БІЛІМ – БОЛАШАҚҚА БАҒЫТ ТАЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯ

/uploads/thumbnail/20170708201707855_small.jpg

Елбасы белгілеген стратегиялық бағдарламалардың тірегі саналатын білім саласындағы байыпты тірлік жайлы облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевпен сұхбатымызда да кеңінен айтылады.
Жаңа оқу жылы қарсаңында Қызылорда облысында бір күнде 8 мектеп, 1 балабақша ашылды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов жаңа білім ошақтарының ашылуына қатысып, ел қуанышын бөлісті. Облыс педагогтарының Тамыз мәслихатында маңызды саладағы мақсат, міндеттер белгіленді. 
 
– Қырымбек Елеуұлы, жақында ғана ай­мақта бір күнде 10-ға жуық әлеуметтік ны­сан ашылды. Жаңа оқу жылы қар­саңын­дағы бұл серпін жылдар бойы атқарылған жүйе­лі жұмыстың нәтижесі деп білеміз. Осы ба­ғытта тағы қандай бастамалар бар?
– Бұл күнде сапалы білімнің мемлекет пен қоғам үшін басты құндылық, ең қым­бат қазына екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Білім саласының дамуы – бүгінде өр­­кениеттің өлшемі, қоғам дамуының бас­ты көрсеткіші. Біздің жағдайда білімнің биік беделі – тәуелсіз мемлекет ретінде дам­­­уымыздың басты алғышарты. Сон­дық­тан да білімді дамыту Мемлекет бас­шысы Нұр­сұлтан Назарбаев белгілеген барлық ст­ратегиялық бағдарламалардың тірегі бо­лып келеді. Елбасы ұсынған 5 реформа ая­­сында іске асатын Ұлт жоспары да бо­ла­шақ Қазақстанның келбетін анықтайтын білім саласына қатысты бірқатар маңызды қадамдарды қамтиды. 
Сондықтан да білім саласының дамуы, ұс­таздарды қолдау, оқушылар мен түлек­тер­ге барынша жағдай жасау – біз үшін қа­шанда ең басты міндеттердің қатарында. Біз білімге басқа бірде-бір саламен са­лыс­тыруға келмейтін қолдау көрсетіп келеміз. Биылғы жылы білім беру саласына облыс бюджетінің 35 пайызы, нақты айтсақ, 66 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді. Үш жыл ішінде білім беру саласының бюджеті 24 миллиард теңгеге артты. Қызылорда об­лысы бюджеті шығындардың 60 пайыз­дан астамы әлеуметтік салаға бағытталады. Әлеу­меттік шығындардың үлесі бойынша Қы­зылорда облысы республика бойынша бірін­ші орында тұр. Бұл – біздің болашаққа ба­ғышталған ең маңызды инвестициямыз.

Біз үш ауысымда білім беретін мек­теп­тердің мәселесін түпкілікті шештік. Енді үш ауысымда оқитын мектеп Қызылорда об­лысында жоқ деп сеніммен айтуға бо­ла­ды. Екі жылдың ішінде апатты жағ­дайдағы 34 мектептің 22-сі қайта салынды, қалған 12 мек­тептің құрылысын бюджеттің ың­ғайы­на қарай, 2016-2017 жылдары салу жос­парланған. Жалпы, 2015 жылдың аяғы­на дейін облыс аумағында мемлекет есе­бі­нен 19 жаңа мектеп пен 3 балабақшаның құрылысы аяқталады. 
Біз әрдайым жаңа оқу жылына айрық-ша дайындықпен келуге тырысамыз. Биыл­ғы 1-қыркүйекте 14 жаңа мектеп пен 2 ба­ла­бақ­ша іске қосылады. 
Атап айтсақ, Арал ауданы Тоқабай елді ме­кеніндегі 140 орындық жаңа мектеп, Қо­саман елді мекеніндегі 100 орындық мек­теп, Жаңақұрылыс елді мекеніндегі 200 орын­дық, Қазалы ауданы Аранды ауылын­дағы 100 орындық, Сарыбұлақ ауылындағы 100 орындық, Қармақшы ауданы Ақай елді мекеніндегі 280 орындық балабақша мен 600 орындық мектеп, Сырдария ауданы Ша­ған ауылындағы 900 орындық, Шиелі ауданы Бала би ауылындағы 900 орындық мектеп және Қызылорда қаласындағы тағы бір жаңа 900 орындық мектеп қыркүйектің бірінде оқушылар мен ұстаздарға есіктерін аша­ды.
