
– «Ғарыш ғылымының нәтижесін ауыл шаруашылығына енгізу қажет» деген ұсыныстар жиі айтыла бастады. Сіздер бұған дайынсыздар ма?
– Бұл ретте нәтиже бар. Егістік­тегі зиянкестердің таралу аймағы бойынша деректер жинаудың ав­то­матты жүйесінің 5 комплекті тәжі­рибелік қолданыста жүр. Қазірдің өзінде тапсырыс берушілерге 2 дер­бес суперкомпьютер құрастырылып берілді. Жалпы, институт ғарыш аппараттарының 5 құраушысы мен ғарыш жүйелерінің өнімдері және қызметтеріне техникалық қол жет­кізу үшін ел экономикасының әр-түрлі салаларындағы тұтынушы­ла­рына қажетті 14 арнайы аппа­раттық бағдарламалық құралдардың (АБҚ) эксперименталдық және тәжіри­белік үлгілерін әзірледі.
– Ал ғарыш жүйесі үшін қандай жаңалықтарыңыз бар?
– Жаңалықтар баршылық. Қа­зір­дің өзінде ғарыш аппаратының орнын анықтау үшін жасалған GPS-модульдерін, радиобайланыс жүйе­сін қолданысқа енгіздік. Бұлардың бәрі – өзіміздің отандық өнімдеріміз.
– Экономикамыздың ауыл шаруа­шы­лығынан өзге салалары сіздердің жұмыстарыңыздың нәтижесін қашан көреді?
– Қашан көреді емес, көріп жатыр. Лазерлік қашықтықты өл­шегіш пен жергілікті дифферен­циалды түзету жүйесі, маркшей­дер­лік жұмыстарды автоматтандыру жүйесі, тау көліктері жұмыстарын басқарудың автоматтандырылған жүй­есі, дербес навигация және бай­ланыс жүйесі, жоғары дәлдікті спут­никтік навигация жүйесіне (ЖД­СНЖ) арналған дифферен­циалды станция жұмыс істеп жатыр. Бұл жаңалықтардың бәрі қазақ­стандық мамандардың қатысуымен жүзеге асырылды. Осылайша, Қа­зақстан ға­рыштық техниканың отан­дық үл­гілерін жасау мен оларды өндіріске енгізуі саласында айтар­лықтай алға ілгеріледі. Тәжірибелік-конструк­тор­лық жұмыстар тәжіри­белік үлгі­лер деңгейіне жеткізілді. Шынтуайт­қа келгенде, Қазақстаның ғарыш­тық әзірлемелері әлемдік ры­нокта нақты сұранысы бар бұйым­дардың тәжіри­белік өндірісін ұйым­дастыру үшін шағын және орта бизнеске беруге дайын. Айталық, заңдық тұрғыдан ЭВАК жүйесі үшін борттық терми­налдарына тек ішкі сұраныс 4 млн данаға жетеді, шартты түрде жазаға кесілгендердің қозғалы­сын айқын­дау үшін мониторинг жасайтын электрондық білезіктерге сұраныс 40 мың дана, ал диффе­ренциалды стансаларға сұраныс – 100 данадай. Осы жетістіктер тек Қазақстанның жоғары ғылыми әлеуеті мен байла­нысты ғана емес, сонымен қатар әлемдегі жағдай да біз үшін қазір қолайлы болып отыр. Атап айтқанда, соңғы кездегі Қазақстанда әзірге өндірісте жоқ ғарыштық техниканың элементтері мен тетіктерінің рыногы ашық әрі қолжетімді бола бастады. Мұның өзі шетелдегі өндірушілер­ден дайын өнім элементтері мен тетіктерін сатып алып, олардың негізінде жеке өзіндік матема­ти­ка­лық-бағдарла­малық қамтамасыз етуші жобалары­мызды әзірлеу ар­қылы ғарыштық техниканың отан­дық үлгілерін жасау бойынша ғылыми-зерттеушілік және тәжі­ри­белік-конструкторлық жұмыстарды атқаруға мүмкіндік беруде. Бұл ретте барлық сатып алы­натын ғарыштық техника элемент­тері мен тетіктерінің жалпы бағасы осы дайын бұйым­дардың өзіндік құнының жартысына да жетпейді. Өйткені дайын шетел­дік өнімдегі «soft» бағасы өте қымбат тұрады. Сондықтан ол өнімнің түп­кілікті баға­сына әсер етіп, шетелде жасал­ған өнімнің құны да соған сәйкес жоғары болады.
