Адай СЕКЕНҰЛЫ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, география ғылымдарының докторы:
– Адай Секенұлы, сіз туризм саласын зерттеп жүрген ғалымның бірісіз, еліміздегі осы сала қаншалықты дамыды?
– Туризм – ресурстарды пайдалану жолдары ысырапсыз, жұмыспен қамту орайы өте жоғары, әмбебап, өнімділігі жақсы стратегиялық кәсіп. Туризмді тұрақты дамытуға, ішкі сұранысты арттыруға, экономикалық құрылымды реттеуге мүмкіндік бар. Сонда да туризмді дамытудың өзекті мәселелері баршылық. Оны ретке келтіруді ойластырып, тыңғылықты жұмыстар істесек, туризмге даңғыл жол ашылары сөзсіз.
Туризмді ретке келтірудегі басты талап – мемлекет тарапынан жолға қоюды бір тұтас ойластыру мен өзара сәйкестіру, даму жобасына, құрылымына, орындалу сапасына өзгерістер енгізу.
Туризмді дамытудың түрлі жолы бар. Оны іске асыру үшін алдымен жоспарлап алған абзал. Әсіресе, қазіргі нарықтық ресурстардың негізгі заңдылықтарын толық пайдаланып, даму қарқынын, құрылымын, сапасын және өнімділігін өзара ұштастырудан бастаған дұрыс. Сондай-ақ ішкі туризмді негізге ала отырып, шекараға қатысты туристік мәселелерге де ерекше көңіл бөлген жөн. Шекарадан шетелдік туристердің еркін кіруіне, олардың ел аумағында саяхаттауын ретке келтіріп, әр аумақтағы туризмге қатысты ерекшеліктер мен мүмкіндіктерге қарай дамытқанда ғана жұмыс өз жемісін берері анық.
– Бізде туризм белгілі бір мақсат пен бағдарламаға сай жұмыс істей ме?
– Қазақстандағы қазіргі кезге дейін қабылданған туризм бағдарламалары мен нормативтік құжаттардың орындалу механизмі нақты емес. Ол үшін 2017 жылға дейін туризм саласының табыс көзі жалпы ішкі өндірістің (GDP) көрсеткішін 5 пайызға жеткізіп, қызмет өтеу саласы бойынша ұстайтын үлесін 15 пайызға жеткізу, әр жыл бойы туризм саласында тікелей қызмет ететін адамдардың санын ең кем дегенде 30 мың адамға жеткізу керек. Ал 2020 жылға жеткенде Орта Азиядағы және жалпы ТМД елдеріндегі туризм кәсібі біршама дамыған елдер қатарына кіруге ұмтылыс жасау біз үшін ілгерілегендік болар еді.
– Туристік қызмет көрсету саласын жақсартуға қандай мүмкіндік бар?
– Өңірлік туризмді тұрақты дамытуға бағыттап, салааралық сәйкестіктер негізінде аудандардың табиғи және қоғамдық ресурстарын ұтымды пайдаланып, өзіндік ерекшелігі бар кәсіпті қалыптастырудан ұтарымыз көп. «Жібек жолы» туризмін қарқынды дамыту барысында көрші елдерді Жібек жолымен жалғастыра отырып, бірлескен турлар өткізуді де ескерген абзал. Осыдан барып, оны дамытудағы кепілдік шараларын жасағанымыз өз нәтижесін береді. Туристік нормативтік заң актілерін реттеуде жобалардың іске асу тетігі де күшейер еді.
Туризмді дамыту жобасын жетілдірсек, оның оңтайлы жолдарын қарастыруды ойдан шағармаған жөн. Сондай-ақ қазақстандық туризм күнін белгілеу де оң іс болары сөзсіз. Қазақстанда туризм менеджменті мен маркетингіне жаңа көзқарасты қалыптастыра отырып, жұмыс жасағанымыз дұрыс. Құзырлы органдармен бірлесіп заң аясында қызметті ретке келтірсек, туристік бизнеске қажетті бақылауды күшейтуге болады.
– Ал еліміздегі туристік мекеме қызметін жетілдіру жолдары толықтай шешімін тапты деп ойлайсыз ба?