Қазіргідей күрделі экономикалық жағ­дайға қарамастан, ауыл-қалаларымызда жаңа балабақша мен мектептердің көптеп ашылуын – мемлекеттің білім мен бала тәр­биесіне деген ерекше көзқарасының, шын қамқорлығының айғағы деп білу керек. 
Мемлекет пен жеке кәсіпкерлердің кү­шін біріктіріп, ынтымақтаса жұмыс іс­теу­дің арқасында өткен жылы жалпы саны 103 жаңа балабақша, соның ішінде 77 жеке балабақша ашылды. Биылғы жылдың ая­ғына дейін тағы 61 балабақша ашу жос­пар­лануда. Соның арқасында жаңа оқу жы­лы­нан бастап, «Балапан» бағдарламасы бойын­ша 3-6 жастағы балаларымыз бала­бақшамен 100 пайыз қамтылып, Елба­сы­ның 2020 жылға дейін орындалуы тиіс бұл тап­сырмасы Сыр елінде мерзімінен ерте орын­далмақшы. Енді біздің алдымызда бір жә­не үш жас арасындағы бүлдіршіндерді ба­лабақшамен қамтуды көтеру міндеті тұр.
Жаңа оқу жылы демекші, биыл қы­зы­лордалық мектептердің саны 292-ден 300-ге дейін артып, ондағы оқитын бала саны былтырғы 128 мыңнан 134 мыңға дейін кө­беймек. Оның ішінде Байқоңыр қала­сын­­д­ағы осыған дейін Ресей Федера­ция­сы­ның қарамағында жұмыс істеп келген 6 қазақ мектебі де бар. Олардың қазақ­стан­дық оқу бағдарламасынан қол үзіп қал­ғ­а­нын ескеріп, облыстың ұстаздар қауымын бай­­қоңырлық әріптестерге жан-жақты қол­дау жасауға шақырдық. Мұғалімде­ріміз­дің біліктілігін жетілдіру жұмыстарына ғарышты қаладағы білім саласы өкілдерін кеңірек тартуға тырысамыз. 
– Аймақтың білім саласын сөз еткенде, осы­ған дейін ҰБТ-дан көш соңында қалып кел­гені ойға оралады. Биыл аймақ оқушы­лары сынақтан сүрінбей өткен сияқты. Көр­сет­кішке көңіліңіз толды ма? 
– Білім беру жүйесінің инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық базасын ны­ғайту және ұстаздардың білігін көтеру, олар­ды ынталандырумен бірге тәртіпті кү­шейтуге бағытталған кейбір қатал шара­лар­ға да баруға тура келгендігін білесіздер. Ал­дыңғы жылы бір мезетте 27 мектеп ди­ректорының орнынан босағаны есте болар. Мұны тым қаталдық деп қабылдағандар да бол­ған шығар. Бірақ мектепті бітіріп, бо­ла­шақ мамандығын таңдайтын әр баланың тағдырына деген жауапкершілік үшін осындай қадамға баруға тура келді. 
Қабылданған кешенді шаралар алғаш­қы нәтижесін көрсетті. Жұмсалған күш зая кетпеді, салған қаражат ауыз толтырып ай­тарлық интеллектуалдық өсім бере бас­тады. Осы орайда, бөлінген қаржыны тиім­ді игеріп, іске жарата білген сала маман­да­рының, әсіресе, ұстаздар қауымының абыройлы еңбегін атамасқа болмайды.  
Аймақтың ұлттық бірыңғай тест қоры­тындысы бойынша 13-орыннан 5-орынға шығуы – ең әуелі біздің мұғалімдеріміздің ең­бегі екендігін бүгін тағы бір ерекше ата­ғым келеді. Бұл нәтиже – ешқандай күмән туғызбайтын, ұстаздар мен оқушыла­ры­мыз­дың адал еңбегінің жемісі. Барлық ау­дан­дардағы орташа балдың біркелкі жо­ғары шығып, орташа республикалық көр­сеткіштен жақсы болуы соған дәлел. Бұл жетістік балалардың алдын ашып, қы­зы­лордалық түлектерге ең үздік жоғары оқу орындарға жол салды. 2015 жылы ұлттық бі­рыңғай тестке қатысқан түлектердің жар­тысы түрлі мемлекеттік гранттар есебінен Қа­зақстан мен Ресейдің маңдайалды жо­ғары және кәсіптік оқу орындарына қа­был­данды. Бізді марқайтатын әрі ертеңге деген се­німімізді күшейтетін бұдан артық көр­сет­кіш жоқ. 