– Мамандар шетелдік бәсекелес өнімге қарағанда қазақстандық өнім­нің басты артықшылығы жайлы жиі айта бастады. Сіздіңше, біздің өнімдер қандай басымдықтарымен ерекше­лен­еді?
– Ең алдымен ақпараттық қауіп­сіздіктің болуы. Бұл елдің қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігі тұрғысынан өте маңызды мәселе. Екіншіден, жобалық және ғылыми жұмыстар­дың арзандығы. Осыдан келіп өнім бағасының құны төмен болуына әсер ететін өнімге деген бренділік жүктеменің болмауы. Төртіншіден, өнім бағасын құраушы артық шы­ғындардың аздығы. Қазақстан­дағы осындай ғарыштық әзірлемелері тұтынушылардың ғарыштық жүйе­лердің өнімдері мен қызметтеріне қолжетімді болуына, сөйтіп, қазір­дің өзінде олардың импорттық нұс­қасын алмастыруға мүмкіндік бере алады.
– Сіз БАҚ өкілдеріне берген сұх­батыңызда «қазақстандық ғарыш ғы­лымының дамуына, инвестиция салу ісінде проблемалар жетеді» деген едіңіз. Ол қандай проблема? 
– Ұлттық экономикамыздың салаларына айтылған әзірлемелерді енгізуде айтарлықтай қиындықтарға кезігіп отырмыз. Өкінішке қарай, барлық салаларда дерлік не көнерген ескі, не болмаса еліміздің иннова­ция­лық дамуына түк пайда бер­мейтін шетелдік технологияларды пайдалануға әуеспіз. Бұл ретте отандық технологияларды пайда­лану­дың келесі пайдасы бар екенін ескерген жөн: Өнімдердің отандық үлгілерін жұмсауға арналған ақша Қазақстанда қалады әрі отандық компанияларға инвестиция болып табылады. Бұл ғарыш өнімдері мен қызметтерін пайдаланушылардың аппараттық-бағдарламалық құрал­дарын ұдайы технологиялық жағы­нан озықтандыруға және жаңғыртуға мүмкіндік береді. Біз үшін елдің ин­дустриялық-инновациялық даму­ында отандық ғылыми-техникалық әзір­лемелерінің нәтижелерін ен­гізудің тетіктерін жасау басты мәсе­леге айналмайынша, сондай-ақ ми­нистрліктер мен ведомстволар та­ра­­пынан отандық әзірлемелерді тиімді әрі кеңінен қолдану тұр­ғы­сынан қолдау болмайынша, мемле­кет экономикасының инновациялық дамуы туралы әңгіме қозғау әлі ерте. Қазір ғарыш аппараттары әлемдік нарықтағы ашық сатылымда қолже­тімді. Демек, қажетті бағдарламалық математикалық қамтамасыз ету әзір­лемесін дайындау өзіміздің маман­­дарымыз бен ғалымдарымыздың қолынан келеді.
– Бірқатар сарапшылар «қазақ­стан­дық ғалымдардың зияткерлік мүмкіндіктері шетелдік әріптестерінен қалып қояды. Ғылыми-техникалық әзірлемелерді әлемдік деңгейге шы­ғаруға қабілетті емес» дейді. Сіз не дейсіз?