– Шешілген жоқ. Себебі, осы мекеме қызметін жетілдіретін, басқаратын, реттейтін стандарттық жүйе және нормативтік актілер нақты емес. Туристік фирмалар тарапынан туристердің мүддесіне зиян келтіретін әрекеттер көп. Қазақстан Үкіметінің қарамағындағы ең кемінде туризмді басқаратын заңды құқы бар, туристік агенттік болуы керек. Өйткені туризм – әмбебап сала. Мемлекеттік туризмді басқару басымдыққа ие болғанда ғана жақсы жетістікке жетуге болады.
Мамандар даярлайтын білім жүйесі де жетілмеген. Ғылыми тұрғыда зерттеулер орталығы жоқ. Сондықтан маман даярлайтын оқу орындарының біліктілігін арттырғанымыз дұрыс.
Елімізде туризмді ғылыми тұрғыда реттеу мақсатында Еуразия университеті жанында Туризм зерттеу институты құрылған. Ол астаналық жоғары оқу орындарында маман кадрлардың ғылыми негізінде жұмыстар жүргізудеміз және олардың білімдерін жетілдіру мақсатында жұмыс істейміз. Сонымен бірге шетелден келетін қонақтарды елімізбен таныстыратын гидтерді оқыту, тәрбиелеу, туристік фирмаларға мамандар дайындау, құжаттар лицензиялауды және сертификаттауды жолға қою мәселелерімен айналысады. Бірақ бұл туризм үшін жеткіліксіз. Мысалы, Қытайда туризм кәсібін оқытатын және зерттейтін 1770-тен астам құрылым бар. Оның ішінде туризм институттары – 1150, 217 факультеті бар. Осы сандарға қарағанда туризм мамандығына деген қажеттілік арта түсті.
Қытайдың көп оқу орындары туризм кәсібін дербес пән ретінде оқытып, зерттеу жұмыстарын да қолға алуда. Оқу орындары өздері тұрған жердегі туризмнің дамуына тікелей қатысы барын білумен қатар, оны дамытып отырады. Ал пәндік сабақтарының негізі туризмді басқару, жобалау, қонақүйді басқару, ас-су мәдениеті, спорт және серуендеу, клубтарды басқару, жәрмеңке экономикасы, шет тілдері, дипломаттық байланыс, ауыл-қалаларды жобалау, базар басқару, информатика, тамақ өндірісі, адамдармен жұмыс жасау және басқару, көркемөнер саласы, киім-кешек жобалау сияқты 10-нан астам бағытты қамтиды.
– Туризмді дамытуда белгілі бір жобаның шарттары бар шығар?
– Әрине, онсыз болмайды. Бірінші кезекте туризмнің қауіпсіздік жүйесін күшейту керек. Алдымен ас-су қауіпсіздігі. Оның өлшемдерін қатаң орындауды бақылауға алу – басты мақсат.
Үкіметтің туризмге бөлген қаражат үлесін арттыру, оны арнаулы түрде инфрақұрылымға, үгіт-насихатқа, маман тәрбиелеуге, әлеуметтік қызмет өтеу бағыттары бойынша пайдалану да маңызды. Қаржылық қолдау көрсететін банктерді жұмыспен қамтамасыз ету және өңірлік туризм үшін даму мүмкіншілігі бар нысандарға белгілі жеңілдікпен несие берілуін де ұмытпау керек. Жергілікті қонақүй, туристік базалар, туристік фирмаларға қатысты су, электр қуатын тұтынуда оларды заңды тұлғалармен тең құқыққа ие болуын реттестіру керек. Жергілікті әкімшілік тарапынан жеңілдік жасалуы туризмнің қарқынды дамуына ықпалын тигізері анық.
– Туристік бизнесті дамытуда шетелдіктердің жетістігі жөнінде не айтасыз?
– Бізде ең алдымен ішкі туризмді дамытуды қолға алып, жалпы халықтық қол жетімді туризмді жолға қою қажет. Қызмет көрсету саласын жақсарту арқылы көп жетістікке жетуге болады. Туризмді стратегиялық индустрия ретінде дамытып, елді мекендерді тұрақты өркендетуге назар аударған тиімді. Бұл жағдайда жұрт жұмыспен де молынан қамтылады. Осы бағытта Қытай, т.б. елдердің озық тәжірибелерін игеріп, оны сәтті пайдалануымыз керек.