– Аймақта инновациялық мектептер же­лісінің құрылып жатқанын білеміз. Бұл білім саласын жаңа әдістемеге көшірудің алғашқы қадамдары болып санала ма? 
– Бұл – жаңашыл бастама. Облыс­тар­дың арасында алғашқы болып Назарбаев зият­керлік мектептері дербес білім беру ұйымымен арнайы меморандумға қол қою, аймақтық инновациялық мектептер же­лісін құру жобасы бізде басталып отыр. Аталған жоба аясында облысымыздың 22 мектебі Назарбаев зияткерлік мек­теп­те­рі­нің үлгісі бойынша жарақтанады, мұға­лім­де­рі толықтай қайта оқытылады. Бұл ма­ман­дар саланы жаңа оқу әдістемесіне кө­­­шіруге күш салуы тиіс. 
Осы бағытта Назарбаев зияткерлік мек­тептері мен «Өрлеу» біліктілікті жетілдіру орталықтары арқылы 4 мыңнан аса ұстаз деңгейлі курстардан өтіп, білімін көтерді. Бұл жұмыс алдағы уақытта жалғасын та­бады.  
«Білім – инемен құдық қазғандай» дей­ді ғой, саладағы оң нәтижелерге қол жет­кі­зе алған ұстаздарға деген біздің ри­за­шы­лығымыз ерекше зор. 
Дегенмен, Елбасымыз айтқандай, та­бысқа қол жеткізу оңай емес, ал оны уыс­тан жіберіп алмау – одан да қиын. Мәселе – рейтингтегі орында емес, ең бастысы, біздің балаларымыздың білім алуы үшін жан-жақты жағдай жасалса, өңір үшін толайым табыстың кілті сол болмақ. 
Елдің болашағы осы саламен тікелей бай­ланысты болғандықтан, ол әрдайым қырағы қадағалауды, айрықша мән беруді талап етеді. Жылдам өзгеретін, ұзақмерзімді болжам жасау мүмкін емес, қазіргі уақытта білім беруге де жаңа әдістер, тың тәсілдер қажет. 
Адам баласының жер бетіндегі тарихы 50 мың жыл деп есептелінсе, осы аралықта 1600 ұрпақ алмасқан екен. Соның ішіндегі соңғы 150 ұрпақ қана жазу және оқумен таныс, 8-і ғана уақыт өлшеуді біледі, тек 4 ұрпақ электр қуатын пайдаланып келеді. Байқасаңыздар, әрбір жаңа ұрпақ адам өмі­рін түбегейлі түрде өзгертетін жаңа­лық­тарға бейімделуге мәжбүр. Біз үшін ондай жаңалықтар ғаламдану, жеке компьютер және интернет болып отыр. Әрбір жаңа буын­ның игеретін білімі, санасына тоқуы тиіс ақпараты геометриялық прогрессия жылдамдығымен өсіп келеді. Сондықтан да ұстаздар қауымы баланы өздеріне бей­таныс болашақ үшін дайындайтынын бір сәт естен шығармауы тиіс. Кезінде Ро­бинд­ранат Тагор деген үнді ғұламасы «Ұс­таз шә­кіртті өзінің білімі мен қабілетінің құр­ба­ны етпеуі тиіс» деген екен. Яғни, алды­мыз­да жүрген балалардың білімі мен дағ­ды­л­ары біздің білгенімізден әлдеқайда ар­тық болуы тиіс. Ол үшін ұстаздар қауымы мен білім беру жүйесіне қойылатын талап арта береді. 