– Негізінде, бұл – жаңсақ пікір, өйткені әлемдік көшбасшылардың қатарына енетін Қазақстан ғылы­мының айқын бағыттары осы тезисті жоққа шығарады. Мәселен, біздің математик-ғалымдарымызды бүкіл дүниежүзінде таниды. Біздің оқу­шыларымыз – халықаралық мате­матикалық олимпиадалардың тұрақ­ты жүлдегерлері. Қазақстандық ма­тематиктердің жеткен жетістік­терінің себебін қарапайым тілде былайша түсіндіруге болады – тиімді жұмыс жасау үшін оларға еңбек құралдары ретінде қалам, қағаз бен компьютер болса жеткілікті. Мате­матик-ғалымдардың пайдалана­тындары осы еңбек құралдары ғана.Ғылыми-техникалық әзірлемелер саласындағы ғалымдардың жағдайы мүлдем басқа, өйткені тиімді жұмыс жасау үшін оларға еңбек құралдары ретінде тек қалам, қағаз бен ком­пьютердің болуы жеткіліксіз. Ғылы­ми-техникалық әзірлемелер сала­сын­дағы ғалымдар осы еңбек құ­рал­дарының көмегімен қажетті өнімнің тек сызбасын қағазға ғана түсіріп, оның техникалық параме­трлерін есептей алады. Өлшеу ас­паптарымен, құрал-саймандарымен, жабдықтарымен, сондай-ақ осыған қажетті материалдармен жабдықтал­ған эксперименттік зертханалар бол­май, олар тіпті бұйымның экс­перименттік үлгісін де жасай ал­майды.
Бүгінгі күнде ғарыш ғылымы­ның материалдық-техникалық база­сы халықаралық деңгейге жете алмай отыр. Олар үнемі жаңартылып оты­рылуы тиіс, ең алдымен, тәжіри­бе­лік-эксперименттік жабдық жаңар­­туды қажет етеді. Мұндай ба­заның болмауы қазақстандық ға­лым­дар­дың жаңа ғылыми-техни­калық әзір­лемелерін әлемдік дең­гейге шыға­руға кедергі келтіріп отыр. Қазақстан ғылымының ғы­лыми-техникалық әзірлемелер сала­сындағы әлемдік көшбас­шылардың қатарына енбеуі­нің басты себебі де осында жатыр. Зертханалық және тәжірибелік-экс­перименттік базаны заманауи құ­рал-жабдықтармен жаб­дықтау, сондай-ақ әлемдік ғылымда жаңа тех­ни­калық және техноло­гия­лық әзірле­мелерге қол жеткізу мә­селе­сінде де негізгі фактор болып та­былады. Әлемдік тәжірибеде дә­лел­денгендей, неғұрлым эконо­ми­калық жаңа тех­нологияларды айыр­бас жолымен алу тиімді болып отыр, әрі бұл айырбас, әдетте ғылыми зерттеулер сатысында да анағұрлым жеңіл. Бұл ғылыми зерттеулер – жаңа техника мен технологияны әзірлеудің, әлі жабық сипатқа жат­пайтын жұмыстың ал­ғашқы сатысы болумен байланысты. Келесі сатыда ғылыми нәтиже коммерциялан­дыруға қабілетті жаңа техника мен технологияның кескін-келбетіне ие бола бастағанда, автор­лар өзінің нәтижелерімен өтеусіз бөліспейді және жұмыс енді жабық сипатта болады. Зертханалық және тәжіри­белік-эксперименттік базаны зама­науи құрал-жабдықтармен жаб­дықтау шетелдік әріптестері­міздің қызығушылығын туғызатын болады, ол ғылыми байланыстарды кеңейту мен тереңдету үшін жағдайлар туғы­зар еді, ғылыми зерттеулер саты­сын­да шетелдік әріптестермен ынты­мақ­тастықты дамытуға және әрі қарай жаңа технологиялармен айыр­бас жасау үшін жол ашар еді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан 
Гүлбаршын САБАЕВА
 

Қатысты Мақалалар