Мектеп пен ұстаз білімнің жалғыз қай­нар көзі, тәрбие-тәлімнің дара орталығы болудан қалды. Бала өзін мазалаған сұрақ­тарына жауап табу үшін әуелі мұғаліміне емес, қолындағы техникаға мен ғаламторға жүгінеді. Ақпараттың таралу жылдамдығы­ның өсуі білімнің жаңару жылдамдығын да арт­тырды. Оқу орнында алған біліммен өмір бойы жұмыс істеуге болатын маман­дық қалмады. Өмір бойы оқу, үздіксіз оқу, білік­тілікті ұдайы жетілдіру ұғымдары адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.
Мұның барлығы мектептегі жұмыстың не­гіздерін қайта қарауға шақырады. Енді бі­лім беру үрдісінің негізгі субъектісі оқу­шының өзі мен оның күн сайын артып келе жатқан сұраныстары, қызығушылығы мен шексіз мүмкіндіктері. Ескіше жүрсек, мек­теп бала үшін тартымсыз болмақ. Білім бе­ру ортасымен бірге оқытушы мен оқушы ара­сындағы қарым-қатынас ережелері де өз­геруі қажет. «Мен көрсетемін – сен үй­рен» деген көне қисыннан «бірге үйре­не­йік» деген жаңа қағидаға негізделген әріп­тес­тік принцип орнауы керек деп ой­­­лай­­мын. 
Оқушылар басқа адамдармен тиімді қа­­рым-қатынас орнатуға, алдына дұрыс мақ­сат қоя білуге, уақытын дұрыс жос­пар­лауға және жеке қабілеттерін орнымен әрі тиімді пайдалануға үйренуі қажет. Ақпарат тасқынында керегін іздеп табуға үйрету ар­қылы біз балаларға жеке білім алу траек­торияларын қалыптастырып, өмір бойы білім алу дағдысын сыйлай аламыз. Сонда ғана оқушы болашақта табысты маман бо­лып қалыптасады. 
– Кезінде еліміздің білім саласын бас­қардыңыз. Саладағы реформаның табысты жүруі үшін біз қай мәселені елеп-ескергеніміз жөн? Ұстанар бағытымыз қандай болуы тиіс? 
– Аймақ басшысы ғана емес, азамат ре­тінде де ойымды айтайын. Мысалы, қа­зір біз балабақшалардағы орын санын көбейтуге қатты ден қойып, ондағы тәрбие жұмысының сапасына тиісті көңіл бөлмей келеміз. Ондағы мамандардың білімі мен білігі, жаңа әдістеме мен технологияларды қолданылуы тасада қалып келеді. Мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі педагог маман өзінің күтуші емес, тәрбиеші екен­дігін ұмытпауы тиіс. 
Бұл міндеттің өзектілігі, әсіресе, қазір ерекше артып тұр. Өздеріңіз білетіндей, 12 жылдық білім беру жүйесінің жаңа құры­лымы «1+11» формуласы бойынша бекіді. Яғни, 12 жылдық оқыту жүйесінің алғашқы жылы мектепке дейінгі білім беру жүйесін, қалған 11 жылы мектепті қамтиды. Бұл рет­те мектепке дейінгі және бастауыш  мек­теп кезеңдерінің мазмұн тұрғысынан өза­ра сабақтастығын қамтамасыз ету үшін көп жұмыс істелуі қажет. 
Орта білім жүйесіндегі үздік көрсеткіш пен жалпы көрсеткіш арасындағы айыр­ма­ны барынша азайту да қазіргі басты мақ­саттың бірі. Ұстаздармен кездесуінің бірін­де Елбасы үздік оқитын оқушы мен білімі нашар бала арасындағы айырмашылық қысқарғанда ғана білім жүйесінің жақ­са­ратынын айтқан болатын. Осы мәселенің ше­шілуі сала дамуындағы түйткілді мін­дет­тер­дің бірі болмақ. 
Біздің алдымыздағы маңызды міндет­тердің тағы бірі – кәсіби білім берудегі жағ­дайды қайта қарап, кадрлық, мате­риал­дық ресурстар және білім берудің шарттары мен әдістемесін оңтайландыру, оқу орнын­дағы басқару тәсілдерін уақыт талабына икемдеу. 
Ерекше назар талап ететін тағы бір ма­ңыз­ды бағыт – білім беру жүйесі аясындағы тәрбие жұмысы. Соның ішінде оқушылар­дың адамгершілігі мен моральдық келбетін қалыптастыру мәселесі. Қазіргі уақыттың талабына сай, білім беру жүйесі техноло­гия­лық бағытқа ерекше ден қойғанымен, адам­гершілік және ұлт руханиятынан қол үзген технократизм бізге кері әсер етуі мүм­кін. Қаймағы бұзылмаған ұлттың рухани қазынаға мұрагер болған біз секілді аймақ­қа бұл мәселені де естен шығаруға болмай­ды. 
Бізді ұлт ретінде сақтаған, ақпарат тас­қыны мен ғаламдану күшіне төтеп бере алатын осындай темірқазық ұстанымдарды бала санасына сіңіру қажеттігін ұмытпаған жөн.  
Сонымен бірге адамзатқа жат қатыгез­дік, масылдық пен менмендік, еріншек мі­незден бойды тасалап, мейірімділік, ел­гезектік, қарапайымдылық сияқты кімге бол­са да жарасатын қасиеттерді бала бойы­на дарыту маңызды. Ұстаздар қауымы өз­де­рінің бұған да жауапты екендерін білуі тиіс. 
Қазір маған «Сыр өңірінің мектептері шын мәнінде, заман талабына сай білім ор­дасына айналуы үшін не істелуі қажет?» деген сауал жиі қойылады. Оның шешімін былайша тарқатар едім: біріншіден, мек­тепте сапасы жоғары және қазіргі уақытта қолданбалы білім берілуі тиіс. Ең үздік және артта қалған оқушылар арасындағы айырмашылықты мейлінше қысқарту керек. Екіншіден, мектептің мақсаты бала­ны тек оқыту ғана емес, қазіргі заманда өз ор­нын тауып, бәсекелестікте өмір сүре ала­тын тұлға тәрбиелеу болуы шарт. Үшін­ші, мектептегі мұғалімнің білігін ұдайы кө­теру және олардың шығарма­шы­лық жұ­мы­сына жағдай жасау басты назарда болуы тиіс. 
Ең бастысы – мектептер еліміз бен дү­ниеде болып жатқан әлеуметтік жаңа­лық­тарға ашық болуы қажет. 
Аталған міндеттердің барлығы Прези­дентіміз Н.Назарбаевтың бастамасымен жасақталып, іске асырылып жатқан келелі жоспарлардан туындайды. Тәуелсіздіктің таңы атқан кезден-ақ Елбасы дамуымыздың діңгегі білім мен ғылым екендігін басып ай­тып, «келешекке – кемел біліммен» де­ген баршаға ортақ формуласын ұсынды. Соның аясында қазақстандық білім беру бұрын соңды көрмеген қарқынды ілгерілеу кезеңіне аяқ басты. Елімізде жүздеген мектеп пен балабақша бой көтерді. Жоғары оқу орындарын қолдау, ұстаздардың ғы­лыми ізденісіне қажетті гранттар бөлу, «Бо­лашақ» бағдарламасы, Назарбаев уни­верситеті мен Назарбаев зияткерлік мек­тептері, мектепке дейінгі білім беруді 100 пайызға жеткізу, 12 жылдық орта білімге көшу, мектептердегі 3 ауысымда оқуды жою, апатты мектептер мәселесін түбегейлі шешу туралы шешімдер, білімдегі инно­вацияларға көрсетілетін жан-жақты қолдау – осының барлығы бізбен көршілес елдер­де іске аса қоймаған, көп мемлекет әлі ар­мандай да алмайтын биік белестер.
Мемлекет басшысы ендігі жерде бар күшіміз бен жігерімізді жұмылдырып озық дамыған 30 елдің қатарына кірудің қамына кірісуді тапсырғанын білесіздер. Соның ішінде осы елдердің білім беру жүйелеріне тән жоғары сапа мен биік деңгейге қол жет­кізу міндеті қойылды.  
Бұл істегі біздің негізгі капиталымыз – талапты, тәрбиелі, отансүйгіш рухы биік жас ұрпақ. Сондықтан білім сапасын кө­те­ру – мәртебесі биік, маңызы зор, жалпыұлт­тық мүдде.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан 
Гүлзина БЕКТАС
 "Қамшы" сілтейді
Дереккөз: Айқын-ақпарат

Қатысты Мақалалар